Бәйдібек АПБ-не жергілікті тұрғыннан мал ұрлығына қатысты хабарлама келіп түседі. Арызданушының мәлімдеуі бойынша қорасынан белгісіз біреулер оның 82 бас уақ малдарын қолды еткен. Жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы құны 3 жарым миллионға жуық. Болған жайтты полицейлер тез арада ҚР ҚК 188-бабы «ұрлық» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру тізіліміне тіркейді.
Аталған мал ұрлығы қылмысын жедел ашу мақсатында Түркістан облысы Полиция департаментінің Бәйдібек АПБ қызметкерлерінен жедел-іздестіру тобы құрылады. Білікті полицейлер жақын маңның барлығын аралап, мал тасымалдайтын автокөліктерді тексеріп, куәгерлерден сұрақ-жауаптар алып, аймақтарды тінтіп шығу бойынша бірқатар шараларды іске асырады. Соның нәтижесінде мал ұрлығына қатысы бар күдікті тұлға мен оның көлікке мал тиегені анықталады. Алайда ұрлық қылмысына қатысты тұлға тұрғылықты мекен-жайында болмай шығады. Бәйдібектік жедел уәкілдердің қырағылығының арқасында күдікті бірнеше айдан соң астанамыз Нұр-Сұлтан қаласында, қыдырып жүрген жерінен ұсталды.
Қазіргі таңда ол қамауда. Ұсталған азамат Бәйдібек ауданының жергілікті тұрғыны. Бұрын соңды бірнеше рет мал ұрлығы бойынша сотты болған. Тергеу барысы көрсеткендей, күдікті ұрлаған малдарының барлығын сатып, ақшаны өз қажеттілігіне жаратып жіберген.
Тергеп-тексеру амалдары әлі де жалғасуда. Іс аяқталғаннан соң, құжаттардың барлығы толығымен сотқа жолданатын болады. Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері мал жайылымында малдарыңызды қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Сондай-ақ мал тұрағының шаруашылық жайы мұқият бекітілуі, малдарға қажетінше ен салынып, таңбалануы тиіс. Ұры оңай олжаға кенеліп, соның салдарынан сізге шығын келмес үшін қора-жайларыңызды жақсылап қоршап, бекітіп, жарықтандырғаныңыз жөн. Төрт түлігіңіз жоғалса немесе ұрланса, онда сіз уақыт жоғалтпай шұғыл түрде полицияның «102» нөміріне хабар беріңіз. Бұл өз кезегінде қылмыскерлердің ізін суытпай құрықтауға көмектеседі.