«Балаға шындықты айтарда нартәуекелге бармаңыз, дайындалыңыз!»

400

«Оңтүстік Рабат» газетінің 2019 жылы жарық көрген №52 санындағы (25.12.2019ж) «Тағдыр» айдарында «Балаға туған әке-шешесінің кім екенін қалай айтамын?» атты мақала жарық көрді. Газетіміздің тұрақты оқырманы өз хикаясын баяндап, психолог кеңесіне мәжбүр екенін айтқан еді. Ол төртінші перзентін қазақ халқының әдет-ғұрып және салт-дәстүріне сай бір перзентке зар болып жүрген қайынағасы мен абысынының бауырына салып беріпті. Көз алдында өсіп келе жатқан балаға туған әке-шешесінің кім екенін, яғни шындықты айтудың қаншалықты дұрыс не бұрысын білгісі келеді. «Кімнің алдында болмасын, қандай жағдайда болмасын, шындықты айту дұрыс па? Шындықты айту қашан да кез келген істің дұрыс шешімі ме?» деп сауал тастаған оқырманымыздың сан сауалына «Психолог бұрышы» айдарының тұрақты кеңесшісі, тәжірибелі психолог, «ReFrame» тұлғалық дамыту орталығының маманы Момбаева Қаракөз Қадырбекқызы жауап берді. Психологтың жауабын қаз-қалпында жарияладық.

«Оқырманның осындай күрделі мәселеде жауап іздеп, психолог кеңесін сұрағанын құп көрдім. Түбірлі мәселені шешерде, түп атадан келе жатқан жолды ұстанып, тәжірибемде оң шешімін тапқан жайттарға және этнопсихологияға («халықтық психология» ұғымының синонимі деуге болады) жүгіндім:
Қазағымның қайсы бір салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын алсақ та астарында мән-мағынасы терең ой бар екені анық. Халқымыз әдет-ғұрып, дәстүр жалғастығын зор мұрат санайды, басқа ұлт пен ұлыстардан ерекшелігіміз де осында. Хат жазған әйел кісі де баласын қайынағасы мен абысынына «Майкөтен» дәстүріне сай, «ақ ниетпен», болашақта олардың да сәби сүюіне тілек етіп, ниет білдіріп бауырларына салады. Бұл дәстүрдің кереметі – көп жағдайда құрсақ көтермеген әйелдің психикасына, физиологиясы мен психологиясына оң әсер етіп, сәбилі болуына септігін тигізеді.
Бала асырап алу – ежелден келе жатқан ғұрпымыз. Баласы жоқ отбасы өзгеден емес, бауырларының, ағайын-туғанының баласын алуды жөн санайды. Мұны бауырына салу емес, «асырап алу» деп айтады. Бауырына басу мен асырап алу айырмашылығы бар, екі бөлек дүние. Бауырына салу – үйдің тұңғышы өмірге келгенде баланы ата-әженің тәрбиесіне беру. Бауырына салған бала өз ата-анасын біледі, олармен қарым-қатынас жасайды. Ал асырап алған бала ата-анасын білмей өседі, олармен жақын қарым-қатынас жасамайды, көп жайт құпия сақталып, ол – асырап алған үйдің атын шығарып, сол шаңырақты ұстап қалады.
Ал хатқа мұқият үңілсек, «Көзім тірі тұрғанда балаларымның ажырасуына жол бермеймін» деп бақытты шаңырақтың ұйытқысы бола білген, өз отбасына сүйіспеншілікпен қараған, айтқаны заң АПАНЫҢ сөзін тыңдап өскен отбасында, хат егесі баласын, қайынағасы мен абысынының бауырына салған. Қайынаға мен абысыны «Майкөтен» дәстүріне сай 12 жылдан соң ұлды болса да, абысындардың ерекше татулығынан, аға мен інінің бір-бірін сыйлағаны, мүмкін баланың көңілін қимағандарынан болар …, балаға бұл құпияны ешкім айтпаған.
Бала 18 жасқа келіпті.
Жас ерекшелік психологиясында, жасөспірім шақ бала мен ересектің арасындағы аралық жағдайда болады. 18 жаста дене және психикалық даму аяқталып, мидың үлкен жарты шарларының қабығы толық дамып жетіледі, ақыл-ой әрекеті дербес, бір-бірімен байланысты, жүйелі болады. Сонымен бірге айналадағы жағдайларға, өзіне сын көзбен қарау әрекеті қалыптасады.
18 жасында сайлау құқығы мен некелесуге мүмкіндік алады. Жасөспірім қылмыстық істер үшін жауап береді. Көпшілігі бұл жаста еңбек қызметін бастайды, бәрі де мамандық таңдау туралы ойлайды, колледжде оқитындары да бар.
Осы жаста жасөспірімнің өзіндік санасы, арман, мұраты қалыптасады. Тап осы жаста ұл-қыздардың бір-біріне көз салып, жыныстық даму жөнінен постпубертаттық кезеңде, болашақта некелесуге, өз отбасын құруға әзірлену кезеңінде болады. Осы кезде «Сен ересексің», «үлкенсің» деп алдына үлкен міндеттер қойса, бір жағынан ол үлкендерді тыңдайды, бір жағынан балалық қасиеттері бірте-бірте азайып, оны орындауға тырысады, яғни ересектер статусының элементтерімен қатар оның жағдайын баланың жағдайына жақындататын тәуелділік белгілері әлі сақталады.
Жасөспірім шақтың аса маңызды міндеттері – мамандық таңдау, еңбек пен қоғамдық қызметке даярлану, некелесуге өз семьясын құруға даярлану, Отанға, отбасына, ата-анасына қызмет жасауға даярлану. Өзара байланысты бұл міндеттердің жүзеге асырылуы белгілі бір уақытты талап етеді және олардың жүзеге асу мерзімдері жасөспірімнің іс-әрекетінің сипатына тәуелді.
Бала шындықты қабылдайтын «ақыл тоқтатқан» жасқа жеткен, сондықтан шындықты білуге дайын.
18 жылда үлкендер қолайлы сәтті тауып, жасөспірімге шындықты айтулары керек еді.
Айтылмапты.
«Жау» алыстан келмейді. Елдің барлығы бірдей емес, кімнің аузына қақпақ қоясың? Күндердің күнінде баланың ата-анасының «басқа жандар» екені айтылып қалса, баланың санасына елеулі нұқсан келеді. Мұндай мәселені балаға жеткізу оңай шаруа емес екені белгілі. Сондықтан, алдымен шындықты үлкендерге айтудан бастап, сосын ғана баламен ашық, шынайы сөйлесуге болады.
Жасөспірімге шындықты соңын ойланбай, қалай болса солай айтуға болмайды. Ойланбай істеген әрекеттер бақытты отбасының күлін көкке ұшыруы да мүмкін, аналардың жүректері жараланып, жандарына психологиялық жарақат салуы да ықтимал.
Менің тәжірибемде, тап осындай жағдайда, жасөспірімге шындықты айтамыз деп, үлкендермен бір жеті дайындалғанымыз есімде. Тіпті, кімнің қандай сөзді қалай, кімнен кейін қай кезде айтатынына дейін, жаттап дайындалдық. Алдымен, баланың еңсесін түсірмейтін, жігерлендіретін сөздер дайындау керек. Аңдамай айтылған бір ауыз сөздің бала санасына қаншалықты ауыр соғатынын үлкендер жағы байқамай жатады.
Алғашында үлкендердің өзі психологиялық қолдауды қажетсінді, себебі баланы туыла сала бауырына басқан жандар қимастықтан эмоцияға беріліп, айтылған әр сөзден негатив іздейді. Бұл кезде сабыр сақтап, орынсыз айтылған сөздердің орға жықпасын аңдау өте қиын. Екі отбасын біріктіретін, мәселенің шешімі – ол баланың болашағы, оның толыққанды азамат болып өсуі, жетілуі, тұлға болып қалыптасуы. Сондықтан да әңгімені, баланы осы күнге дейін өз баласындай мәпелеп өсірген ата-анасының бастауы өте маңызды. Мұндай хабарды есіту балаға жеңіл болмайды. Ал олар баланың психикасы мен жан дүниесінің толымды даму деңгейін жақсы біледі. Осындай кезде бала туғандары мен жақындары тарапынан өзіне ерекше мейірім мен қолдау күтеді, ал кейде маманның араласуын қажет етеді. Сіз ең бастысы ешкіммен ақылдаспай, шындықты өзіңіз айта салудан сақтаныңыз. Жоғарыда айтқанымдай жан-жақты келісіп, психолог маманның кеңесіне жүгіне отырып әрекетке баруды өтінемін.
Бірлесіп, ақылмен шешілген дүние оң нәтиже беруі тиіс: балаңыз кішкентайынан жақсы көріп, мейірім шуағын төккен ата-анасына алғысын айтар. Мүмкін баланы екі отбасы да әлпештеп тең өсірерсіздер. Нартәуекелге барыңыз, мазалаған ойдан, уайымнан арылыңыз.
«Алты балалы бақытты анамын» дедіңіз, шындықты айтқаннан кейін де бақытты сәттеріңіз көбейе түседі, өйткені Сіз отбасының бірлігін тұмардай қастерлеп келесіз. Даналық пен сабырлылықтың тәлімін берген абзал енеңіздің жолын жалғастыратын ОТАНАСЫ болыңыз.

Жанерке Хумар

«Оңтүстік Рабат», №1-2, 8 қаңтар 2020 ж