Түркістан облыстық Еңбек инспекциясы бойынша басқармасы өткен жыл қорытындысымен 11 кәсіпорын мен мекемелерде 1344 жұмысшы алдында 214,3 млн. теңге жалақы қарыздарын анықтады.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 8 кәсіпорында 164 млн. теңге жалақы қарыздары төленіп, 1 313 жұмыскердің еңбек құқықтары қорғалды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте басқарма басшысы Бегман Нұрмаханов мәлімдеді.
Бұдан өзге, былтыр басқарма тарапынан 1089 азаматтың арыз-шағымдары қаралып, олардың барлығына заңмен белгіленген мерзімде жауап берілген.
«Азаматтардың арыз-шағымдарының 36% — жалақы төлеу мерзімінің сақталмауына байланысты болса, 25% — еңбек шартын бұзу, 12% — еңбек демалысын уақытылы бермеу және 4% — жұмыс уақыты нормасын бұзу мәселесін көтерген. Өткен жылы мекемелер мен кәсіпорындарда барлығы 397 тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 445 заң бұзушылық анықталып, оның 97,3%-ы жойылды. Қалғандарының орындау мерзімі бар», — деді Бегман Жамалбекұлы
Сонымен қатар, облыста шетелдік 22 ұйымда 7684 азамат жұмыс істейді. Оның ішінде ҚР азаматы – 7533, шетел азаматы – 151. Әлеуметтік дауларға жол бермеу мақсатында шетел қатысуымен құрылған кәсіпорындарда еңбек қатынастары бойынша заң және нормативтік актілердің сақталуы мен орындалуы басқарманың тұрақты бақылауында.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі