«Оңтүстік Рабат» газетінде «Сізді іздеймін» танысу бұрышының ашылғанына 1 жылдың жүзі болды. Осы уақыт аралығында АБОНЕНТ №1-ден басталған хабарландырулар реті №160-тан асты. Біраз кісі жұбын тауып, отбасын құрды. «Сізді іздеймін» танысу бұрышының әуел бастағы да бүгінгі де мақсаты біреу: ол – өмірлік серік іздеген жандардың қамкөңілін жұбатып, олардың өзі лайық, өзіне лайық адамды табуына көмектесу.

Әйткенмен, танысу бұрышына шыққан жандардың сеніміне кіріп, алдап соғып, арбап кетуді көздеген арам ниетті адамдар да бар боп шықты. Тап бұлай ойлауымызға редакциямызға хабарласқан оқырманымыздың айтқаны себеп болды. Ол Әкесін алдап кеткен әйел оқиғасын баяндады. Айтуынша, қазір қарт адамдарды алдап-арбап, қармаққа түсіретін алаяқтар бар екен. Сөзді оқырманымыздың өзіне берейік…

Сәлеметсіздер ме? Атым – Маржан. Түркістан облысының тумасымын. Жақында әкемнің басынан өткен оқиғаны сіздерге айтып беруді жөн санадым. Басқа да жасы келген адамдар сақтанып жүруі үшін мейлінше көп адамның білгенін қалаймын.
Әкем – 70-тен асқан адам. Анамыздың дүниеден озғанына да біраз жылдың жүзі болды. Бала-шағасы өсіп-жетіліп, осы өмірден орнын табуы үшін барын салған асқар тауымыз бізді ешкімнің қолына қаратпай өсірді.
Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды. Бәріміз жан-жаққа кеткен соң да немерелерінің тәрбиесімен айналысты. Оның жалғыз жүруі жанымызға бататын. Жасы келген сайын, әйел адамның көмегіне зәру екенін көріп, біліп жүрдік.
Қолында келін болғанымен де дас-тархан басында шүйіркелесіп отырып шай ішетін бір адам керек екені күн өткен сайын байқала бастады. Мұндайды қыздар тез байқайды ғой. Сонымен қыздар ақылдаса келе әкемізге жақсы бір жар тауып беруді қолға алдық.
«Оңтүстік Рабат» газетінің «Сізді іздеймін» танысу бұрышы бар екенін естіп-біліп жүрдік. Осы танысу бұрышы арқылы танысып, қосылған таныстарымыз да болды. Басқа жақтан да көп еститін едік.
Сонымен әкемізбен ақылдаса келе, қандай адамды іздейтінін жақсылап жазып, «Сізді іздеймін» танысу бұрышына хат жолдадық. «Мүмкін, қалауындағыдай жақсы адам жолығып қалар» деген үмітіміз болды.
Арадан бір апта өтпей, бірнеше адам хабарласты. Кейбірі тым жас болғандықтан әкем оларды қабыл алмады. Бір күні 50 жастан асқан шымкенттік әйел әкеме хабарласып, өзі дәл әкем сияқты адам іздеп жүргенін айтқан. Екеуі бірнеше күн бойына телефон арқылы жағдай сұрасып, бір-бірінен хабар алып тұрған.
«Бір-бірімізді танып, білейік, сосын көре жатармыз» дейтін жастағы адамдар емес, бірден кездесуге шешім қабылдаған. Алдымен әкемді Шымкентке шақырған.
Екеуі бір кафеге барып, танысып, ұзақ уақыт сөйлесіп, тағы хабарда болатындарын айтып тараған. Арада бірнеше күн өткен соң әйел әкемізге қоңырау шалып: «ауылыңызға барып көргім келеді, тұрған жеріңізді көрейін, бала-шағаңызбен танысайын» депті. «Жақын араласайық» деген сияқты небір жылы сөздерін айтқан соң әкем де оны үйге шақырған.
«Осындай бір адаммен таныстым, демалыс күні келеді. Жақсы дастархан жайып, күтіп алыңдар» деген соң біз де барымызды салып дайындалдық.
«Не дегенмен әкемізді таңдап келе жатыр. Ол да жартысынан айырылған адам ғой. Бізді жатырқап кетпесін, отбасылық ыстық ықыласымызды білдірейік» деп келістік.
Сөйтіп, сонша күткен қоғанымыз да келді. Жалғыз емес, жанына жеңгесін ерте келіпті. Алдымен жеңгесі екеуі бізден барлығын сұрады. Жақсылап танысып-білісу үшін барын салып отырды. Сырттай қараған адам олардың сыпайылығына қайран қалады.
Бізге де ұнады. Әкемізге күтіммен қараса, оны ерекше сыйлайтынымызды айтып, асты-үстіне түсіп күттік. Әйелді жақынырақ тану үшін өзі жайлы айтып беруін сұрадық.
Өзі айтқандай, есімі – Гауһар. Шымкентте тұрады екен. Күйеуі талай жыл бұрын қайтыс болыпты. Бір қызы бар. Қызы тұрмысқа шығып, балалы-шағалы болып, өз алдына отау құрып кеткен.
Шымкентте бір мектепте бастауыш сыныпқа сабақ беретінін, кезінде Өзбекстаннан келгенін де айтты.
Жағдайының нашар екенін де жасырмай, жалғыздықтан әбден жалыққанын, жанына жылу болар ер адамды іздегенін, сол адамның біздің әкеміз болғанын жеткізді.
Өзінің жеке баспанасы жоқ болғаны себепті ағасының қолында тұрады екен. Әйтсе де ағасымен жиі-жиі сөзге келіп қала беретінге ұқсайды. Сондықтан да өзін құрметтейтін, қадіріне жете білетін бір адамға күйеуге шыққысы келеді екен.
Бар жағдайын жасырмай баяндап, таныстырған әйел бізге де ұнады.
Мен сонда да жеке куәлігін көргім келетінін айтып едім, сенімсіздік танытқанымызға қатты ренжіді.
«Мен алаяққа ұқсап тұрмын ба? Сіздер бұлай көңіліме келетін әңгіме айтпаңыздар. Сондай ақымақ жан емеспін» деп ағынан жарылған соң, туысқандарым қатты қысымға алмауды өтінді.
Дастархан басында отырған соң, ол әйел мектеп директорына 250 мың теңге қарызы барын, сол қарызынан құтылуына көмектессек, сол күні әкемнің үйіне көшіп келетінін, одан кейінгі өмірін әкемізді бағып, сол кісіні күтумен өткізетінін айтты.
Сәл күдіктенсем де, әкеміздің көңіліне бола ештеңе демедік. Тап сол жерде 250 мың теңгені жинап бердік. Ол жеңгесімен бір күн қонып, ертеңіне Шымкентке қайтты.
Сол кеткеннен мүлдем хабарсыз кетті. Телефонын көтермей қойды. Біз мына жақта ол әйелдің әрекетін түсінбей, дал болдық. Шымкентке барып, айтқан мектебінің қызметкерлерінен Гауһар есімді бастауыш сынып мұғалімін сұрадық. Мектептегілер ондай адамның қызмет етпейтінін айтты. Сол кезде барып, алданғанымызды білдік.
Әкемізді сабырға шақырып, оның еш кінәсі жоқ екенін түсіндірдік. Дегенмен, ешқашан ешкімге қиянат жасамаған адамға бұл жағдай ауыр тиді. Қан қысымы көтеріліп, жас балаша алданып қалғанына қатты намыстанды.
Арада шамалы уақыт өткен соң, сол әйел тағы да хабарласып, кешірім сұрап, енді ломбардта 90 мың теңге қарызы барын, егер соны төлеп берсе, бұл жолы міндетті түрде әйелі болатынын айтыпты. Неткен ұятсыз адам екеніне таң қалдық.
Әкеміз: «Қателегін түсініп тұр, тағы ақша сұрауға ұялған екен. Сол үшін де хабарласа алмапты. 90 мың теңге қарызын жауып берейік, обал болады» деді. Әкеміздің сөзін жерге тастай алмай, айтқанын орындадық. Ақшаны қолына ұстата салмай, Шымкентке өзіміз апарып бермекші болдық.
Мен оған қарызы бар ломбардтың қайда екенін айтса, ақшаны сол жерге әкем екеуміз апаратынымызды айттым.
Ол Бекжан базары жақтағы бір мекенжайды жазып жіберді. Сол жерге барып, еш ломбард таппадық. 2-3 сағаттай күттік. Ол келмеді.
«Мүмкін, бізді полиция ертіп келеді» деп ойлаған шығар. Міне, содан кейін ол әйелден хабар жоқ. Ақша оған садақа болсын.
«Бірақ тағы бір аңқау адамды алдап жүрмесінші» деп хат жазуыма тура келді. Адамдар, алаяқтардан сақтаныңыздар!
«Оңтүстік Рабат» газетінде жақсы мақсатта ашылған танысу бұрышына небір жақсы адамдар, шынымен өмірлік серікке мұқтаж жандар хабарласады. Сондай ақкөңіл жандар осындай ақымақтардың арбауына түсіп қалмаса екен!

Дайындаған – Жанерке Хумар
«Оңтүстік Рабат», №9, 26 ақпан 2020ж