Арыс қаласы әкімінің жалақысы 420 мың теңге

1220
Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек

Арыс қаласының құрамына 6 ауылдық округі кіреді. Халықтың саны 74 429 адамды құрайды, олардың басым бөлігі қалалықтар дейді есеп берген Арыс қаласының әкімі  Мұрат Қадырбек.

765 мың гектар аумақта  егін және мал шаруашылығы дамыған. Әкім мырза Елбасының  бес әлеуметтік бастамасы бойынша Арыста  жүзеге асатын жобаларға  жеке-жеке тоқталды.

«Сыбаға» бағдарламасы бойынша  жоспар 25 пайызға артығымен орындалған.  «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары бойынша да көрсеткіштер жоғары.  Суармалы жер алқаптарын қолданысқа енгізу бойынша да жұмыстар жүргізлуде. Тамшылатып суғару әдісімен  суғаратын егіс көлемі 1178 гектарға жеткен. Көксарай су реттегіші  пайдалануға берілгені егістік жерлердің көлемін ұлғайтуға мүмкіндік туғызды. Арыстың климаты мал шаруашылығын дамытуға қолайлы. Сондықтан да бордақылау алаңдары мен шағын сүт фермаларын ашу  жұмысын жалғастыру көзделуде.

Арыста апатты және үш ауысымда  білім беретін мектептер мүлдем жоқ. Демографиялық өсім бар болғандықтан, мектептердің жанынан қосымша ғимарат салу қарастырылуда.

Монтайтас ауылдық округі мен Шағыр елді мекенінде, Дермене ауылдық округі Саналы ауылында екі ФАП пайдалануға беріліпті. Арыс қаласы мен Ақдала ауылдық округіне қарасты Онтам елдімекенін  және Қожатоғай ауылдық округіне қарасты Сырдария елдімекенін табиғи газбен қамтамасыз ету үшін  облыстық бюджеттен 89 млн. теңге бөлініп, 3 кезекке бөлініп ЖСҚ әзірленген. 2025 жылға дейін қаланың 26 елді мекенін табиғи газбен қамту жоспарлануда.

Сұрақ жауап барысында тілшілер Арыс қаласының әкімі  Мұрат Қадырбектің жалақысын да біліп алды. А корпусындағы әкімдердің жалақысы 400-420 мың теңге төңірегінде. Ал халықтың алатын  орташа жалақысы 70 мың теңге екен. Шыбын-шіркей,  зиянкестер мен шегірткеге  қарсы   залалсыздандыру жұмыстары  қолға алынғаны да мәлім болды.

Биыл Ұлы Жеңістің 73 жылдығына  Арыстағы баспана кезегінде тұрған ҰОС ардагерлеріне жаңа пәтердің кілті табыс етіледі.