Қалалық мәслихаттың кезектен тыс 60-шы сессиясы өтті.

Депутаттар Шымкентке аудандардан қосылған елдімекендерге  қатынайтын  әлеуметтік мәні бар бағыттарды бекітті. Сонымен бірге  мемлекеттік — жекешелік әріптестік аясында бой көтеретін әлеуметтік нысандардың шығындарын өтеу кестесіне өзгерістер енгізді.

Сессияның күн тәртібіне ұсынылған 5 мәселенің алғашқысы «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша міндеттемелерді қабылдау туралы» шешімге өзгерістер енгізу.

Ербол Садыр, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Екі жоба: 1-шісі Әкімшілік- іскерлік орталығындағы өнер мектебіне қатысты шығындарды өтеу мерзімін 2020-2034 жылға дейін  ауыстыру, 2-шісі  Еңбекші ауданы аумағындағы балалар, спорт жаттығу алаңдарын күтіп ұстауға жоспарланған шығындарды өтеу 2019-2023  жылдардан 2020-2024  жылға ауыстыру жөнінде ұсынысты қолдауларыңызды сұранамыз».

Бюджеттің қаржысын үнемдеуге бағытталған бұл шешімді депутаттар бірауыздан қабылдады. Шымкент қаласының жедел жәрдем көрсету стансасының жаңғырту және пайдалану бойынша шығындарды өтеу кестесі 2019-2023 жылдардан 2020-2024 жылдарға ауыстырылды.

Қала  іргесіндегі ауылдарға қатынайтын әлеуметтік маңызы бар қоғамдық көліктердің бағытын бекітуге де ешкім қарсылық білдірмеді. Өйткені әкімдердің соңғы есептерінде шалғай ауылдарға қатынайтын көліктердің жұмысына қатысты халық көп сын айтқан болатын.

Абай Тұрханов, Шымкент қаласының автомобиль жолдары және жолауышлар көлігі басқармасының басшысы: «Қалада әлеуметтік маңызы бар 21  бағыт болса, енді  7 бағыт қосылады. Ақжайық, Сәуле, Сайрам, Құрсай , Самал-3, Забадам, Айқап. Бұл бағыттар бойынша шығындар бюджет есебінен өтеледі, субсидияланады. Тізім бекітілді. Енді қаржы бөлу жөнінде ұсынысты келесі сессияға ұсынамыз, Сөйтіп,  Шымкентте әлеуметтік мәні бар 28 бағыт бойынша жолаушылар тасымалданады».

Сессияда Шымкент қаласының аумағын абаттандыру қағидалары да бекітілді.

Шынар Оразова