Шымкент қаласы әкімінің есебіне мыңнан астам тұрғын қатысты

139

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов өткен жылды қорытындылап, халық алдында есеп берді. «Түркістан» сарайында өткен есепті кездесуде әкім 2019 жылы қаланың экономикалық және әлеуметтік салаларында атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жылда іске асырылатын жұмыс жоспарлары туралы баяндады.

Есепті жиынға қатысқан бір мыңнан астам тұрғыннан бөлек, шымкенттіктер қала басшысының есебін қала әкімдігінің ресми сайты мен әлеуметтік желідегі facebook парақшасында жүрген тікелей эфир арқылы да тыңдады.

Өткен жылы қалада біршама жұмыстар атқарылғанын айтқан қала әкімі жоспарлы индикаторларға қол жеткізілгеніне тоқталып өтті. Мәселен, өнеркәсіп өнімі 2018 жылмен салыстырғанда 15 пайызға өссе, ауыл шаруашылық өнімі 6,3 пайызға, жаңа тұрғын үйлер 19,2 пайызға, ал, бөлшек сауда 7,1 пайызға артқан.

«Республика бойынша индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы іске асырылуда. Бағдарлама аясында Шымкентте 3 жылда 24 кәсіпорын ашылып, 1300 тұрақты жұмыс орны пайда болды. Ал, өткен жылы «Альянс» компаниясының жіп иіру фабрикасы қайта іске қосылды. Ол бірнеше жылдан бері тоқтап тұрған еді. Қалада 2 индустриялды аймақ тиімді жұмыс істеуде. Қазіргі таңда, 64 млрд.теңге инвестициялар тартылып, 72 жоба іске қосылды. Осының есебінен 4 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, бюджетке 13,4 млрд.теңге салық түсті»,-деді М.Әйтенов.

Өз баяндамасында Мұрат Дүйсенбекұлы алдағы 3 жылда шетелдік инвесторлардың қатысуымен кемінде 15 жоба іске асырылып, оған 2,5 млрд. АҚШ доллары көлемінде шетелдік инвестиция тартылатынына тоқталып өтті. Нәтижесінде 2 мыңнан астам тұрғын жұмыспен қамтылатын болады. Ауылшаруашылығы саласында атқарылған жұмыстарға тоқталған әкім өткен жылы аталған саламен 29 млрд.теңгенің өнімі өндірілгенін мәлім етті. Оның айтуынша, салаға соңғы 3 жылда 2,6 млрд. теңге инвестиция салынып, 56 гектар жерге жылыжай және 215 гектар жерге қарқынды бау егілген. Ал, етке 24 мың бас ірі қара бордақыланып, 111 жанұялық сүт фермасы ашылған. Бұл мақсатқа бюджеттен 3 млрд.теңге субсидия төленген.

«Биыл субсидия көлемін 4 млрд. теңгеге дейін көбейттік. Алдағы 3 жылда 7 сүт фермасы ашылады, 36 мың ірі қара бордақыланады. Үлкен 3 құс фермасы іске қосылады. 1600 гектар қарқынды бау егіледі. 92 гектар өндірістік жылыжай салынады. Бұдан бөлек, агроиндустриалды аймақ жобасы іске асырылады. Бұл өнім көлемін 40 млрд. теңгеге жеткізуге мүмкіндік береді», деді әкім.

Есепті жиында шаһар басшысы шағын және орта бизнесті дамыту бойынша жоспарымен бөлісті. Яғни, алдағы үш жылда бизнестің жол картасы және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 300 жобаға қолдау көрсетілмек. Ондағы жобалардың құны — 3,3 миллиард теңгені құрайды. Нәтижесінде салада жұмыс істейтіндер саны 148 мыңнан 175 мың адамға дейін көбейеді. Жалпы өнімдегі үлесі 27 пайыздан 33 пайызға жеткізілмек.

Қалада инженерлік инфрақұрылым өзекті мәселе. Оның бірнеше себебі бар. Халық саны жедел өсуде. Жаңадан 41 елді мекен қалаға қосылды. Осының салдарынан магистралды жүйелердің қуаты жетіспеуде. Алдағы 3 жылда осы мәселені барынша шешуге жұмыс істейтін боламыз. Халық алдындағы есепті кездесуінде осылай деген қала әкімі биылғы жылы 140 мың халқы бар тасымал арқылы су ішіп отырған 8 елді мекен және жартылай сумен қамтылған 5 елді мекеннің мәселесі шешілетінін айтты.
«Ауыз су бойынша қаладағы 81 елді мекеннің 63-і толық қамтылған, 10-ы жартылай, 8 елді мекені тасып ішеді. Қамтылуы 94,7%. Халықты ауыз сумен қамту үшін өткен 3 жылда 31 мыңнан астам тұрғыны бар 9 елді мекенге ауыз су құбыры тартылған. Қазіргі таңда қаланың солтүстік бөлігіндегі жаңа шағынаудандарды дамытуға ауыз судың қуаты жетіспейді. Бұл мәселені шешу үшін 3 магистралды құбыр салуымыз қажет. Биылғы жылы қалалық бюджеттен 8 елді мекенді сумен қамтитын 2 магистралды су құбырының құрылысы жүргізіледі. Сонымен қатар, шалғайдағы 5 елді мекенді сумен қамтитын магистралды су құбырының құрылысы жүргізілуде. Алдағы 3 жыл ішінде жартылай қамтылған 10 елді мекен және қалаға жетіспейтін магистралды су құбырларын тартуды жоспарлап отырмыз»,-деді М.Әйтенов.

Бұдан бөлек, қала басшысы осы жылы 100 мыңнан астам халқы бар 7 елді мекенді қамтитын Арғынбеков — Жібек жолы магистралды кәріз жүйесінің құрылысына 850 млн. теңге бөлінгенін және 3 жылдық жоспар бойынша 26 км кәріз коллекторының және қуаты 150 мың метр куб. тазарту қондырғысының құрылысын кезең-кезеңімен салу жоспарланып жатқанын мәлім етті. Яғни, алдағы уақытта 13 елді мекен кәріз жүйесіне қосылып, коллектордың қабылдау қуаты артпақ Осылайша, кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 49 пайыздан 59 пайызға жетпек. Ал, қала тұрғындарын көгілдір отынмен қамту мақсатында биылғы жылы республикалық бюджеттен қуаты сағатына 250 мың метр куб құрайтын №3-ші АГРС құрылысы басталмақ. Құрылысы 2022 жылы аяқтау жоспарлануда.

Соңғы 3 жылдың ішінде тұрғындарды сапалы электр жарығымен қамту мақсатында 10 елдімекенге электр желісі және 2 подстацияның құрылысы салынған. Бүгінде Шымкент қаласында тұрғындарды сапалы электр энергиясымен қамту деңгейі 93 пайызды құрайды. Қазіргі таңда, қаланың солүстік бөлігіне электр энергиясының қуаты жетіспеуде. Осы мәселені шешу үшін қуаты 220 кВ Бозарық подстанциясының құрылысы жүргізілуде. Ағымдағы жылы пайдалануға беру жоспарлануда. Сонымен қатар, екі подстанцияның құрылыстары жүргізілуде (қуаты 110 кВ «Ақжар» және «1-М-1»). Олар келесі жылы пайдалануға беріледі. Нәтижесінде, қуаты 110 кВ құрайтын төрт («Астана-1», «Астана-2», «1-М-1», «Ақжар») подстанция іске қосылып, электр қуатымен қамту 180 МВт-тан 300 МВт артады. Бұл қаланың қажеттілігін шешуге мүмкіндік береді. Осының арқасында 90 мың халқы бар 30 елді мекеннің мәселесі шешіледі.

Ал, 2019 жылы қалада 524 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл көрсеткіш өсімі жағынан республикада алғашқы үштіктің қатарында (Түркістан және Алматы облысынан кейін). Жалпы өткен 3 жылда 1,3 млн.шаршы метр тұрғын үй салынды. Соның ішінде өткен жылы мемлекеттік бағдарламалар аясында 2 836 пәтерлі 53 тұрғын үй пайдалануға беріліп, 450 көпбалалы отбасы, 242 халықтың әлсіз топтары, 904 жастар баспанамен қамтылды. Бірақта, халықтың жылдам өсуіне байланысты баспана мәселесі өзекті болып тұр. Қазіргі таңда тұрғын үй кезегінде 140 мың азамат тіркелген болса, оның ішінде 5 мыңы көпбалалы отбасылар. Осыған байланысты биылдан бастап Шымкентте тұрғын үй құрылысы қарқынды жүретін болады.

Негізгі құрылыс– Шымкент сити, Тұран, әкімшілік-іскерлік орталығы аумағында салынады. Яғни, алдағы үш жылда 32 816 пәтерлі 652 көпқабатты тұрғын үй салу жоспарлануда. Оның ішінде биылғы жылы 12 117 пәтерлі 227 тұрғын үйдің құрылысы жүреді. Жоспар бойынша 4 640 пәтерлі 89 тұрғын үй пайдалануға беріледі.
Көлік инфрақұрылым дамыту бойынша биылғы жылы 95 км топырақ жолдарға тас төселіп, 65 көшеге күрделі, 162 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жолдардың өткізу қабілетін көтеру үшін 13 магистралды жолды қайта құру, 2 үлкен жолайырықтың (Рысқұлов-Қонаев, Бәйдібек би — Арғынбеков) және 4 көпірдің құрылысы, Қонаев даңғылының жалғасы, А-2 айналма жолы, №1 автожол, Адырбеков көшесін қайта құру, Әл-Фараби көшесінің жалғасын салу жоспарлануда.

Қоғамдық көлік саласында автобустарды жаңалау жұмысы жалғасатын болады. Өткен жылы қалаға жаңа 300 автобус алынса, 2020 жылы 590 автобус алынады. Нәтижесінде, жолаушылар тасымалы қызметінің сапасы жақсарып, электронды билет жүйесі енгізіліп, жаңа форматтағы диспетчерлік орталық жұмыс жасайтын болады.
Есепті кездесуде білім саласының дамуына ерекше назар аударған қала әкімі жаңа оқу жылында оқушылар саны 10 мыңға өскенін атап өтті. Бала санының өсіміне байланысты жылына жаңадан 7-8 мектеп салу қажеттілігі туындайды.

Алдағы үш жылда 42 мектептің құрылысы, 25 мектеп және 8 балабақша күрделі жөндеу жұмыстары жүреді. Биылғы жылы бюджет есебінен 7 020 орындық 12 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде жыл соңына дейін 5 700 орындық 7 мектеп пайдалануға беріледі. Бұдан басқа, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде 9 800 орындық 10 мектептің құрылысы басталуда. Нәтижесінде 19 үш ауысымды мектептің 15-сі, типтік емес 6 мектептің 5-нің мәселесі шешімін таппақ. Өткен үш жылда бюджет есебінен 12600 орындық 19 мектеп, 535 орындық екі балабақша салынған. Осылайша, балабақшамен қамту көрсеткіші 85 пайыздан өткен жылы 99 пайызға жетті. Сонымен қатар, мемлекеттік тапсырыс арқылы 8 мың орындық 15 жекеменшік мектеп ашылған.

Денсаулық сақтау саласында өткен жылы жедел жердем қызметіне 100 жаңа автокөлік берілді. Бұл мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы орындалды. Сонымен қатар осы әдіспен 2 ірі жоба іске асырылды. Атап айтқанда «Медикер» медициналық орталығы ашылды. Бұл мемлекеттік емханалардағы жүктемені 20-30 мың адамға азайтты. Қайтпас-1 шағынауданында 500 орындық емхана құрылысы аяқталды. Халық санының тұрақты өсуі медицина нысандарының қажеттілігін арттыруда. Осы мақсатта алдағы үш жылда 10 денсаулық сақтау нысаны салынады.

Оның ішінде жеке инвестордың есебінен 1000 орындық заманауи аурухана бар. Бюджет есебінен биыл №2-ші аурухана, қалалық перзентхана және «Ана мен бала» орталығы күрделі жөндеуден өтеді. Биыл 1045 медициналық кадрлардың біліктілігін арттыру үшін Израиль, Германия, Ресей, Литва елдерінің жетекші мамандарымен мастер-класстар өткізіледі. Оның ішінде акушер-гинеколог, дәрігер-реаниматолог, фельдшерлер ең үздік халықаралық тәжірибені қолданудың әдістерімен оқытылады. Алдағы 3 жылда әр жыл сайын 30 пайыздан медицина саласының мамандары өз біліктілігін жетілдіретін болады. Ал, 33 медицина мекемесіне 1,5 млрд. теңгеге жаңа медициналық құралдар алынады.

Бұдан басқа, күрделі ауру түрлерін өзімізде емдейтін жобалар қолға алынып отыр. Яғни, кардиологиялық орталықты «Ұлттық ғылыми кардио-хирургиялық орталықтың» басқаруына берілу жоспарлануда. Қатерлі ісік ауруларын емдеу үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында позитронды-эмиссиондық томографиясын (ПЭТ) іске қосу жоспарлануда. Бедеулікті емдеу үшін «Репродуктивті медицина институтының Шымкент қалалық филиалы» ашылады. Бұл өз кезегінде, жыл сайын 500-ден астам азаматты қаламызда емделуіне мүмкіндік береді.

2020 жылды Президент «Волонтерлар жылы» деп жариялады. Осы мақсатта қалада ауқымды іс-шаралар өтеді. Волонтерлар жылын ұйымдастыру үшін «волонтерлар мектебі» ашылады. Ол жерде: «Біргеміз» жалпыұлттық жобасы, Балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне «Тәлімгер» жобасы, «Шымкент-қайырымды қала» жобасы ұйымдастырылады.

Биыл Шымкент ТМД елдерінің мәдени астанасы атанды. Осыған орай наурыз – қараша айларында маңызды іс-шаралар өтеді. Бұл Шымкенттің халықаралық аренада танылуына алғашқы қадам. Қалаға бірнеше елден делегаттар мен туристер келеді. Одан бөлек, ЮНЕСКО-мен бекітілген қаланың 2200 жылдық мерейтойы аталып өтіледі.
Одан басқа, республикалық деңгейде Әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, Ұлы жеңістің 75 жылдығына орай мерекелік іс-шаралар өтеді.