Шымкентте аз қамтылған отбасыларға кепілдендірілген пакет таратыла бастады. Атаулы әлеуметтік көмек алған тұрғындар биылдан бастап азық-түлік пен гигиеналық заттарды тегін алады. Бұл жиынтыққа қандай заттар кіреді? Жәрдем кімдерге тиесілі?

4 баланың анасы Мейрамгүл Шалғынбаева кепілдендірілген әлеуметтік пакеттің тізімі бойынша азық-түлік түрлерін түгендеп жүр. Жиынтықта балаға қажеттінің бәрі қамтылған. Дәруменге толы сүт, күлше, тәттілер, жармалардың түр-түрі, тіпті кез-келген отбасының дастарханынан табыла бемейтін балға дейін бар.

Мейрамгүл Шалғынбава, көп балалы ана: «4 балам бар 3-уі балабақшаға барады. Біреуі мектепке барады. Ол тегін ыстық тамақ ішеді. Міне азық-түлік алып жатырмыз. Үкіметке рахмет! Балалар үлкейгенде қайтарады».

Жыл басынан бері Шымкентте 15 833 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Биылғы жылдан бастап енгізілген жаңа форматтағы қолдаудың аясында қазір 9 мыңға жуық отбасына қаңтар айының азық-түлік жиынтығы таратылып жатыр. Бүгінде кепілдендірілген әлеуметтік пакеттің шарапатын қаладағы 1-6 жас аралығындағы 15 949 балаға көріп отыр.

Ғалымжан Балтаев, Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы: «Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің тәртібі бойынша тағайындалған отбасылардың балаларына «кепілдендірілген әлеуметтік топтама» ұсынылуда. Шымкент қаласы бойынша «Кепілдендірілген әлеуметтік топтаманы» «Магнум» ЖШС-нің 4 ірі сауда орталықтары арқылы берілуде. Қаңтар айының пакетін таратып болған соң, ақпан айына азық-түліктер беріле бастайды».

Мұқтаж отбасыларға өздеріне тиесілі азық-түліктерді емін-еркін кезек күтпей алуы үшін барлық жағдай жасалып отыр дейді салаға жауаптылар. Атаулы әлеуметтік көмек алатын тұрғындардың «Магнум» сауда үйінің сайтына кіріп, ЖСН енгізу арқылы жиынтықты қай жерден алып кетуге болатынын білуге болады.

Мақпал Рысбаева