Келінінің әмиянынан ақша жымқырған әйел ұсталды

217

Қазығұрт АПБ-нің кезекші бөліміне Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны арызданады. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, ол Қазығұрттағы қайын әпкесінің үйіне қыдырып келіп, үйден шығарда әмиянын кіреберістегі кір жуатын машинаның үстіне ұмытып, қалдырып кеткен. Жарты жолда есіне түсіп қайтып келгенінде, әмияны ішіндегі 90 000 теңгесі түгел болмай шығып, 75 000 теңгесі белгісіз жағдайда жоғалып кеткенін көрсетті.

Аталған жайт СДТТБТ-не енгізіліп, ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркелді. Осы іс бойынша Қазығұрт АПБ-нің жергілікті полиция қызметі учаскелік полиция инспекторлары жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Куәгерлерден жауап алып, оқиға орнын мұқият тексерді. Полицейлер тарапынан жүргізілген осындай қажетті шаралардың нәтижесінде ақшаны алған жәбірленушінің қайынбикесі, яғни үй иесі болып шықты. Күдіктінің қалтасынан айғақты зат ретінде жоғалған ақшалар тәркіленіп алынды. Тергеу барысында күдікті өз ісін толық мойындап, бұл істі қалай жасағанын білмей қалғанын айтты. Ақшаны көргеннен кейін, арам ойы пайда болып, білместікпен жасағанын жеткізді.

Күдіктінің бас шарасы «келу туралы міндеттеме». Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, іс сотқа жолданды. Түркістан облысы полицейлері азаматтарға өз ақшаларыңыз бен құнды заттарыңызға абай болыңыздар деп ескертеді. Әмияндарыңыз бен ұялы телефондарыңызды кез-келген жерге тастамаңыздар.