Қазығұрт АПБ-нің кезекші бөліміне жергілікті тұрғын, әйел арызданып, күндізгі уақытта оның үйіне белгісіз тұлғалар кіріп, 350 мың теңге тұратын алтын бұйымдарын ұрлап кеткені жөнінде хабарлама түсірген. Осы жайт Қазығұрт АПБ-не ҚР ҚК 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеліп, СДТТБТ-не енгізілді.
Ұрлықты ашу мақсатында полиция бөлімінде жедел-тергеу тобы құрылып, полицейлер тез арада күдіктіні ұстауға кірісіп кетті. Тәртіп сақшылары қылмыс орнында ұры қалдырған іздерді мұқият тексеріп, куәгерлерден жауап алып , жақын маңдағы аумақтарды аралап, басқа да қажетті барлық шараларды жүзеге асырды.
Жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, Қазығұрт АПБ-нің полиция қызметкерлері күдікті ретінде жергілікті тұрғынды құрықтады. Тергеу барысында анықталғандай, жас жігіт үй иесінің жоқтығын пайдаланып, жәбірленушінің үйіне терезе арқылы кіріп, жатын бөлмедегі шкафтан құнды заттарды ұрлап кеткен. Содан, үй ұрысы ұрланған алтынды Шымкент қаласындағы ломбардтардың біріне өткізеді, ал ақшасын өз қажеттілігіне жұмсаған.
Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция қызметкерлері күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтауда.
Өз кезегінде тәртіп сақшылары Түркістан облысының тұрғындарына қырағы болуға және өз үйлерін қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Үйлердің терезелерін темір торлармен бекітіп, есіктерге сенімді құлыптар қойып, сондай-ақ тұрғын үйлерге күзет дабылқаққышын орнату қажет. Пәтер ұрлығы болған жағдайда шұғыл 102 телефоны арқылы полицияға хабарласу керек, бұл хабарламаңыз полиция қызметкерлеріне ұрлықтың ізін суытпай ашуға көмектеседі.