Шымкентте тегін дәрілер QR-код арқылы беріліп жатыр

32

Шымкентте тегін дәрі-дәрмектер «Әлеуметтік әмиян» арқылы беріле бастады. Жоба қазір пилотттық режимде №6 емханада жүзеге асып жатыр. Дәрігерлер бұл қағазбастылықтан арылтудың жаңа әдісі екенін айтады.

Шымкенттік тұрғын Шайра Әліқұлова 4 жасар немересін ауруханаға алып келіпті. Сөзінше бүлдіршін салқын тигізіп алған. Дәрігерден тиісті ем-дом шарасын алған науқасқа емханадан тегін дәрі бөлініпті. Әжей қажетті дәрі-дәрумендерді алу үшін көп уақытын жоғалтпай, жаңа жобаны пайдалануды жөн көріпті.

«Немерем жөтеліп ауырған соң осында келіп қараттым. Жөтеліп, тұмауратып қалды. Соған байланысты емханадан тегін дәрілер беріп жатыр. Қазір сол дәріні Qr арқылы тез алып жатырмын. Бізге бұл жақсы болды. Өте ыңғайлы екен», – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Шайра Әліқұлова.

Медицина саласын қағазбастылықтан арылту мақсатында елімізде «Әлеуметтік әмиян» жобасы қолға алынған. Бағдарламаны пилоттық режимде сынап көру үшін шымкенттік №6 емхана таңдалып алынды. Мұнда қазір дәрі дәрмектер электронды порталдағы кюар кодп арқылы беріліп жатыр.

«Науқастар емхананың дәріхана бөліміне келіп QR-кодты фармацевтке көрсетсе, оны мамандар сканерлейді. Содан кейін науқас туралы ақпарат пен қандай дәрі тағайындалғанына қарай қызмет көрсетеді. Сол жерде бірден дәрісін алып кетеді. Оның бір ыңғайлы жері емделуші дәрігерге қайта-қайта келіп жүрмейді. Дәрігер 3 айға дәріні бекіткен соң, 1414-тен смс келеді. Соған қарап ала береді. Бұрын дәрігерге келіп, оны күтіп жүретін. Содан кейін қағазбен келіп алатын. Ал бұл жерде кезексіз алады», – дейді №6 емхананың амбулаторлы дәрі дәрмек босату бөлімінің меңгерушісі Гүлсім Адырбекова.

№6 емханаға 60 мыңнан аса адам тіркелген. Оның 18 мыңға жуығы мемлекеттен тегін препараттар алады. Ал әлеуметтік әмиян енгізілгелі, 2 аптаның ішінде 5500 тұрғын кезексіз өз дәрісіне қол жеткізіп үлгерді.