Бүгінде Түркістанда УЕФА-ның халықаралық талаптарына сай орталық стадионның құрылысы қызу басталуда.

Облысымызда мәдени-спорттық іс-шаралар өтетін спорт нысанын «Самрұқ Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры салып, биыл мамыр айында аяқтауды жоспарлап отыр. Облысымызда дүниежүзі бойынша кең тараған спорт түрі-футболды дамыту мақсатында УЕФА-ның халықаралық талаптарына сай 7000 адамға лайықталған алып стадион құрылысы жүргізілуде.

Мұнда 2 спорт залы, әлемдік аренаға жауап беретін табиғи футбол алаңы, әкімшілік бөлмелер бар. Спорт кешені пайдалануға берілген соң, бұл жерде футболдан Қазақстан Республикасы чемпионатының Прьемер-Лига, Бірінші және Екінші Лига командаларының ойындары өтеді.

Бұдан басқа облысымызда өтетін мәдени-спорттық іс-шаралар футбол, жеңіл атлетика, үстел теннисі, садақ атудан облыс құрамасының оқу-жаттығу жиындары және облыстық, республикалық және халықаралық жарыстар өтетін болады. Сонымен қатар, Түркістан облысының спортының дамуына үлесін қосатын жабық бассейні бар спорт сарайының» құрылыс жұмыстары да қарқынды түрде жүргізілуде. Бассейн нысанын «Рetroleum Operafinq» компаниясы салып, ел игілігіне беруді жоспарлап отыр.

Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Полат Қырықбаев облысымызда салынып жатқан әлемдік дәрежедегі орталық стадион мен жабық бассейннің құрылысы жұмыстарымен танысып қайтты. Заманауи талаптарына сай бой түзейтін жабық бассейнде ұлттық құрама мүшелері мен облысымыздың спортшы ұл-қыздары жаттығатын болады.