Шымкентте 25 полиция қызметкері мен 13 делдалға қатысты шыққан сот үкімі өзгеруі мүмкін. Себебі, прокуратура қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкіміне келіспей, аппеляциялық алқаға шағым түсірді.
Шымкентте жүргізуші куәлігі мен шетелдік көліктерге мемнөмірлерді оңды-солды сатқан 25 полиция қызметкері мен 13 делдалға қатысты сот үкімі 2019 жылдың 11-қарашасында оқылған еді. Оның 4-уі ақталып, 23-і рақымшылыққа ілініп, сот залынан босатылған. Жемқорлық бабымен және ақталмайтын негізбен істі болғанына қарамастан, сот үкім шығарарда оларға полициядан басқа қызметті атқаруға мүмкіндік қалдырыпты.
Берген Ержаппар, Шымкент қаласы прокурорының орынбасары: «Сот шешімін шығарарда күдіктілердің сыбайлас жемқорлық әрекеттерін назарға алмаған. Босап шықандар енді өзге лауазымдарға ұсынылып, жұмысын жалғастырмақ. Біз бұған жол бермеу мақсатында қазіргі уақытта аппеляциялық алқаға шағым түсірдік».
Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД Әкімшілік полиция тіркеу-емтихан басқармасының бұрынғы басшысы Артықбек Жаппаров пен 5 бөлім басшысы сотталғандар қатарынан табылған іске үкімді қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты төрағасының өзі оқыды. Әбсаттар Шахиддинов бұл арыз-шағымды прокурорлардың жеке ұстанымы деп, жауабын қысқа қайырды.
Әбсаттар Шахиддинов, Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы: «Енді ол өздерінің ұстанымы ғой, оның ұстанымы қаншалықты дәлелді немесе дәлелсіз оған баға беретін аппеляциялық сот. Енді прокурордың наразылығы қаншалықты дұрыс немесе бұрысы сол аппеляциялық саты қарағаннан кейін, күшіне енеді».
Енді күллі жұртты дүрліктірген қылмыстық іске нүктені аппеляциялық алқа қоятын болады. Айта кетейік, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жыл ішінде 99 адамға қатысты 45 үкім шығарған.
Мөлдір Бекеева