Достық па, әлде махаббат па? Екеуінің қайсысын таңдарыңызды білмей, дал болған кезіңіз бар ма? Әркімге кездесе бермейтін ақ махаббатты адал достыққа айырбастау мүмкін бе? Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры Мұхтар Шахановтың «Танакөз» поэтикалық драмасын сахналады. Аталған драма ізгілікті ту еткен үш достың өзара махаббатқа тап келген сынағын баяндайды.
Бұл қойылым басқасынан өзгеше. Сахнадан әртістерді ғана емес, көрермендерді де көресіз. Спектакльде көрермен мен актерлер бір-бірімен араласып кетеді. Оқиғаға еніп, сан түрлі кейіпкердің сезіміне бөленеді. Қосыла ән шырқап, хикаяға бойлайды.
Қуандық Қасымов, қоюшы режиссер, Ш. Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты: «Сахнада бәрі бірге болғандықтан актерлердің сырласқан, мұңдасқан үні көрерменнің жүрегіне, сезіміне әсер етеді. Қазір жастар достық, махаббат, адалдық, адамгершілік сезімдерінен ада болып бара жатқан кезде осы сезімдерді еске түсіріп, көрерменге айтайық, олар білсін деген мақсатта осы «Танакөзді» қойдық. Жасы келген көрермендер жастық шағын еске алса, жастар сол заманғы адамгершілік сезіммен танысар деген ой туындады. Осы қойылым арқылы қазіргі жастарымыздың жүрегіне сәл де болсын оң жағынан әсер қалдыра алсақ, біздің мақсаттың орындалғаны деп білемін«.
Бәрімізді таң-тамаша еткен және бір ерекшелік – сахнаның безендірілуі. Достық пен махаббат символдары үйлесім тапқан. Сахнаны жарып аққан мөлдір су, биік ақ шыңдар, әсем табиғат, бірді екіге жалғайтын көпір. Мұның барлығы да қос ұғымның қасиетін үнсіз паш етеді.
Қалтөре Жұмақұлов, Қоюшы суретші, ҚР Мәдениет қайраткері: «Сахнада Қасқасудың табиғатын көрсетуге тырыстық. Сол жердің атмосферасын бейнеледік. Сахнадағы шынайы ағып жатқан судың айналасындағы тастарды да сол Қасқасудан алып келдік. Және бір кереметі біз символдық белгілермен шешуге тырыстық. Үш кейіпкердің арман шыңын көрсету үшін үш ақ матаны тау сияқты белгілеп алдық. Тағы бір үлкен безендіру детальі ол көпір. Бұны достық көпір десек те болады».
Бас кейіпкер Танакөздің рөлін сомдаған Мөлдір Зияева елге мәлім шығармадағы ару кейпіне енудің оңайға соқпағанын айтады. Әсіресе, Танакөздің балалық шағын көрсетуге көп дайындалыпты.
Мөлдір Зияева, Ж. Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры
«Маған қиын түскен сәті Танакөздің балалық шағы. Өйткені біз қазір есейгенбіз ғой. Одан бұрын менің табиғатымда балалық мінез деген мүлдем жоқ. Кішкентайымнан секеңдеп ойнау деген мүлдем болмаған. Сол жағынан біраз іздендім. Кіршіксіз бала табиғатын шынайы беру өте қиын екен».
Қоғамда сетінеп бара жатқан адал достық пен шынайы махаббатты әйгілейтін спектакль Ж. Шанин театрының Жаңа жылдағы алғашқы қойылымы. Келушісін тәнті еткен «Танакөз» поэтикалық драмасы жыл бойы сахна төрінен түспейді.
Жанерке Хумар