Үй-жеріңіздің астында не бар?

1445

Апат айтып келмейді. Жер сілкінісі, алай-дүлей дауыл, сел жүруі мен өзендердің арнасынан тасуы. Табиғаттың тосын мінез танытатыны белгілі. Әсіресе, қыс мезгілі халықты біраз әбігерге салады. Дегенмен бұл – табиғи құбылыстар. Алайда, қоршаған орта, халықтың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретін техногендік сипаттағы апаттар мен қираулар тағы бар. Соңғы кезде мұндай оқиғалар жиілеп кетті. Әсіресе, су, кәріз жүйесі, газ бен жылу желілерінің салдарынан орын алып жатқан авариялар көп. Олардың адам қолынан жасалатыны өкінішті-ақ.

1 667 ҒИМАРАТ ҚЫЛ ҮСТІНДЕ ТҰР

Бұл туралы «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-гі ұйымдастырған дөңгелек үстелде айтылды. Қала әкімдігі, жер қатынастары, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, құрылыс басқармасы, прокуратура, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы, экология департаменті, коммуналды-шаруашылық қызметтерінің басшылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының басын қосқан жиында Шымшаһар тұрғындарының қауіпсіздігі талқыланды. Техногендік сипаттағы қайғылы жағдайды болдырмаудың жолдарын қарастырды.
– Елімізде және одан тыс мемлекеттерде санитарлы қорғау аймағы талаптарының сақталмауы көптеген қайғылы оқиғалардың болуына әкеп соғып жатыр. Мәселен, биылдың 14 қаңтары күні Қытайда асфальт жол опырылып, автобус шұңқырға құлаған еді. Апаттан 15 адам ауруханаға жатқызылса, 6-ы қаза тапты. Тағы да 10-ы із-түзсіз кетті. Опырылуға жолдың астынан жүргізілген кәріз құбырының тесілуі себеп болыпты. Ал 20 қаңтар күні Ресейдің Пермь қаласында ыстық су құбыры жарылып 5 адам қаза тапты, 6-уы ауруханаға жатқызылды. Мұндай қайғылы оқиғалар Қазақстанда да тіркелген. Алматы, Семей, Петропавлда тозығы жеткен жылу құбырлары жарылып, ыстық су бірнеше метр биіктікке атқылаған. 2015 жылдың қаңтарында Шымкентегі Застенная көшесімен өтетін диаметрі 1 метрлік кәріз құбыры тесіліп, жер опырылды. Қуанышқа қарай, апат орнында тұрғын үй болмаған. Алайда, қуануға ерте. Себебі, біздің шаһарда қауіп үстінде орналасқан үйлер көп. Олардың 1667-і қалалық «Су арнасына» қарасты су және кәріз жүйелерінің үстінен өткен не санитарлық қорғау аймағында салынған,-деді «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Анарбек Орман.

813 НЫСАН СҮРІЛМЕК

Анарбек Орман қыл үстінде тұрған ғимараттардың 344-і коммерциялық нысандар, 912-сі жеке сектордағы үйлер, қалғандары қоршаулар мен қора-жайлар екенін айтады. Бүгінде олардың 850-і сотқа жіберілген. Сот соның 813-ін бұзу туралы шешім шығарған. Алайда, тыйым салынған аймақта орналасқан нысан иелері сот шешіміне де құлақ асар емес.
– ҚР Ұлттық экономика Министрінің бұйрығына сәйкес, су көздеріне, шаруашылық ауыз сумен жабдықтауға және суды мәдени тұрмыстық пайдалану орындарына және су объектілерінің қауіпсіздігіне қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың санитарлық қағидалары бекітілді. Соған сәйкес, су құбыр мен қандай да бір нысанның ара қашықтығы құбырдың диаметіріне қарай анықталады. Бұл құбырдағы апатты орнына келтіру үшін, күрделі және кезекті жөндеу жұмыстарын кедергісіз жүргізуге қажетті. Сондай-ақ, тұрғындардың қауіпсіздігі үшін де керек?! Өйткені, су не жылу құбыры жарылған не тесілген жағдайда құбырдағы су қысыммен жоғары атқылайды. Сөйтіп, жан-жағына қауіп төндіруі ықтимал. Ал кәріз жүйесінде керісінше, өйткені кәріз суы жер астына сіңеді. Ақырында жер төмен шөгіп, опырылады. Сөйтіп, үй жер астына кетуі мүмкін. Алайда тұрғындар бұған құлақ асар емес. Оларды да түсінуге болады. Кім баспанасынан айырылғысы келеді?! Оның үстіне оларға өтемеқы да берілмейді. Сондықтан да, тұрғындар үйлерін босатпай отыр. Бізден өтемақы сұрайды. Бірақ, мұндайда өтемақы туралы айту жөн емес. Себебі, біз жерді мемлекет қажеттілігіне алмаймыз. Бұл – біздің жер. Сондықтан да өтемақы талап етуі орынсыз,-деді Анарбек Орман.

КІМ КІНӘЛІ?

Дөңгелек үстел басында өзекті мәселе айтылса, жиынға келген басқарма басшылары жұмған аузын ашпады. Күрмеулі мәселенің қалай шешілетіні, тұрғындардың мәселесі не болатын, кім жауапты екені және бұдан шығудың жолдары сол күйі белгісіз қалды.
Ескерту: Қазақстан Республи-касының магистральды құбыр туралы заңнамасына сәйкес, кез келген жер учаскесін сатып алушы азамат жер учаскесіне қандай-да бір құрылыс салмастан бұрын газ, су, жарық беруші мекемелерінен анықтама алуы қажет. Бұл міндеттеме 2015 жылдан бастап өз күшіне енген.
Дегенмен үйі бұзылатындар өз баспаналары үшін жанталасып жүр. Айтуларынша, бұл міндеттеме 2015 жылы күшіне енген. Үйлерін сатып алғанда не салғанда мұндай міндеттеме болмаған. Сондықтан да олар ешбір жерден ешқандай анықтама алмапты. Тек құзырлы мекемеден алған мемлекеттік АКТ пен техникалық құжатқа сенген. Ал енді, заңға толықтырулар мен өзгертулер енгізілгенде екі ортада халық кінәлі болып, үйсіз-күйсіз далада қалатын түрі бар деп ашынады.
Осы тұста мекеме басшысы нысан иелерін өтемеқы алу үшін жер телімінің мемлекеттік АКТ-сіне қол қойған құзырлы органдар мен мамандарды сотқа беруге кеңес берді. Себебі, санитарлық қорғау аймағына түскен жерді үйлестіріп, халықты «ыңғайсыз» жағдайға қалдырғандар заңды белшесінен басқан.

АЙТПАҚШЫ…

1) су құбырының диаметрі 200 миллиметрге дейін болғанда, кемінде 6 метр қашықтықта;
2) су құбырының диаметрі 200-400 мм болғанда, кемінде 8 метр қашықтықта;
3) су құбырының диаметрі 400-1000 мм болғанда, кемінде 10 м қашықтықта;
4) су құбырының диаметрі 1000 мм астам болғанда, 20 метр қашықтықта;
5) грунт сулары бар болған кезде, су құбырының диаметріне қарамастан – 50 метр ара қашықтық сақталу керек.

Ал кәріз коллекторлары мен кәріз желілері үшін санитариялық-қорғаныш жолағының ені жиек сызықтарының екі жағы бойынша қабылданады:
1) кәріз коллекторының диаметрі 400 мм кезінде, қашықтық кемінде 8 метр;
2) кәріз коллекторының диаметрі 400-1000 мм кезінде, қашықтық кемінде 10 метр;
3) кәріз коллекторының диаметрі 1000 мм астам кезінде, қашықтық кемінде 20 метр болуы шарт.

Ендеге мұндай қиын жағдайға тап келмес үшін, тұрғындар жерді немесе баспананы сатып аларда сол жер астында, жанында қандай да бір инфрақұрылымның бар-жоғын растайтын анықтама алғаны дұрыс. Ал сіздің жеріңіз бен баспанаңыздың бар құжаты түгел ме?

Айжан Ермекқызы

«Оңтүстік Рабат», №6, 6 ақпан 2020 ж