2019 жылы Қазақстанның бір тұрғынына жаңа баспананың 0,6 ш.м. келген. БҰҰ нормаларына сәйкес, аталған көрсеткішті кем дегенде бір адамға 1 шаршы метрге жеткізу қажет. Қазақстан аталмыш көрсеткішке қол жеткізу үшін қандай құралдар мен тетіктерді қолдануы тиіс?
Халықтың урбандалу көрсеткішінің артуы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерінің бірі болып табылады. Қала тұрғындары үлесінің артуы саяси, қаржылық, әлеуметтік және мәдени деңгейі жоғары қоғаммен сипатталатын, заманауи постиндустриалды экономиканы қалыптастыруға мүмкіндік береді. Әлемнің көптеген елдерінде урбандалудың тұрақты тенденциясы байқалады – дамыған елдерде тіпті халықтың 75%-ға жуығы қалаларда тұрады.
Қазақстанда урбандалу көрсеткіші айтарлықтай төмен – 2019 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша қалада халықтың тек 58,2%-ы ғана тұрады. Бұл ретте тәжірибе қала тұрғындары санының 1%-ға артуы ЖІӨ-нің 0,12%-ға артуын көрсетіп отыр.
Урбандалу көрсеткішінің артуының басты факторларының бірі тұрғындардың баспанаға деген қолжетімділігі әрі олардың онымен қамтамасыз етілуі болып табылады. БҰҰ нормаларына сәйкес елде жыл сайын бір адамға 1 шаршы метр тұрғын-үй салынуы тиіс. Алайда 2019 жылы елде бір тұрғынға жаңа тұрғын-үйдің тек 0,6 ш. м. ғана келген.
Осылайша 2019 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша пайдалануға берілген тұрғын-үй аумағы 11,1 млн ш.м.-ді құраған. Тұрғын-үй ғимараттары жалпы санынан пайдалануға 38 516 жеке үй мен 872 көп қабатты ғимарат беріліп, 95,8 мың пәтер салынған.
Айта кетерлігі Алматы (1,9 млн ш. м.), Нұр-Сұлтан қалалары (1,4 млн ш. м.) және Маңғыстау облысында тұрғын-үйдің ең көп көлеміндегі аумағы пайдалануға берілген. Ал тұрғын-үй саны артқан аймақтарға Түркістан (32,1% өсім), Солтүстік Қазақстан (өсім 23,8%) және Алматы (22,6% өсім) облыстары жатқызылған.
Жалпы баспана құрылысына 1,3 трлн теңге жұмсалған, бұл көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда 23,1%-ға артық көрсеткіш болып табылады. Алайда пайдалануға берілген аумақ көлемі тек 0,8%-ға артқан. Мұндай үрдіс шаршы метр бағасының артуы және аумағы аз 2-3 бөлмелі пәтерлерге сұраныстың артуымен түсіндіріліп отыр.
2019 жылы жаңа тұрғын-үй бағасы өткен жылмен салыстырғанда 6,4%-ға, ал қайталама тұрғын-үй бағасы 6,2%-ға қымбаттаған. Нәтижесінде жаңа пәтердің 1 ш.м. шамамен 293,5 мың теңге деп бағаланған. Жалпы тұрғын-үй бағасы 2011 жылдан бастап орташа жылдық есеппен 7%-ға қымбаттап отырған. Әлемдік дағдарыс салдарынан шарықтаған тұрғын-үй бағасы, тек 2016 жылы ғана аз мөлшерде түскен.
Тұрғын-үй нарығында бағаның өсуіне қарамастан, 2019 жылдың он бір айында тұрғын-үйді сатып алу-сату келісімінің мөлшері 2018 жылмен салыстырғанда 20,4%-ға артып, 292,3 мың операцияға жеткен.
Әдеттегідей келісімдердің басым бөлігі Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында және Қарағанды облысында жасалған. Бұл көрсеткішке елдегі ипотекалық несие берудің мемлекеттік бағдарламалары арқылы қол жеткізілген. Ипотекалық несие көлемі 2019 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша былтырғы жылмен салыстырғанда 35%-ға өсіп, 1,7 трлн теңгеге жеткен. Ипотекаға деген сұраныстың артқандығы Нұр-Сұлтан (472,4 млрд теңге), Алматы (422,3 млрд теңге) және Шығыс Қазақстан облыстарында (101,3 млрд теңге) байқалады.
Мемлекеттік бағдарламалар тұрғын-үй құрылысы мен жеңілдік арқылы тұрғын-үйді сатып алуға қатысты мемлекеттік қолдау құралдарын қолданудың кешенді тетіктерімен қамтамасыз етеді. Бұл ретте бағдарламаларды үнемі жетілдіру арқылы олардың тиімділігі артып, жыл санап сұраныс артып келеді. Мысалы, қайталама тұрғын-үйді cатып алудағы шектеуді алып тастау – ипотекалық несие көлемін 12%-ға арттырды.