Облыстық полиция департаментінің қызметкерлері оқиғаның мән-жайы анықталатын айтты. Бұған дейін де жеміс ішінен дәрі табылған видеолар жарияланған болатын. Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны мандариннің ішінен дәрі тапты. Оқиғаның мән-жайын құзырлы органдар анықтап жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі 8 қаңтар күні Тайынша ауданы полиция бөлімшесінің кезекші бөліміне Қарағаш ауылының фельдшері қоңырау шалғанын айтты. Ауыл тұрғыны түсірген видео желіде тарап кетті.
«Ауыл тұрғыны жемістің ішінен дәріге ұқсас ақ түсті зат тапты. Бұл факт қылмыстық кодекстің 306-бабы 1-бөлігіне сәйкес (Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету) сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіміне енгізілді», — деді полициядағылар.
Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Тергеуге тиісті ведомствоның мамандары тартылды, сараптама тағайындалды.
Баспасөз қызметі сотқа дейінгі тергеудің жүргізілуі Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті мен облыстық прокуратура жетекшілігінің бақылауында екенін атап өтті.
Мұндай видеолар бұған дейін де мессенджерлерде тараған болатын. YouTube-те мұндай дәрілер мандариннің ішіне қалай түсуі мүмкін екені туралы да видео түсірілген.