Шымкентте прокурорлар есеп берді

791

Шымкент қаласының прокуратурасы 2019 жылдың 12 айында атқарған жұмыстарын қорытындылады.  

Шымкент қаласы прокурорының бірінші орынбасары Манас Сабаншиев ә-дегеннен-ақ, 2019 жылы қылмыстың азайып, оны ашу пайызы артқанын мәлімдеді. Бірақ, жасөспірімдер мен кәмелет жасқа толмағандарды зорлау оқиғасы тыйылмай тұрғанын жасырған жоқ. Сөзіне сенсек, 2018 жылмен салыстырғанда бұл қылмыс былтыр 5-еуге артқан.

Манас Сабаншиев

Манас Сабаншиев, Шымкент қаласы прокурорының бірінші орынбасары:»Педофилия жөнінде айтар болсам, кәмелет жасқа толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы әрекеттер бойынша 2019 жылы 47 қылмыстық іс өндірісте болған. Бұл қылмыстық оғиғалар көбіне әл-Фараби ауданында тіркелген. Себебі ол ауданның аумағы кең,  тұрғындар саны да анағұрлым көп».

Қадағалау орган өкілдері миллионды қаланы жауыр еткен мәселені де айналып өтпеді. Былтыр сыбайлас жемқорлыққа қатысты 43 іс өндірісте болған. Өкінішке қарай, арасында тәртіп сақшылары да бар.

«Жетеуі — полиция қызметкерлері, қалғандары әр саладан. Білім және әкімшілік қызметкерлері де бар. Оның арасында 15 іс сотқа жолданды», — дейді Манас Сабаншиев.

Ал 2019 жылдың 11-қарашасында Шымкентте жүргізуші куәлігі мен шетелдік көліктерге мемнөмірлерді оңды-солды сатқан 25 полиция қызметкері мен 13 делдалға қатысты сот үкімі шыққаны есімізде. Солардың 23-і рақымшылыққа ілініп, сот залынан босатылған еді. Жемқорлық бабымен және ақталмайтын негізбен істі болғанына қарамастан, сот үкім шығарарда оларға полициядан басқа қызметті атқаруға мүмкіндік қалдырыпты.

Берген Ержаппар

Берген Ержаппар, Шымкент қаласы прокурорының орынбасары: «Сот шешімін шығарарда күдіктілердің сыбайлас жемқорлық әрекеттерін назарға алмаған. Босап шықандар енді өзге лауазымдарға ұсынылып, жұмысын жалғастырмақ. Біз бұған жол бермеу мақсатында қазіргі уақытта аппеляциялық алқаға шағым түсірдік».

Шымкентте «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» пәтер ала алмай қалған 224 салымшы наразылық білдірген еді. Олардың алайын деп тұрған баспаналарын қала әкімдігі жастарға беріп жіберген болатын. Мәселені майшаммен қараған қадағалаушы органның жауабы мынадай:

Батыр Ергешов

«Ол түпкілікті жергілікті атқарушы органның тапсырысы бойынша соғылған тұрғынүйлер. Оны мемлекет соққан. Ал «Тұрғынүй Құрылыс Жинақ Банкі» тек конкурс ұйымдастырды. Енді басқа үйлерге ұйымдастырады, тек аз ғана күту қажет. Бұл бойынша қазір Үкіметтің қаулысы да шығып отыр ғой», — дейді Шымкент қаласы прокуратурасы үшінші басқарма бастығының орынбасары Батыр Ергешов.

Айта кетейік, 2019 жылы Шымкент прокуратурасы 37 мыңға жуық азаматтың конституциялық құқын қорғап, 825 тұлғаны түрлі жауапқа тарқан. Мемлекетке 585 миллион теңге өндіріпті.

Мөлдір Бекеева