Коронавирус әлемді әбігерге салды. Әзірге Қазақстанда коронавирус жұқтырған адам тіркелмеді. Десе де ҚР Денсаулық сақтау министрлігі күн сайын Қазақстандағы коронавирус бойынша эпидемиологиялық жағдайды баяндап отыр. Қазір ҚХР мен шекаралас мемлекеттерден келген азаматтарға мониторинг жалғасып жатыр.
ҚР ҰҚК Шекара қызметінің деректері бойынша биылдың 1-29 ақпан аралығында Қазақстанға мемлекеттік шекараның өткізу пункттері арқылы барлық елден 1 539 744 адам, оның ішінде ЕАЭО мемлекеттерінен 901 305 адам келді.
Медициналық ұйымдар 3 санатқа бөлінген елдер бойынша келген адамдардың денсаулығына мониторинг жасап жатыр. Әзірге 2020 жылдың 3 наурызындағы жағдай бойынша, ешкімнен коронавирус анықталмады.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, республикада қолдаушы терапия үшін қажетті дәрілік заттар мен медициналық мақстаттағы бұйымдар бар, инфекциялық ауруханаларда оқшаулауға арналған бокстар бар орындар, дәрігерлік және орта медицина персоналы дайындалған.
Министрлік жаңа коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау үшін келесі алдын-алу шараларын сақтау қажет:
— қолдарыңыз бен бетті сабынмен жиі және мұқият жуыңыз;
— қолды залалсыздандыруда спиртті антисептиктерді қолдану;
— адамдар көп жиналатын орындардан аулақ болыңыз;
— науқас адамдармен байланыста болмауға;
— суық тию белгілері (жоғары температура, мұрынның бітелуі, жөтел, тамақтың ауруы) пайда болған жағдайда, тұрғылықты жеріңіз бойынша дәрігермен кеңесу керек.
Сондай-ақ, қазір медициналық маска тапшылығы байқалады. Алайда ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, сау адамға медициналық маска қажет емес екен.
– Маска тек медициналық қызметкерлерге керек. Вирус жұқтыру қаупі шекарадағы қызметкерлерге, санитарлық дәрігерлерге қажет. Олар күнделікті 15-20 шақты адамды аралап келеді. Соларды қорғауымыз керек,-деді министр.
Оның айтуынша, масканы тек ауру адам киюі керек.
– Бұл вирустың басқаға таралмауы үшін қажет. Өткен айда еліміздегі дәріханалардан 20 млн маска сатылды. Оның көбі шет мемлекеттерге кетті. Азаматтар сатып алып, жіберіп жатыр,-деді Біртанов.
Министрдің сөзінше, медициналық маскаларды экспортқа шығаруға тыйым салынғыпты.
Ресми ақпаратты Денсаулық сақтау министрлігінің Фейсбуктегі парақшасынан оқуға және туындаған сұрақтар бойынша 1406 нөмірі бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін Call-орталығына қоңырау шалуға болады.
Коронавирустық инфекцияға қатысты соңғы және өзекті ақпаратты ҚР ДСМ Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің https://t.me/kkkbtu телеграмм каналына да жарияланады.
«Оңтүстік Рабат», №10, 4 наурыз 2020 ж