Бүгінде Шымкентте 77 азамат карантинге жабылған. Олар коронавирус қауіптілігі жағынан «А» санатына жататын Қытай, Оңтүстік Корея, Иран және Италия мемлекеттерінен келген.
Қазір жерлестеріміздің жағдайы тұрақты дейді дәрігерлер. Билік өкілдері мемлекет бекіткен алгоритм бойынша жағдайды қатаң бақылауға алған.
Бұл жұқпалы аурулар ауруханасының аумағындағы провизорлық госпиталь. Биологиялық қаупі бар нысанда коронавирус қауіптілігі жағынан «А» санатына жатқызылған елдерден келген азаматтар мұнда 14 күн бақылауда болады.
Карантинге жабылғандардың дені Оңтүстік Кореядан келген. Кілең орта жастағы азаматтар. Бас дәрігер госпиталь коронавирус симптомымен түскен науқастарды қабылдауға толықтай жабдықтандырылған дейді.
Амангелді Нұрлыбаев, Шымкент қаласы жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері: «Мамандарымыз арнайы дәрістерден өтті. Коронавирусқа шалдыққандармен жұмыс жүргізу қағидаларын меңгеріп алды. Шымкентте бұл дертке шалдыққандар анықталған жоқ».
Мақпал Рысбаева