Өмірде екі нәрседен қателеспеу керек: бірі – мамандық таңдау болса, екіншісі – жар таңдау. Қай-қайсысынан да қателессеңіз, сол қатені түзету қиынға соғады, тіпті мүмкін емес-ке айналады. Редакцияға хабарласқан оқырманымыз ағасының жар таңдауда қатты қателескенін, соңы қайғылы оқиғаға ұласқанын айтады. Ағасының тағдырын баяндаған оқырманның сөзін қаз-қалпында жазып алдық.

Сәлеметсіздер ме? Мен ағамның басынан өткен тағдырын баяндағым келеді. Біз әке-шешеден: бір ұл, бір қыз баламыз. Әке-шешеміз бізді ешкімнен кем қылмай, еш таршылық көрсетпей өсірді. Бай болмасақ та қажетіміздің барлығын алып берген ата-анамызға рахмет.

Әкем жастайынан базарға шығып сауда жасаған адам. Әуелде кішігірім сауданы бастаса да кейін келе базардан бірнеше орын алып, кәсібін кеңейтті. Ағам оқуға ынтасы болмаған соң, әкем оны колледжге оқуға түсіріп, кейін базарда өзінің жанына орынға қойды.

Бар ойы – баласына сауданың қыр-сырын үйретіп, табыстау еді. Мен университетке оқуға түстім. Осылайша, жап-жақсы өміріміз жалғасып жатты.
Жалғыз ағам – өте жақсы адам. Ешкімнің еңбегін қанамайтын. Жанындағы көмекшілеріне еңбекақысын артығымен төлеп жүретін. Кейде сол қылығы үшін әкемізден ұрыс естіп те қалатын.

Дегенмен оның аппақ таза пейіліне іштей разы болатынбыз. Әкем ағама сауданың мән-жайын үйреткен соң, өзі үйде демалатын болды. Сауданың барысын үйде отырып-ақ қадағалап отыратын еді.

Енді бір жағынан денсаулығы да сыр бере бастаған. Ұзақ жылдар базарда жүрген адам қартая келе денсаулығы нашарлайды. Анам әкеміздің күтіміне қарайтын.
2-курс оқып жүргенімде анам хабарласып, ағамның үйленгісі келгенін айтты. Аяқ асты жаңалыққа таң қалдым. Ағамның сырласы едім. Бұл туралы маған ештеңе айтпағанына күмәндандым. Сессия демалысы да жақындап қалған.
Анам хабарласқаннан он күндей өткен соң, үйге келдім.
Шешеміз шама-шарқынша тойға дайындалып жүр екен. Ағамның қуанышты емесін байқадым.

Кешкісін жанына барып, болашақ жеңгемнің кім екенін білгім келіп, әңгімеге тарттым. Базарда өзі сияқты сауда жасайтын танысының құрбысы екен. Түсінгенім – қыз жүкті боп қалған. Үйленуден басқа амал жоқ. Қызды мұндай күйде тастап кете алмайтынын, ішіндегі сәбидің еш кінәсі жоқ екенін, әйелін барынша бақытты етуге тырысатынын айтты.

Улап-шулап жүріп, жазда тойымызды өткізіп алдық. Шынымды айтсам, ағам мені жеңгеммен таныстырған кезде-ақ ол адам маған ұнамады. Ағамды жақсы көрмейтіні көрініп тұрды. Тек ақшасы үшін ағамды тұзаққа түсірген сыңайлы көрінді. Жаратқаннан бұл ойымның қате болуын тілеп, оқуыма қайттым.
Несін жасырайын, сол қыз келін боп, үйіміздің табалдырығын аттаған сәттен бастап отбасымыздың тынышы кетті. Ағамның саудасы жүрмей қалды. Бірнеше рет банкрот болды. Үйімізден береке қашты.

Ағам бас-аяғы сегіз айдың ішінде қарызға белшесінен батты. Жеңгеміз оған қолдау көрсетудің орнына үнемі құлақ етін жеді. Сәтсіз саудасын бетіне басудан шаршамады.
Анам баласының күн санап еңсесі түскенін көріп, жиі ауырып қалатын болды. Әкеміз ауруына ауру жамады. Денсаулығы тіптен нашарлады. «Келіннің аяғынан» дейтін еді ғой. Көп ұзамай әкеміз өмірден озды.

Сенесіздер ме, бұрын үнемі жайнап-жадырап, айналасындағы адамдарға қол ұшын созып, көмектесетін, сол әрекетінен рахат алатын ағам сегіз айда сегіз жасқа қартайғандай болды.

Ұнжырғасы түсіп, еңсесін тіктей алмады. Мұның себебі – жеңгемнің ағама «қолынан түк келмейтін біреу» деп қарауынан болса анық.
Бұдан қалса, «Мынадай киім кимедім, мынадай ас ішпедім, мына жаққа бармадым. Мұның бәрі де сенің ездігің, сенің жамандығың» деп ағамды жерге тығатын мінезі бәрімізді шаршатты.

Әкеміздің жылдар бойына маңдай терін төгіп жүріп, тірнектеп жинаған мүлкін әп сәтте жоқ қылды. Оқудан демалыста үйге барғым келмейтін. Бұрын тек күлкі-шаттыққа толы отбасымыздың кісі танымастай күйге түскенін көру маған өте ауыр әрі азап еді.
Анам жуас адам ғой. Сондықтан келініне қатал болмады. Қанша қатал болса да жеңгемнің ешкімге иілмейтін мінезі бұған жол бермейтіні анық.
Үйімізге анам мен ағам үшін амалсыз барамын. Құдай-ау, өз үйіме барғанда да жақтырмайтын ғой. Қабағы бір ашылмайтын, тіпті бір кесе шайын да дұрыс бермейтін.

«Бұл келіншектің соншалық тар пейілінің кесірі ағам мен анама тиіп кетпесе екен» деп қатты қорқатынмын. Қорқынышым да басыма келді. Әкемнен кейін араға 2 жыл салып анам да о дүниеге аттанды. Мені құтты орныма қондыра алмады.

Анашым ағама қатты тапсырса керек, әйелінің қарсылығына қарамастан мені ұзатып, жасауымды беруге кірісті. Үйіне келуден қашып, сыртта көп жүретіндіктен ішімдікке де әжептәуір салынып кетті.

Менің ақылымды тыңдап. «Енді қоямын, бұрынғыдай дұрыс адам боламын» дегенімен бәрі бекер.
Үйде жылы қабағымен қарсы алатын, тапқанын есеппен жұмсайтын әйелі болмаған соң ағамды да кінәлауды қойдым. Бірақ сөзінде тұрды. Мені ұзатты. Ешкімнен кем етпеді. Жасауымда да алып барды.

Қарызға батты. Саудасы мүлдем жүрмейтін болды. Базардағы бірнеше сауда орнынан тек бір орын ғана қалған еді. Соны да жабуына тура келді.
Келіншегі ағамды маған қанша рет айдап салса да ағам бір де бір рет көңіліме қаяу салатын сөз айтқан емес.

Тұңғышымды босанған кезімде келді. Жиенді болғанына қатты қуанышты еді. Жанарына жас алып, бөпемді құштарлана ұзақ искеді. Бір нәрсені сезді ме, маған ұлын қайта-қайта тапсырып, өзіне бір жағдай болса, ұлына бас-көз болуымды өтінді.

Сөйтіп біздің үйден өте кеш түндетіп қайтты. Ертеңіне суық хабар есіттім.
Ағам бізден шыққан соң бір жерге барып ішіп, үйіне қайтып бара жатқанында шалынып жығылып, басын тасқа соғып, қайтыс болыпты.
Жүрегім қарс айрылды. Бірге туғандарымның бәрі кетті. Қатты қиналдым. Ағамның жаназасына барғанымда соған дейін бетіне еш қатты сөйлеп көрмеген жаман болса да сыйлай салатын жеңгемнің жағасына жармастым.
Бәріне соны кінәладым. Ағамды қолынан түк келмейтін бейшара етіп айтатын сөздерімен, көрсеқызар, мүлдем сыйламайтын мінезімен күйеуінің түбіне жеткенін бетіне бастым.
Бәрі кеш еді. Сонда да қатты қиналып, қаншама жыл ішіме жиналып қалған сөздерді төктім.
Бәрі бекер екен. Ағам қайтқанына жыл толмай жатып басқа біреуге күйеуге шықты. Ағамның баласын өз қолыма алдым.
Ата-енем де жолдасым да өте жақсы адамдар. Қайғымды бөлісті. Әкемнің ізі, ағамның ұлы – інімді қолыма алуға жәрдемдесті.
Қазір ержетіп қалды, соған шүкірлік етемін.

Бір әулеттің жарығын бір шүйкебас сөндіре алады екен. Егер жеңгем – ашкөз, ақымақ, ақшадан басқаны ойламайтын адам болмағанында мұндай жағдай болмас па еді?!
Алтын ағам жар таңдаудан қателесті. Ол қу әйел ағамның ақшасы бар екенін көріп, амалын тауып, әдейі қойнына кірген ғой. Ақырында бәрімізге зардабы тиді.

Сондақтан да адамдарға жар таңдаудан қателеспеу керегін айтқым келеді. Әсіресе, бір әулеттің жалғыз ұлы қулығына құрық болмайтын айлакер қыздың қармағына түсіп қалуынан сақтаныңыздар.

Қармаққа түскеннің бірі – менің ағам. Соңында әке-шешемнің де, ағамның да түбіне жетті, ал өзіне ештеңе де болмады, ағам қайтыс болған соң, жылдық асын да күтпей, басқа еркектің қойнына кіріп, өмірі сүріп жатыр.

Жанерке Хумар

«Оңтүстік Рабат», №5, 29 қаңтар 2020