Лотерея елімізде мемлекет бақылауында – Мәдениет министрі

65
inform.kz

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Заң жобасының мақсаты – лотереялық қызметті жүзеге асырудың жаңа ұстанымдарын одан әрі нығайту.

«2017 жылғы ақпандағы ҚР Үкіметінің қаулысымен «Сәтті жұлдыз» АҚ лотерея операторы болып анықталды. Жаңа заңға сәйкес, анықталған лоторея операторы лотерея билеттерін сату, қазақстандықтарға ұтыстарды төлеу, Қазақстан бюджетіне салық төлеу, спортты дамытуға төлемдер, сондай-ақ үш мыңнан астам шағын бизнес субъектілеріне қосымша табыс көздерін және жұмыс орындарын құру мәселесін қамтамасыз етті», — деді Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.

Оның пайымынша, құқықтық негіздерді одан әрі нығайту қажет.

«Лотерея туралы қысқаша түсіндірме бергім келеді. Лотереяда лотерея операторы қатысушылардың ақшасын жинайды және кейіннен оларды осы қатысушылардың арасында таратады. Барлығына емес, сәтті түскендерге кепілдік береді. Сонымен қатар, жиналған қаражаттың бір бөлігін елдегі спорттың дамуына бағыттайды. Лотерея операторының міндеті — ұтыстарды лотерея қатысушылары арасында еркін таңдау тәсіліменен бөліп беру», — деп түсіндірді министр.

Осы орайда А. Райымқұлова лотерея елімізде мемлекет бақылауында екенін атап өтті.

«Оны өткізудің маңызды элементі – мемлекеттің әлеуметтік бағдарламаларын қолдау. Біздің елде қаражат спортты дамытуға бағыталады. Заң жобасы лотерея таратушылар агенттерінің қызметіне құқықтық негіз жасайды. Бүгінде лотерея операторымен келісімшарт бойынша агенттік қызметті жүзеге асыратын үш мыңнан астам субъект қызметін атқарып жүр», — деді ведомство басшысы.