«Еңбек нарығындағы сұранысқа ие техникалық мамандарды даярлайтын №10 колледждің материалдық-техникалық базасы сын көтермейді» дейді қалалық мәслихаттың депутаттары.

1958 жылы іргетасы қаланған білім ордасындаға оқу бөлмелері мен шеберханалардың тозығы жеткен.

Батыр Жорабеков мектеп қабырғасынан ағаш ұстасы болуды армандайтын.Былтыр №10 колледжге оқуға түсіп, мамандықтың қыр сырын меңгеріп жүр. «№91 жалпы орта мектебінен кейін осы ағаш ұстасы мамандығы бойынша оқып жатырмын. Орындық   жасауды үйрендім, үйде есік терезелерде ақау орын алса, өзім жөндей аламын» дейді Б.Жорабеков.

Іргетасы 1958 жылы қаланған білім ордасындағы өндірістік оқу бөлмелері мен шеберханалардың тозығы жеткен. Кеңес Одағы дәуірінде орнатылған станоктар мен құрылғылар ескірген. Алайда осыған қарамастан, колледж бүгінде 8 мамандық бойынша шәкірт даярлайды.

«Слесарь-сантехник жаңа мамандығын енгіздік. Оқу корпустары жетіспейді, шеберхана да керек. Бұрын колледж Түркістан облысына қарайтын болса, қазір Шымкент қалалық білім басқармасына өткен», дейді Шухрат Ахмедов.

Мамандандырылған кәсіби техникалық училищенің колледж атанғанына жетінші жыл. Бірақ, жыл сайын жаңа мамандық қосылатын білім ордасында дәрісханалар мен шеберханалар жетіспейді. Салынғанына 60 жыл болған ғимаратты пайдалану мерзімі де біткен. Колледждегі оқу ғимаратының бірі апатты деп танылғанына 5 жыл.

Мүсірәлі Тоғызбаев, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты: «Ғимараттың апатты деп танылғанына 5 жыл болды. Оның орнына жаңа ғимарат салу үшін 23 млн. теңгеге жобалық-сметалық құжат жасалған. Биыл құрылыс басталмаса, құжат өз күшін жояды».

Бұл мәселе «НұрОтан» партиясының Шымкент қалалық филиалы жанындағы фракция отырысында қаралды. Колледж ұжымы енді нәтиже  болар деп үміттенуде.

Шынар Оразова