Кешегі жұма – 14 ақпан күні Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов пен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев халық алдына шығып, 2019 жылы атқарылған жұмыстар бойынша есеп беру кездесуін өткізді. Әйтеновтың кездесуі Шымкент қаласындағы «Түркістан» сарайында, ал Шөкеевтың есеп беруі Түркістан қаласындағы А. Яссауи атындағы ХҚТУ-дің Мәдениет сарайында өтті. Түркістан облысы және орталығы Түркістан қаласының соңғы бір жылда атқарған шаруалары қарқынды, биылға жоспары ауқымды. Оның шет-жағасын газетіміздің екінші бетінде «Түркістан» айдарында аз-кем жаздық. Ал соңғы бір жылда үш рет әкімі ауысқан Шымкенттің алдағы дамуы қалай болмақ? Шымкентте өткен жылы қандай іс атқарылғанын қала тұрғындары көріп-біліп отырса керек. 2019 жылы қаланы басқарған екі әкім де (Ғ. Әбдірахымов, Е.Айтаханов) қазір Шымкент әкімдігінде қызмет етпейді.
Сондықтан да өткен жылы не атқарылғанынан бұрын, жаңа әкімнің биылға не жоспарлағанын ұзағынан санамалап шығайық. Не дегенмен де, биыл келген әкімнің былтырғыны баяндауынан гөрі биылғы жоспарлары қызықтырса керек-ті. Жоспарын соңына дейін жеткізіп, орындай ма, әлде жылға жетер-жетпес уақыт отырып, тағы басқаға орнын босата ма? Бұ жағы белгісіз-ақ. Әкім тұрақтамайтын Шымкентте болжам жасап, «әне, айттым ғой» деп шығу да әсте қиын.
Сонымен Мұрат Әйтенов баяндамасында алдағы 3 жылда шетелдік инвесторлардың қатысуымен кемінде 15 жоба іске асырылып, оған 2,5 млрд. АҚШ доллары көлемінде шетелдік инвестиция тартылатынын айтты.
Әкім сөзінше, соңғы жылдары қалада ауылшаруашылық саласы дамыған. Биыл да солай болмақ.
– Биыл субсидия көлемін 4 млрд теңгеге дейін көбейттік. Алдағы 3 жылда 7 сүт фермасы ашылады, 36 мың ірі қара бордақыланады. Үлкен 3 құс фермасы іске қосылады. 1600 гектар қарқынды бау егіледі. 92 гектар өндірістік жылыжай салынады. Бұдан бөлек, агроиндустриалды аймақ жобасы іске асырылады. Бұл өнім көлемін 40 млрд. теңгеге жеткізуге мүмкіндік береді,-деді әкім.
Шаһар басшысы шағын және орта бизнесті дамыту бойынша жоспарын да бөлісті. Алдағы үш жылда бизнестің жол картасы және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 300 жобаға қолдау көрсетілмек. Ондағы жобалардың құны — 3,3 миллиард теңгені құрайды. Нәтижесінде салада жұмыс істейтіндер саны 148 мыңнан 175 мың адамға дейін көбейеді. Жалпы өнімдегі үлесі 27 пайыздан 33 пайызға жетеді.
– Қалада инженерлік инфрақұрылым өзекті мәселе. Оның бірнеше себебі бар. Халық саны жедел өсіп жатыр. Жаңадан 41 елдімекен қалаға қосылды. Осының салдарынан магистралды жүйелердің қуаты жетіспейді. Алдағы 3 жылда осы мәселені барынша шешуге жұмыс істейміз. Ауыз су бойынша қаладағы 81 елдімекеннің 63-і толық қамтылған, 10-ы жартылай, 8 елдімекен суды тасып ішеді. Қамтылуы 94,7%. Халықты ауыз сумен қамту үшін өткен 3 жылда 31 мыңнан астам тұрғыны бар 9 елдімекенге ауыз су құбыры тартылған. Қазіргі таңда қаланың солтүстік бөлігіндегі жаңа шағынаудандарды дамытуға ауыз судың қуаты жетіспейді. Бұл мәселені шешу үшін 3 магистралды құбыр салуымыз қажет. Биыл қалалық бюджеттен 8 елдімекенді сумен қамтитын 2 магистралды су құбырының құрылысы жүргізіледі. Сонымен қатар, шалғайдағы 5 елдімекенді сумен қамтитын магистралды су құбырының құрылысы жүргізіліп жатыр. Алдағы 3 жыл ішінде жартылай қамтылған 10 елдімекен және қалаға жетіспейтін магистралды су құбырларын тартуды жоспарлап отырмыз,-деді М.Әйтенов. Қала басшысының сөзінше, осы жылы 100 мыңнан астам халқы бар 7 елдімекенді қамтитын Арғынбеков — Жібек жолы магистралды кәріз жүйесінің құрылысына 850 млн теңге бөлініпті. 3 жылдық жоспар бойынша 26 км кәріз коллекторының және қуаты 150 мың метр куб тазарту қондырғысының құрылысын кезең-кезеңімен салу жоспарланған. Алдағы уақытта 13 елдімекен кәріз жүйесіне қосылып, коллектордың қабылдау қуаты артады екен.
Осылайша, кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 49 пайыздан 59 пайызға жетеді.
Қала тұрғындарын көгілдір отынмен қамту мақсатында биылғы жылы республикалық бюджеттен қуаты сағатына 250 мың метр куб құрайтын №3-ші АГРС құрылысы басталады. Оның құрылысын 2022 жылы аяқтау жоспарланған.
– Қазіргі таңда, қаланың солүстік бөлігіне электр энергиясының қуаты жетіспейді. Осы мәселені шешу үшін қуаты 220 кВ Бозарық подстанциясының құрылысы жүргізіліп жатыр. Биыл пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар, салынып жатқан екі подстанция (қуаты 110 кВ «Ақжар» және «1-М-1») келесі жылы пайдалануға беріледі. Нәтижесінде, қуаты 110 кВ құрайтын төрт («Астана-1», «Астана-2», «1-М-1», «Ақжар») подстанция іске қосылып, электр қуатымен қамту 180 МВт-тан 300 МВт артады. Бұл қаланың қажеттілігін шешуге мүмкіндік береді. Осының арқасында 90 мың халқы бар 30 елдімекеннің мәселесі шешіледі,-деді әкім.
2019 жылы қалада 524 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Әйткенмен халықтың жылдам өсуіне байланысты баспана мәселесі өзекті болып тұр. Қазіргі таңда тұрғын үй кезегінде 140 мың азамат тіркелсе, соның ішінде 5 мыңы көпбалалы отбасы.
– Биылдан бастап Шымкентте тұрғын үй құрылысы қарқынды жүреді. Негізгі құрылыс– Шымкент сити, Тұран, әкімшілік-іскерлік орталығы аумағында салынады. Алдағы үш жылда 32 816 пәтерлі 652 көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Соның ішінде биыл 12 117 пәтерлі 227 тұрғын үйдің құрылысы жүреді. Жоспар бойынша 4 640 пәтерлі 89 тұрғын үй пайдалануға беріледі,-деді Әйтенов.
Көлік инфрақұрылым дамытуға келсек, биыл 95 км топырақ жолдарға тас төселіп, 65 көшеге күрделі, 162 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жолдардың өткізу қабілетін көтеру үшін 13 магистралды жолды қайта құру, 2 үлкен жолайырықтың (Рысқұлов-Қонаев, Бәйдібек би — Арғынбеков) және 4 көпірдің құрылысы, Қонаев даңғылының жалғасы, А-2 айналма жолы, №1 автожол, Адырбеков көшесін қайта құру, Әл-Фараби көшесінің жалғасын салу жоспарланған.
– Қоғамдық көлік саласында автобустарды жаңалау жұмысы жалғасады. Өткен жылы қалаға жаңа 300 автобус әкелінсе, 2020 жылы 590 автобус аламыз. Нәтижесінде, жолаушылар тасымалы қызметінің сапасы жақсарып, электронды билет жүйесі енгізіліп, жаңа форматтағы диспетчерлік орталық жұмыс жасайтын болады,-деді әкім.
Қала әкімінің айтуынша, жаңа оқу жылында оқушылар саны 10 мыңға артыпты. Бала санының өсіміне байланысты жылына жаңадан 7-8 мектеп салу қажеттілігі туындаған.
– Алдағы үш жылда 42 мектептің құрылысы, 25 мектеп және 8 балабақшада күрделі жөндеу жұмыстары жүреді. Биылғы бюджет есебінен 7 020 орындық 12 мектеп салынып жатыр. Соның ішінде жыл соңына дейін 5 700 орындық 7 мектеп пайдалануға беріледі. Бұдан басқа, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде 9 800 орындық 10 мектептің құрылысы басталды. Нәтижесінде 19 үш ауысымды мектептің 15-сі, типтік емес 6 мектептің 5-нің мәселесі шешімін табады,-деді Әйтенов.
Халық санының тұрақты өсуі медицина нысандарының қажеттілікті арттырды. Осы мақсатта алдағы үш жылда 10 денсаулық сақтау нысаны салынады. Соның ішінде жеке инвестордың есебінен 1000 орындық заманауи аурухана бар. Бюджет есебінен биыл №2-ші аурухана, қалалық перзентхана және «Ана мен бала» орталығы күрделі жөндеуден өтеді. Ал 33 медицина мекемесіне 1,5 млрд. теңгеге жаңа медициналық құралдар алынады екен.
– Күрделі ауру түрлерін өзімізде емдейтін жобалар қолға алынып отыр. Атап айтқанда, кардиологиялық орталықты «Ұлттық ғылыми кардио-хирургиялық орталықтың» басқаруына берілу жоспарланыпты. Қатерлі ісік ауруларын емдеу үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында позитронды-эмиссиондық томографиясын (ПЭТ) іске қосу жоспарланған. Бедеулікті емдеу үшін «Репродуктивті медицина институтының Шымкент қалалық филиалы» ашылады. Бұл өз кезегінде, жыл сайын 500-ден астам азаматты қаламызда емделуіне мүмкіндік береді,-деді Әйтенов.
Биыл Шымкент ТМД елдерінің мәдени астанасы атанды. Осыған орай наурыз – қараша айларында маңызды іс-шаралар өтеді. ЮНЕСКО-мен бекітілген қаланың 2200 жылдық мерейтойы тойланады.
«Оңтүстік Рабат», №8, 19 ақпан 2020 ж