Қымбатшылыққа қарсы күрес. Нәтижесіз науқан

337

Азық-түліктің қымбаттауына қарсы күрес жұмыстары көңіл көншітпейді. Министрліктер, дәлірегі ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов бұған жергілікті әкімдерді кінәлады. ҚазАқпарат сайтының жазуынша, 3 ақпандағы Үкімет отырысында, министр Бақыт Сұлтанов: бірде-бір әкім сауда нысандарына заңмен белгіленген ықпал ету шараларын қабылдамай отыр.
– 2019 жылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның өсуі 10,4 пайызды құрады. Биылғы жылдың қаңтар айында біз маусымдық бағаның 0,3% пайызға өскенін байқаймыз. Бұл ретте, ол өткен жылғы қаңтарға қарағанда екі есе төмен және алдыңғы жылдардың алғашқы айларындағы бағаның өсуімен салыстырмалы. Аталған өсімдердің себептерін айтатын болсақ. Астық түсімінің төмендеуіне және экспорттың ұлғаюына байланысты объективті факторларды есепке алмағанда, олар баға мониторингі және жедел шаралар қабылдау бойынша әкімдіктердің жеткіліксіз белсенділігін көрсетеді, — деді ол.
Министрдің айтуынша, өткен жылы барлық өңірде шекті бағадан асқан 67 жағдай тіркелді. Бірақ, бір де бір әкімдік рұқсат етілген шекті бағаны бекіту рәсімдерін қолданбаған және сауда нысандарына заңмен белгіленген ықпал ету шараларын қабылдамаған. Қаңтар айында шекті бағадан асып түскен қайтадан 7 жағдай тіркелді. Алайда әкімдіктер тарапынан тағы да ешқандай іс-қимыл болған жоқ.
Оның сөзінше, тұрақтандыру қорларының шоттары мен депозиттерінде тауарларды сатып алуды жүзеге асыру үшін бюджеттен бұрын бөлінген 3 млрд теңге бос қаражат бар екен. Демек, азық-түлік тауарлары бағасының өсуін баяулататын бірқатар жедел және жүйелі шаралар қабылдау үшін барлық құралдар мен мүмкіндіктер бар. Ол үшін ең алдымен жергілікті атқарушы органдар мен бақылаушы органдардың аумақтық бөлімшелері қолданыстағы тетіктерді барынша пайдалануы қажет. Шекті бағаны бекіту рәсімін белсенді пайдалану керек.

– Тұрақтандыру қорларын қалыптастыру және пайдалану түбегейлі өзгерістерді талап етеді. Мәселен, өткен жылы Шымкент қаласында және Маңғыстау облысында тауар интервенциясы мүлдем жүзеге асырылған жоқ. Басқа аймақтарда интервенциялар бағаның өсуі орын алған тауар топтарында жүргізілмей, басқа тауарлар бойынша іске асырылды. Айталық, қорлардан 2 мың тонна картоп сатылды. Оның импортқа тәуелділігі төмен болғанымен бағасы да едәуір өскен жоқ. Ал қарақұмық бағасының 80,5 пайызға өсуі кезінде оның жалпы сату көлемі тек 213 тоннаны құрады. Бұл нарыққа әсер етпеді, — деді ол.
Сонымен қатар, Бақыт Сұлтановтың дерегінше, тұрақтандыру қорларының шоттары мен депозиттерінде тауарларды сатып алуды жүзеге асыру үшін бюджеттен бұрын бөлінген 3 млрд теңге бос қаражат бар.
– Мемлекет басшысы олардың тиімділігі төмен екенін атап өтті және өңірлік тұрақтандыру қорларында әлеуметтік маңызы бар өнімдердің табиғи резервтерін құрудың тиімділігі аз тәжірибесінен баламалы құралдарға көшуді қамтамасыз етуді талап етті. Осындай баламалы құралдардың бірі – жеңілдетілген қаржыландыру арқылы бағаны ұстап тұру міндеттемелерін қабылдау бойынша сауда желілерін ынталандыру тетігі болып табылады. Біз оны «айналым схемасы» деп атадық және өңірлерді оны белсенді пайдалануға бірнеше рет шақырдық. Алайда, бұл құралды Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан басқа еш жер қолданбаған. Іс жүзінде бағаны тежеудің ең ыңғайлы тетігі нарықтың бәсекелестігін қорғау жөніндегі шаралар болып саналады. Бірақ монополияға қарсы органдар оны Мемлекет басшысының сынынан кейін ғана белсенді қолдана бастады, — деді министр.
Сондай-ақ, делдалдардың баға келісіміне жол бермеу үшін жұмыс топтарын құру қажет. Бақыт Сұлтановтың айтуынша, делдалдармен жұмыс істеу кезінде баға келісімдеріне қарсы күрес әдістері қолданылуы тиіс.
– Әкімдерге осы аптаның соңына дейін Бәсекелестікті қорғау және дамыту, Мемлекеттік кіріс департаменттерімен бірлесіп, жұмыс топтарын құруды тапсыруды ұсынамын, — деді ол.
Министрдің айтуынша, аталған жұмыс топтары көтерме сауда бағасын анықтап, қайта сатып алушыларды көлеңкеден шығаруы керек.
– Мәселе тексеру жүргізуге қатысты емес. Аталған жұмыс топтары баға белгілеуді талдап, айқындауы қажет. Жарияланған мораторий аясында бұл сыбайлас жемқорлық әлеуетінің төмендеуі мен салық жинаудың алдын алуға бақылауды күшейтеді, -деді Бақыт Сұлтанов.

«Оңтүстік Рабат», №6, 5 ақпан 2020 ж