«Бейғамдыққа да дүрбелеңге де жол жоқ. Халықтың да биліктің де жауапкершілігі сынға түсетін кезі осы». Осылай ой қорытқан нұраотандықтар санитарлық ахуал мен нарық бағамын байқау үшін жергілікті сауда орындарын аралып көрді.
Халық көп тұтынатын тауарлардың қорына мән беріп, базарлардың тазалығын қадағалады. Халық көп шоғырланатын орындардың бүгінгі жай-күйін байқастады.
Нұротандықтар ә дегеннен маусым кезінде көтерілетін тауарлардың бағасын бағамдап көрді. Маусым кезінде бағасы шарықтап кететін тауардың бірі — картоп. Халық көп тұтынатын бұл өнімнің келісі қазір бөлшек саудада — 150 теңгеден сатылып жатыр.
Есесіне қияр мен қызанақтың бағасы төмендеп келеді дейді мұндағылар. Ал сауда орындарында аскөктің тапшылығы байқалады.
Партия өкілдері ет сатылатын сауда қатарларынан да айналып өте алмады. Саудагерлердің айтуына қарағанда еттің бағасы қазір бері қарап келеді. Жылқы еті 2200-2800, сиыр-2000-2500, қой еті -1800-1900 теңге аралығында сатылып жатыр. Әсіресе соңғы кездері сұранысы төмендеп кеткен қой еті арзандап қалған.
Еліміздегі бас партияның өкілдері ірі сауда нысандарында да болды. Нұротандықтар алдымен мұндағы антисанитарлық жағдайды ескерді. Содан кейін азық-түліктердің бағасын байқады. Әкімдікпен жасалған келісім аясында бағаны тұрақты ұсатуға міндеттелген сауда орталығына базарлай келген тұрғындар мүұнда тауарлар қолжетімді бағада сатылып жатыр дейді.
Жалпы, сауда орындарында аса дүрбелең байқалмайды. Жұртшылық күнделікті ас-ауқатын сатып алып жүр. Халық көп тұтынатын тауаралартыдың да тапшылығы жоқ. Дүкен сөрелері лық толы.
Алмағайып кезеңде Үкімет нарық бағамын мықтап қолға алды. Жергілікті әкім-қаралар көпшілік көп тұтынатын тауарлардың бағасына күнделікті мониторинг жасап отырады. Ал бағаны негізсіз көтеретін заң алдында жауап береді.
Мақпал Рысбаева