МЕМЛЕКЕТТЕН БАСПАНА АЛУДЫҢ МӘН-ЖАЙЫ. СҰРАҚ-ЖАУАП

243

Газетімізде бұрыннан бар «Сұрақ-жауап» айдарына енді тұрақты бір бет арнап, әр нөмірде жариялаймыз. Сонымен сізді түрлі тақырыптағы сауалдар мазалай ма? Жауабын нағыз кәсіби маманнан білгіңіз келе ме? Онда газетіміздің WhatsApp нөміріне, info@onrabat.kz эл.поштасына хат жазып, редакцияның 8 (7252) 53-54-17 телефон нөміріне хабарласып, сұрағыңызды айтыңыз. Инстаграмда @onrabat.kz, Фейсбуктағы «Оңтүстік Рабат газеті» парақшасына да хабарласа аласыз.
Біз сіздің әлеуметтен бастап тұрмысқа дейінгі сан сауалыңызға жауап алып береміз.
Бүгінгі тақырыбымыз – тұрғын үй мәселесіне арналады. Сұрақтарға Шымкент қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының бөлім басшысы Жұлдыз Ордабекова жауап берді.

С: Жасым 62-де. 2 топ мүгедегімін. Қалада 1987 жылдан бері тұрып келемін. Басымда баспанам жоқ. Мемлекеттен берілетін тұрғын үй кезегіне тұра аламын ба?
Ж: 2-ші топ мүгедегі және зейнеткер ретінде баспана кезегіне тұра аласыз. Ол үшін қаладағы тіркеу (прописка) мерзімі 3 жыл, табыс көзіңіз күн көріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен төмен болуы керек. Сонда ғана тұрғылықты мекенжайыңызға қарасты «Халыққа қызмет көрсету» орталығына барып немесе үйде отырып-ақ «e.gov» арқылы өтініш бере аласыз. Сіз «Халықтың әлеуметтік жағынан осал тобы» санаты бойынша кезекке тұрасыз.
Айта кетейін, бұл топқа 10 категория кіреді.
1. Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілгендер;
2. 1 және 2 топ мүгедектері;
3. Мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеушi отбасылар;
4. Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтетiн аурулар тiзiмiнде аталған кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын адамдар;
5. Жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер;
6. Кәмелетке толғанға дейiн ата-аналарынан айырылған жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
7. Оралмандар;
8. Экологиялық зiлзалалар, табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйiнен айырылған адамдар;
9. Мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмiрiн құтқару кезiнде, құқық тәртiбiн қорғау кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары;
10. Толық емес отбасылар.

С: Көп балалы ана ретінде тұрғын үй кезегінде тұрмын. «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы ипотекаға үй алсам, арендалық-коммуналдық баспанадағы кезегіме не болмақ? Ол жақтан да ала аламын ба?
Ж. Иә, «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатыса аласыз. Егер Сіз бағдарлама бойынша баспаналы болсаңыз, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін арендалы-коммуналдық негіздегі баспананы ала алмайсыз.
Ескерту: Қазіргі таңда беріліп жатқан тұрғын үйлер – сатып алу құқығынсыз берілетін жалдамалы баспана. Яғни, ол пәтер сіздің жекеменшігіңіз болмайды, және ол жалдау шарты негізінде ғана рәсімделеді. Жыл сайын шаршы метріне шамамен 150 теңге мөлшерінде төлей отырып, өмір бойы сол үйде тұра аласыз.
«Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы үйлі болғыңыз келсе, баспананы өзіңіз таңдайсыз. Ол жаңа салынған үйдегі пәтер және қолданыстағы пәтер не жер үй болуы мүмкін. Таңдаған баспана соммасы 15 млн теңгеден аспауы шарт. Жылдық мөлшерлемесі 2%. Баспана ипотекасы 20 жылға дейін беріледі. Бастапқы жарна мөлшері қарыз сомасының 10 процентін құрайды.

С: Мемлекеттен берілетін баспананың арендалы-коммуналды баспанадан басқа тағы қандай түрлері бар? 
Ж: Сатып алу құқығынсыз мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін үйден бөлек «7-20-25», «5-20-25» не «Бақытты отбасы» (2-10-20) бағдарламалары арқылы да үйлі болуға болады. Арендалық-коммуналдық негіздегі үйлер сатып алу құқығынсыз баспана кезегінде тұрған СУСН, жетім немесе ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар және Ұлы Отан соғыс ардагерлеріне кезек ретімен беріледі. Қалған 3 бағдарлама – ипотекалық негізде. Яғни алдын ала 20 пайыздық жарнасын төлеп, 25 жылға таңдаған бағдарламаға сәйкес пайыздарын төлей отырып баспаналы болуға болады.
«5-20-25» бағдарламасы бойынша кезекте тіркелген азаматтарға қатысу мүмкіндіктері қарастырылған.

С: Мемлекеттен берілетін баспананы кімдер ала алады?
Ж: 2019 жылдың 31 желтоқсанында Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес:
– Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары;
– Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
– Көп балалы отбасылар;
– Жұмыс істейтін жастар;
– Халықтың әлеуметтік жағынан осал тобы санатымен баспана кезегінде тұрғандар «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы сатып алу құқығынсыз пәтерге қол жеткізе алады. Ал:
– Мемлекеттік, әскери және бюджеттік ұйым қызметкерлері
– Жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған азаматтар «5-20-20», «7-20-25» бағдарламасымен ипотекалық пәтерлерді алады.

С: Баспана кезегіне тұру үшін қандай құжаттар қажет?
Ж: Кезекке тіркелу үшін:
– Есепке қою туралы өтініш;
– Өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат (өтініш берушінің жеке басын сәйкестендіру үшін ұсынылады) және өтініш берушімен үнемі бірге тұратын отбасы мүшелерінің (болған жағдайда) жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелері;
-Туу, қайтыс болу, неке қию (ерлі-зайыпты болу), некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу, бала асырап алу, әке (ана) болуды анықтау, атын, әкесінің атын және тегін өзгерту) туралы куәліктердің көшірмелері;
– Өтініш берушіде және онымен үнемі бірге тұратын отбасы мүшелерінде жылжымайтын мүліктің болмауы (болуы) туралы аумақтық әділет органының анықтамалары;
– Өтініш берушіде және/немесе оның өтінішке енгізілген отбасы мүшелерінде жеке меншік құқығында тұрғын үйдегі үлесі болған кезде құқық белгілеуші құжаттардың көшірмелері;
– Халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына жататын азаматтар қосымша өтініш берушінің (отбасының) халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына жататынын растайтын құжатты, сондай-ақ отбасының әрбір мүшесіне (мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелейтін отбасыларды қоспағанда) соңғы он екі ай ішіндегі табысы туралы мәліметтер;
– Мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері және мемлекеттік сайланбалы қызмет атқаратын адамдар жұмыс орнынан (қызметтен) анықтаманы қосымша ұсынады.
– Жалғыз тұрғын үйі авариялық жағдайда деп танылған азаматтар жергілікті атқарушы органның тиісті анықтама;
– Отбасы тұратын тұрғын үй белгіленген санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сай келмеген жағдайда, өтініш беруші санитариялық-эпидемиологиялық қызмет ұйымы жүргізген санитариялық-эпидемиологиялық сараптаманың нәтижелері бойынша санитариялық-эпидемиологиялық қорытындының түпнұсқасын;
– Отбасы тұратын тұрғын үй белгіленген техникалық талаптарға сай келмеген жағдайда, өтініш беруші сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы аттестатталған сарапшының техникалық қорытындысының (тұрғын үйді техникалық зерттеп-тексеру нәтижелері бойынша) түпнұсқасын;
– Жапсарлас, оқшауланбаған тұрғын үй-жайларда екі және одан көп отбасы тұрып жатқан жағдайда, өтініш беруші өзі тұратын тұрғын үй-жайдың техникалық паспорты мен құқық белгілейтін құжатының көшірмелерін;
– Отбасы құрамында кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерімен ауыратын науқастар бар, бір үй-жайда (пәтерде) олармен бірге тұру мүмкін болмаған жағдайда өтініш беруші тиісті ауру түрін растайтын құжатты тапсыруы керек.
С: Баспана кезегінің жылжығанын қалай білуге болады?
Ж: «e.gov» электронды үкімет порталы арқылы білуге болады, немесе «Азаматтарға Арналған Қызмет Көрсету Орталығы» тіркелген мекенжайы бойынша анықтай аласыз.

С:Арендалы-коммуналдық бағытта берілген баспананы жекеменшікке өткізу мүмкіндігі бар ма?
Ж. Сатып алу құқығынсыз берілген жағдайда пәтер жекенің иелігіне өткізілмейді.

С: Қандай жағдайда арендалы-коммуналдық баспана мемлекетке кері қайтарылады?
Ж: Тұрғын үй қатынастарының 107 бабыда көрсетілген заңға сәйкес:
– тұрғын үйдi үнемi қиратса немесе бүлдiрсе;
– тұрған үйдi осы Заңның 4-бабының талаптарын бұза отырып пайдаланса;
– дәлелдi себептерсiз тұрғын үйдi пайдаланғаны үшiн ақы төлеуден қатарынан алты ай бойы жалтарса үй кері мемлекетке қайтарылады.
С: Биыл қанша баспана беріледі. Қай жерден салынған үйлер тапсырылады (мекенжайы)
Ж: Қазіргі таңда тұрғын үй кезегінде 40622 азамат тіркелген. Оның 4687 көпбалалы отбасылар. Шымкентте тұрғын үй құрылысы жыл санап қарқынды жүргізілуде. Негізгі құрылыс – «Шымкент сити», «Тұран» және әкімшілік-іскерлік орталығы аумағында салынуда.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов халыққа есеп беру кездесуінде, алдағы үш жылда Шымкентте 32 816 пәтерлі 652 көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланғанын айтты. «Биыл 12 117 пәтерлі 227 тұрғын үйдің құрылысы жүреді. Соның ішінде осы жылы 4 640 пәтерлі 89 тұрғын үйді пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз» деді әкім.

Дайындаған – А.ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №8, 19 ақпан 2020 ж