Шымкенттің бас санитар дәрігері коронавирустан сақтану жолдарын айтты

518

Коронавирустар – бұл жануарлар мен адамдар арасында кең таралған вирустардың тобы. Жаңа коронавирус – респираторлық аурудың шығуына себеп болып отырған вирус. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, коронавирустың жұқпа көзі жарқанаттар, жыландар, қояндар немесе құс еті болуы мүмкін.

Инфекция ауа-тамшылар арқылы жұғады, науқас адамнан сау адамға түшкіргенде және жөтелгенде, науқастың жеке заттарымен және ыдысын қолдану кезінде беріледі.
Аурудың негізгі белгілері: дене қызуының көтерілуі, жөтел, құсу, ентігу және диарея.
Қауіпсіздік шаралары:

— қолдың гигиенасын сақтау, яғни қолды сабынмен жиі жуу және дезинфекциялау құралдарын пайдалану қажет, әсіресе жөтелу, түшкіру кезінде;
— көзді, мұрынды, бетті қолмен ұстаудан барынша аулақ болу, адамдар көп жиналатын жерлерде бетперде кию;
— жөтел, түшкіру кезінде ауыз бен мұрынды жабу үшін майлықтарды пайдалану, содан кейін оларды қоқысқа тастап, қолды мұқият жуу керек;
— көкөністер мен жемістерді қолданар алдында мұқият жуу;
— дұрыс тамақтану, дене шынықтырумен айналысу, сондай-ақ сегіз сағаттық толық ұйқы сіздің ағзаңыздың иммундық жүйесін жақсартуға көмектеседі.

Қытай Халық Республикасында тіркеліп отырған коронавирусты инфекцияның қала аумағында тіркелуінің және таралуының алдын алу мақсатында Шымкент қаласы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті және оның аумақтық басқармаларымен санитарлық қадағалау бекеттерінде, медициналық ұйымдарда эпидемиологиялық қадағалау күшейтіліп, қарқынды түрде тиісті санитариялық-ағарту және түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Құзырлы мекемелердің коронавирусты инфекцияға күдікті науқас тіркелген жағдайда, эпидемияға қарсы шаралар жүргізуге, қала аумағында карантиндік және аса қауіпті инфекциялардың таралуының алдын алуға дайындығын бақылау мақсатында Шымкент қаласының әуежайында және теміржол вокзалында оқу-жаттығу жұмыстары ұйымдастырылды.
Бүгінгі күнге Шымкент қаласында коронавирусты инфекция тіркелмеген. Эпидемиологиялық жағдай толық бақылауда.
        Коронавирусты инфекцияның Қытай Халық Республикасында көптеп тіркелуде. Сол себепті, аспан асты еліне және қауіпті инфекция тіркелген басқа да елдерге сапарға шығуды уақытша тоқтата тұруды ұсынамыз.
Ә. Қ. Төлебаев
Шымкент қаласы 
Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің 
сапасы мен қауіпсіздігін бақылау 
департаментінің басшысы