Көктемге қалай дайындаламыз?

357

Ақпан бітіп, көктем келді. Табиғат жаңарып, тіршілік оянды. Осы орайда қысқы ұйқыдағы ағзаны оятып, көктемге дайындаудың бірнеше кеңесін ұсынамыз.

СПОРТТЫ СЕРІК ЕТІҢІЗ…

Спорт — ағзаны сергітудің ең тиімді тәсілі. Тек көктемге ғана емес, жыл он екі ай спортпен шұғылданыңыз. Тұрақты дене жаттығулары көңіл-күйді көтеріп, күйзеліс пен үрейден арылуға көмектеседі. Жаттығу кезінде ағзамызда күйзеліске қарсы эндорфин гормондары бөлінеді. Алаңдау, стресс-ке жауапты ми қаттарының жұмысы жақсарып, күйзелісті жеңілдетеді.
Қыс бойына денеде жиналған артық майдан арылтады. Бұл үшін аптасына кемі 5 рет жарты сағат дене белсенділігін арттырып, спорттың кез келген түрімен айналысыңыз. Мұнда жаттығудың түрі емес, тұрақтылығы маңызды.

ЛИМОН ҚОСЫЛҒАН СУ

Лимон қосылған су – қалалықтардың денсаулық сусынына айналды. Иммун жүйесін жақсартып, склероз, анемия сияқты аурулардың алдын алады. Ағзаны тазартады және ылғалдандырады. Теріге нәр береді, тырнақ, шаш өсіміне оң әсерін тигізеді.
Лимон қосылған су бауыр, өт, бүйрек жұмысын жақсартады. Қан құрамын токсиндерден арылтып, терідегі дақтарды кетіреді. Безеу, секпіл, әжімнің түсуіне жол бермейді.
Лимон шырынының құрамындағы пектин ас қорытуды жақсартып, артық салмақтан арылуға көмектеседі.
Бұл үшін күнделікті 1 стақан лимон қосылған суды 3 рет қабылдаймыз. Диетологтар лимон қосылған суды тамақтанудан кейін, әсіресе таңғы астан кейін ішуге кеңес береді.

ТЕРІ КҮТІМІНЕ МӘН БЕРГЕН

Көктем мезгілінде теріге ерекше көңіл бөлген жөн. Күннің ультракүлгін сәулелері теріге зиян келтіреді. Теріні ылғалдандырып әрі сыртқы факторлардан қорғай білу керек. Күннен қорғануға SPF 15 не SPF 30 кремін жағуына болады. Ал терісінде секпіл, пигментті дақтар тез пайда болатын адамдар тиісінше қорғаныс қабілеті жоғары SPF 50 кремін қолданғаны жөн. Қыс бойы қолданған майлы қоректендіргіш кремдерді құрылымы жеңіл ылғалдандырғыш кремге ауыстырған жөн.
Дәрігер рұқсат берсе, А және Е дәрумендерін 1 курс қабылдау теріге пайдалы. Қыс мезгіліне қарағанда көктемде бетке жиі маска қою керек.
Бет терісіне сапасыз және жарамдылық мерзімі өтіп кеткен крем немесе опа жағуға болмайды.

ДҰРЫС ТАМАҚТАНУ — МАҢЫЗДЫ

Көктемде ас мәзіріңізден көк табылғаны дұрыс. Тәттілер мен көмірсутекке бай тамақтан бас тартып, қырыққабат, асжапырақтан жасалған асқа бет бұрыңыз. Тауық еті, балық, бұршақ тұқымдастарынан жасалған тағамдарды да пайдаланыңыз. Ағза өзіне қажетті майларды алу үшін авокадо жеген жөн.
Түртіп алыңыз:
Қасқыржем (спаржа) — калий, мыс, селен, «В» тобындағы дәрумендерге бай.
Асбұршақ — «С» және «К» дәрумендерінің қайнар көзі. Құрамында «В» дәрумені, фосфор, ақуыз және марганец бар.
Шалғам — нағыз көктемге арналған азық. Асқазан мен бауырдағы токсиндерді шығарады, теріні жақсартады.
Руккола — «А», «К» дәрумендеріне бай. Құрамында фолий қышқылы бар. Дене бітімін сақтауға, ағзаны қалыпты формада ұстауға көмектеседі.
Көк пияз – түрлі аурудың алдын алады.

АЙНАЛАҢЫЗДЫ ДА ЖАҢАРТЫҢЫЗ

Көктемде айнала қоршаған ортаңыз ішкі дүниеңізге сай болу үшін бірінші кезекте үйіңізді ретке келтіріңіз. Қыстық киімдер мен заттарды жинастырыңыз. Көктемгі киімдеріңізді шабаданнан шығарып, далаға таза ауаға жайып алыңыз.
Екіншіден — түшкіріп-пысқырмау үшін үйдегі шаңды сүртіңіз. Шаң — бактерияның ұясы. Сондықтан да оны жою керек. Аспашамдардың да шаңын сүртуді ұмытпаңыз. Терезелерді де жарқыратып қойыңыз. Терезеге ілінген перделерді де жуып алсаңыз артық етпейді.
Көктем – жаңару мезгілі. Ендеше өзіңізге де үйіңізге де жаңаша леп, жаңа «дем» беріңіз. Сұлулық та, зор денсаулық та өз қолыңызда екенін ұмытпаңыз.

Дайындаған — А.Ермекқызы

«Оңтүстік Рабат», №9, 26 ақпан 2020 ж