Жабайы қабанды атып өлтірген браконьерлер құрықталды

129

Түркістан облысында полицейлер жабайы қабанды атып өлтірген браконьерді қолға түсірді.

Естеріңізге сала кетейік, Түркістан облысы аумағында ПД ЖПҚ-нің табиғатты қорғау полициясы қызметкерлері «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде. Негізгі мақсат — табиғат қорғау заңнамасы саласындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды анықтау және алдын алу, балық және басқа да табиғи ресурстарды заңсыз аулау деректерінің жолын кесу болып табылады.

Мәселен, Түлкібас ауданында тәртіп сақшылары мемлекеттік қорықта жабайы жануарларды заңсыз атқан браконьерді қолға түсірді. Полицейлерге қорық аумағында белгісіз тұлғалар браконьерлікпен айналысып, қабан аулап жүргендігі туралы хабарлама келіп түсті.

Тексеру барысында, полиция қызметкерлері қорық қызметкерлерімен бірге Шақпақ баба ауылының маңында тау етегінде қабанның сойылған еті мен тіркелмеген 16 калибрлі аңшы мылтығын тапты. Ал күдіктілерлің белгісіз бағытта жасырынғандығы анықталды.

Аталған жайт Түлкібас АПБ-не ҚР ҚК-нің 337-бабы «Заңсыз аң аулау» бойынша тіркелді. Күдіктілерді іздеуге аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жұмылдырылды.

Осылайша, Түлкібас АПБ-нің полиция қызметкерлері жедел әрекетке көшіп, күдікті жергілікті тұрғынды ұстады. Сараптама тағайындалды. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
«Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шараларын жүргізу барысында полицейлер 10 экологиялық қылмыс пен 230-дан астам әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтады. Құқық бұзушыларға миллион теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды.