Төлеби ауданында бір отбасы газдан уланып, бақилық бола жаздады. Араларында екі және үш жасар ағалы — қарындасты бүлдіршіндердің халі тым ауыр болған.

Шақыртуға шұғыл түрде жеткен Түркістан облыстық медициналық жедел-жәрдем қызметкерлері әбүйір болғанда алғашқы көмекті дер кезінде көрсетіп, зардап шегушілердің барлығын аман алып қалды. Көмекке үш жәрдем тобы шыққан.

Көгілдір отыннан уланған жеті адам Төлеби аудандық орталық ауруханасына жеткізілген. Қазір өмірлеріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Дәрігерлерге шексіз алғыстарын білдіруде.

Жалпы, жыл басынан бері облыстық жедел жәрдем қызметінің орталығына 43 мыңға жуық шақырту түскен. Жүрегі тоқтап, өмірі қыл үстінде тұрған екі науқас дәл осы қызметкерлердің алғашқы көмегінің арқасында өмірге қайта туғандай болды. Облыс бойынша қазір 200-ге жуық медициналық жедел жәрдем тобы қызмет атқаруда.

Орталыққа хабарласқанда ең бастысы науқастың жағдайын дәл сипаттап, қай санатқа жататындағын дұрыс айқындау. Өміріне аса қауіп төніп тұрған науқастарға алғашқы 3 санат бойынша көмек жөнелтіледі. Созылмалы аурумен есепте тұрған азаматтар 4-ші санатқа жатқандықтан, оларға емханалық жедел-жәрдем көліктері барады. Айтар кеңес — дәрігерге уақытылы көрініп, аурудың алдын алған дұрыс.