«ДЕКРЕТНЫЙ». СҰРАҚ-ЖАУАП

4409

Газетімізде бұрыннан бар «Сұрақ-жауап» айдарына енді тұрақты бір бет арнап, әр нөмірде жариялаймыз. Бүгінде не көп, өзгеріс көп. Оқырмандарды да мазалайтын сұрақ көп. Міне, сондықтан да «Сұрақ-жауап» бетін тұрақты түрде шығаруға шешім қабылданды. Сонымен сізді түрлі тақырыптағы сауа-лдар мазалай ма? Жауабын нағыз кәсіби маманнан білгіңіз келе ме? Онда газетіміздің WhatsApp нөміріне, info@onrabat.kz эл.поштасына хат жазып, редакцияның 8 (7252) 53-54-17 телефон нөміріне хабарласып, сұрағыңызды айтыңыз. Инстаграмда @onrabat.kz, Фейсбуктағы «Оңтүстік Рабат газеті» парақшасына да хабарласа аласыз.
Біз сіздің әлеуметтен бастап тұрмысқа дейінгі сан сауалыңызға жауап алып береміз.

Газетіміздің бұл санындағы «Сұрақ-жауап» айдарына декреттік демалыс, декреттік демалысқа шығу, декреттік төлем туралы сұрақтарды топтастырдық. Оқырмандар сауалына Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының директоры Бауыржан Оспанов жауап берді.

СҰРАҚ: Жүктілікке және босануына байланысты (декреттік) демалысқа шығуына әлеуметтік төлемдер жасау үшін соңғы неше айдың табысы есептеледі?
ЖАУАП: Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры 5 түрлі әлеуметтік төлем төлеумен айналысады. Соның бірі осы жүктілікке және босануына байланысты әлеуметтік төлем. Бұл төлемді төлеу үшін сол нәзік жандының соңғы 12 айда аударылған төлемі есепке алынады. Нақтырақ айтқанда осы 12 айдың орташа табысы есептеледі. Мысалы әйел адамның 12 айдағы айлығының орташа табысы 100 мың теңге болатын болса, ол әйелге еңбекке уақытша жарамсыздық парағында көресетілген күндерді есептей отырып, арнайы коэффицент қолданылады. Егер жүкті әйел қалыпты босанған жағдайда 3,2 коэффицент қолданылады. Жоғарыда айтқанымыздай орташа жалақысы 100 мың теңгені құраса, онда 420 мың теңге әлеуметтік төлем төленеді. Мұндай жағдайда еңбекке уақытша жарамсыз парағы босанғанына дейін 70 күнге беріледі. Босанғаннан кейін 56 күнге беріледі. Жалпы алғанда 126 күнге беріледі.
Ал егер жүкті әйел екі немесе одан көп бала босанатын болса, немесе қалыпсыз жағдайда босану (кесарь тілігі) арқылы босанса, мұндай жағдайда 14 күн қосылып береді. Сонда жалпы 140 күн демалыс беріледі деген сөз. Бұл жердегі коэффиценті қалыпты босанса, 4,2 болса, қалыпсыз жағдайда 4,7 болады. Мысалы қалыпты босанған әйелдің орташа жалақысы 100 мың болғанда 420 мың төлем алса, қалыпсыз босанған әйелдерге орташа жалақысы 100 мың болса, 470 мың теңге төлем төленеді деген сөз. Демалыс күні де 126 күн емес 140 күнге ұзарады.

СҰРАҚ: Мен өз-өзімді жұмыспен қамтушымын. Сол үшін ай сайын бірыңғай жиынтық төлемдер жасаймын. Бұған дейін 1 жыл жұмыс істегенмін. Бір жылдағы жұмыс істеген аударымдарым бар. Соңғы бір жылда өзім үшін төлеп жатырмын. Бір жыл жұмыс істеген кезімде 130 мың теңге айлығым болды одан 13 мың теңге аударылды. Соңғы жылы өзім 2600 теңгеден төлеп жатырмын. Енді білейін дегенім – маған қанша теңге декреттік төлем шығады. Әлде мен ала алмаймын ба?
ЖАУАП: Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне тек қана жұмыс істейтін азаматтарға ғана емес, жеке кәсіпкерлер де қатысушы болады. Ол үшін әрбір жеке кәсіпкер өзіне және өзінің қызметкерлері үшін әлеуметтік аударымдар аударып отыруы тиіс. Сол аударылған табыс көзінен біз есептейміз. Бұл кісі зейнетақыны айтып отыр. Бұл жерде әлеуметтік аударымдар аударылуы керек. Әлеуметтік аударымның көлемі 3,5% болып есептеледі. Бұл кісі жеке кәсіпкер және әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болса, декретке шығу уақыт келгенде төлем ала алады.

СҰРАҚ: Менің табысым әйелімнің табысынан екі есе жоғары. Баланың әкесі ретінде декреттік демалысқа шыға аламын ба?
ЖАУАП: Заңда әйел не еркек деп бөлінбейді. Бала күтіміне байланыс-ты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем бар. Егер ер адам бала күтімімен айналысқысы келсе немесе бала күтімімен айналысып жатса, онда ер адам жұмыс істемеу керек. Жұмысынан арнайы бала күтіміне байланысты кетті деген бұйрықпен шығу қажет. Және бала туған күннен бастап бала күтімімен айналысуы шарт. Сондай-ақ, ол кісінің жұмысынан ешқандай әлеуметтік төлем, зейнетақы аударымдары жүрмеуі керек. Біз де жұмыс орнынан ол кісінің жұмыстан шыққан-шықпағаны жайында сұраным хат саламыз. Жұмыс орны бізге растаған жағдайда, еркек адамның декреттік демалысқа шығуына мүмкіндік болады.

СҰРАҚ: Менің өзімнің жеке «ИП-ым» бар. Егер сол ИП-ымнан өзіме қосымша салық аударып отырсам бұл декреттің көбірек шығуына әсер ете ме?
ЖАУАП: Жеке кәсіпкер табыс көлемін өзі анықтайды. Егер ол көбірек табыс табатын болса, оның декреттік төлемінің көлемінен айқындалады. Егер табысы көп болса, әрине онда төленетін әлеуметтік төлемнің де мөлшері артады.

СҰРАҚ: Жүктілікке және босануға байланысты төлем тағайындалу үшін өтінішті қайда апарып өткізу керек. Және қандай құжаттар қажет?
ЖАУАП: Құжаттарды халыққа қызмет көрсету орталығына апарып, тапсырса болады. Негізгі тапсыру керек құжаттар ол еңбекке уақытша жарамсыз болып табылатын парағы және жеке бас куәлігінің көшірмесі, екінші деңгейлік банктен жеке есепшоты – осы үш маңызды құжатты тапсырса болғаны. Біз қазір тәжірибе түрінде қолданысқа енгізіп жатқан бір тәсіл: босанған әйел мобилді түрде телефон арқылы өтініш құжаттарын тапсыра алады. Бүгінгі таңда бұл қызмет түрін қолданып жатқан адамдар да бар. Бұл құжаттар заңда көрсетілген нормаларға сәйкес 8 күн ішінде қаралып, шешім қабылданады. Егер бұйрықты сұрату және басқа да құжаттарды сұрату қажет болатын болса, 30 күнге дейін созылады.

СҰРАҚ: Мен 4-курс студентімін. Жақында тұңғыш сәбиімді босанамын. Жұмыс істемеген жағдайда әйелдерге сіздердің тараптарыңыздан қандай көмек бар?
ЖАУАП: Әлеуметтік сақтандыру жүйесі жұмыс істейтін азаматтарды қолдау мақсатында қосымша әлеуметтік қамтамасыздандыру боп саналады. Егер әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болмаса, ол адамға мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленбейді. Ол адамға бала тууына байланысты бір реттік төлем республикалық бюджеттен төленеді. Балаға берілетін 1 жасқа дейінгі қаржы да сол республикалық бюджеттен төленеді.

СҰРАҚ: Жаңа туған бала шетінеп кеткен жағдайда декреттік төлем төлене ме?
ЖАУАП: Егер ол бала 7 күнге дейін өмір сүрген жағдайда 56 күнге дейін еңбекке жарамсыздық парағы беріледі. Сол еңбекке жарамсыздық парағының күніне байланысты 1,8 коэффицент қолданылады. Басында айтқанымдай орташа табысы 100 мың теңге болған жағдайда 180 мың теңге бір реттік әлеуметтік төлем төленеді. Егер бала 7 күннен артық өмір сүрген болса, онда 70 күнге дейін еңбекке жарамсыз парағы беріледі. Ол жағдайда 2,8 коэффицент қолданылады. Орташа табысы 100 мың теңге болған жағдайда 280 мың теңге әлеуметтік төлем беріледі. Және 56 немесе 70 күнге дейін демалыс күндері біріледі.

СҰРАҚ: Депозиттің декреттік демалысқа әсері бола ма?
ЖАУАП: Әйел болсын, басқа да азаматтар болсын, жеке өзінің жинақтаған табысы, депозиті болсын басқа болсын ол декреттік төлемге әсер етпейді. Өйткені әлеуметтік төлем жұмыс беруші тарапынан төленеді. Жұмысшының есебінен емес, жұмыс беруші өз жұмысшылары үшін әлеуметтік аударым аударып отырады. Сондықтан да депозиттер әсер етпейді.
Сөз соңында көптеген азаматтардың түсінбей келіп мәселеге айналдыратын жағдайды айта кеткім келеді. Әлеуметтік төлемді жұмыс беруші төлегендіктен, ол азамат қайдан келіп, қалай төленіп жатқанын біле бермейді. Сондықтан әрбір азамат өзінің әлеуметтік аударымын қадағалап тұру керек. Өйткені, жүктілікке, босануына байланысты қателіктер туындағанда, көптеген азамат төлем мөлшері айлық жалақысының көлеміне сай емесін айтып, шағымданып келеді. Сонда біз ол адамға бізге жұмыс берушісінің ай сайын қанша теңгеден аударғанын көрсетіп, дәлелдейміз.
Ол адам: «менің табысым бұдан көп болуы керек» деп жатады. Сондықтан да әр адам жұмыс берушісі өзіне қанша әлеуметтік аударым төлеп жатқанын дер уақытында біліп отырса, мұндай мәселе туындамайды.

«Оңтүстік Рабат», №5, 29 қаңтар 2020