«Қызмет сапасы бағаға сай емес». Түркістан қаласының тұрғындары жолақының бірден 20 теңгеге қымбаттағанына наразы.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, автобустардың қатынау ара қашықтығы тым алшақ. «Қоғамдық көліктерді күтіп қаламыз» деп шағынған түркістандықтар такси қызметіне көп шығынданатындарын айтады.
Түркістанда халық саны артқан сайын автобус қызметін пайдаланатындар да көбейіп келеді. Қоғамдық көлік жетіспей, жолаушылар діттеген жерлеріне бұрыңғыдай дер кезінде жете алмайтындарын айтады. Әсіресе таңғы, кешкі мезгілдерде оушыларға обал болды дейді жолаушылар.
Облыс орталығында жүйіткіп жүрген қоғамдық көліктердің 80 пайызы шағын автобустар. Замана талабына сай келмейтін техникалардың көбісінің тоз-тозы шыққан. Жолаушылар әсіресе қыста қиналатындарын айтады.
Қоғамдық көліктерге қатысты арыз-шағымдардың соңғы кездері жиілей түскенінен жергілікті билік өкілдері де хабардар. Қазір қалада 21 бағыт бойынша 800-ге жуық автобус қатынайды екен. Олардың 70 пайызын жаңарту қажет дейді сала басшысы.
Байдулла Оразбеков, Түркістан қаласы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы: «Биыл 18 автобус сатып алуға жұмыс жасап жатырмыз. Олар қыркүйек айында жеткізіледі. Келесі жылы 100, арғы жылы тағы 100 автобус сатып алатын жоспарымыз бар».
Шенеуніктер жолаушылардың сын-ескертпелеріне қарай автобустардың жұмысын 1 сағатқа ұзартып отырмыз дейді. Қоғамдық көліктер таңғы сағат 7:00-ден кешкі 21:00-ге дейін бағытта. Билік өкілдері жолаушылар тасымалындағы бәсекелестікті арттыру үшін өзге де компаниялармен әріптестік жасасуға әзір екендерін айтады.
Мақпал Рысбаева