Түркістан облысында 3 млн. 131 мың гектар орманды дала жер бар. Оның ішінде орманмен көмкерілген алқабы 2019 жылы 11 мың гектарға ұлғайып, 1 млн 615 мың гектарға жетті. Орман қоры жерлерінің шекараларын анықтау, мемлекеттік актілерді сәйкестендіру жұмыстары жүргізілді.

2019 жылы мемлекеттік орман қоры жерлеріне 13 600 га мәдени көшеттер мен сексеуілдің тұқымы себілген. Жоспарға сәйкес, күтіп-баптау, толықтыру және орманның табиғи ұрпақтануына ықпал жасау шаралары атқарылған.

Сұғанақтыққа қарсы күрес шараларын жүргізу аясында орман күзеті қызметкерлерімен 1 000 жуық рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып, 355 заң бұзушылық фактілері анықталған. Заң бұзушыларға 7 млн 671 мың теңге әкімшілік айыппұл салынды. Облыс әкімдігімен 2019-2020 жылдарға арналған сұғанақтықпен күресу жөніндегі бірлескен іс-шара жоспары бекітілгіп, сұғанақтыққа қарсы күрес жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.

Өңірде 124 жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдыны бар. Оның ішінде 68 су айдыны облыс әкімдігінің балық шаруашылығын жүргізуге жарамды су айдындарының тізбесіне енгізіліп, 9 су айдыны 7 табиғат пайдаланушыға бекітіліп берілді. Бүгінгі күні 59 су айдыны резервте.

Жалпы облыста 28 аңшылық алқап болса, оның 15-і табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген. Қалған 13 аңшылық алқап резервте. Бекітіп беру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Ал, Сырдария өзенінің бойында арнайы құрылған тұқымбақтағы Бұхар бұғыларының саны 158 басқа жеткен. Сондай-ақ, Созақ орман шаруашылығындағы тұқымбаққа Алматы облысында орналасқан «Алтын Емел ұлттық паркінен 20 бас қарақұйрық пен 20 бас құлан әкелу жұмыстары ұйымдастырылуда.

Айта кетейік, Түркістан қаласы Бас жоспарына сәйкес, қала айналасынан 7 700 га «Жасыл белдеу» құру жоспарланған. Өткен жылы 2300 гектар жер игеріліп, 1 млн.нан астам әр түрлі көшеттер егілді. Бүгінде күтіп-баптау, қорғау және өсімін молайту жұмыстары жалғасуда. Биыл 2400 гектар жерге 1 млн.-нан астам көшет егу жоспарланып, жұмыстар басталды.