Шымкентте жол қозғалысын реттеуші жасөспірім марапатталды. Әлеуметтік желіде кеңінен тараған «жол қозғалысын реттеп тұрған оқушы» туралы бейнежазба Шымкент қаласы Полиция департаментімен зерттеліп, бейнежазбадағы жасөспірім Сайрам елді-мекеніндегі № 114 мектептің 7-сынып оқушысы Дастан Өміртаев екені анықталды.
Осы орайда, Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Ералы Жумаханбетовтың атынан орынбасары полиция полковнигі Алмас Әмзеев Дастан Өміртаевты арнайы шақырып, өзінің және департаменттің жеке құрамы атынан алғыс хатпен марапаттап, сыйлық табыстады.
Дастан Сайрам елді-мекеніндегі көшелердің қиылысында көлік кептелісін байқап, жүргізушілерге көмек көрсету мақсатында жол қозғалысын реттеуге шыққан. Автокөлік жүргізушілері оның белгілеріне бағынып, кептелістен шығуға көмектескені үшін алғыстарын білдірген.
Алмас Әмзеев Дастанға азаматтық ұстанымы және осындай жағдайға бей-жай қарамай көмекке келгені үшін алғыс айтып, болашақта ішкі істер органдарында қызмет етуге шақырды. Алайда, Дастан мен оның ата-анасына мұндай әрекеттер жолда авариялық жағдайлар тудырып, ең бастысы оның өміріне қауіп төндіруі мүмкін екендігін ескертіп, есте сақтауын сұрады. Сондай-ақ, мұндай жағдайларда «102» нөмеріне хабарласып, полицейлерді шақырған жөн екені ескертілді.
Осы орайда, Дастанға Жол қозғалысы ережелерінің кітапшасы сыйға тартылды. Жас жеткіншектің болашақта полиция қызметкері болам деген ниетін ескере отырып, департамент қызметкерлері Дастанды Патрульдік полиция полкінің саптық жиынына қатыстырып, жол қозғалысын реттеуші полицейдің жұмысын көрсетіп, полиция қызметкерінің күнделікті тыныс- тіршілігімен таныстырды.