Шымкенттік полицейлердің сауаты сотта қаралды

225
Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік соты

Шымкенттік полицейлердің сауаты сотта қаралды. Судьялар погондылардың әкімшілік құқық бұзушылыққа қатысты электронды хаттаманы толтырғанда өрескел қателіктерге жол беретінін тағы да айтып, бұл жолы мәселені майшаммен қарады. Судьялардың сөзіне сенсек, полицейлердің планшетпен хаттама толтыра алмауының салдарынан сотқа келген әкімшілік істің көбі жабылып кетеді.

Ә-дегеннен-ақ, мамандандырылған әкімшілік соттың судьялары мен төрағасы полиция департаментінің қызметі мен құзыретіне шүйлікті. Құқық қорғау және қадағалаушы орган өкілдері, сондай-ақ заңгерлер мен салаға қатысты өкілдер жиналған жиында судьялар тәртіп сақшыларының қарапайым планшеттерді қолдана алмайтынын бетіне басты. Олар электронды құжатты толтырғанда өрескел қателіктерге жол береді екен.

Әбдімүтәліп Бектұрғанов

Әбдімүтәліп Бектұрғанов, Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы: «Шынын айту керек, мен бұл мәселе бойынша қалалық полиция департаментінің бастығына хат жазып жібердім. Одан әлі жауап келген жоқ. Расында полицейлердің 90 пайызы планшетпен жұмыс істеуді білмейді. Мүлдем білмейді. Біріншіден, орын алған жәйттін уақытын жаза алмайды. Сосын, құқық бұзушының фамилиясын, аты-жөнін де жаза алмайды. Хаттама деген – негізгі құжат болғандықтан онда фамилиясы көрсетілуі керек қой! Ал полиция қызметкерлерінің ол хаттамаларды кімге толтырғаны да белгісіз. Мұндай істердің 90 пайызын қысқартып тастасақ болады».

Осының салдарынан заң бұзса да жауапкершіліктен құтылып кететіндердің саны артып бара жатқанына алаңдаулы судьялар. Ол аз десеңіз, полиция қызметкерлері заңның бабы мен нормаларын да білмейтін болып шықты.

Абдуғаппар Бекназаров

«ҚР ӘҚтК 596-баптың 3-бөлігі – қарсы бетке шығып, автокөлікті жүргізу сияқтыларды 2-баптың 2-ші бөлігі деп көрсетеді. Ал бапты жазғанда, 3-бапты көрсетеді. Сонымен қатар, істі рәсімдеген кезде істер бойынша да мүлдем іс құжаттарын жинақтамайды. 596-бап бойынша тек камераға түсірілген дискі бар болса, сол дискіні тіркейді болды. Істе не адамның түсінігі жоқ, не сол адам туралы мәлімет жоқ, не оның жүргізуші куәлігі тіркелмейді. Тағы бір мәселе – тілді анықтау. Хаттаманың барлығын орысша толтырып әкеледі. Құқық бұзушының ұлтына да қарамайды, бәрін орысша рәсімдеп әкеледі», – дейді Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының судясы Абдуғаппар Бекназаров.

Бұл айтылған жол мен көшедегі тәртіпті бақылайтын погондыларға ғана емес, көші-қон мен учаскелік полиция инспекторларына да қатысты. Ал полиция қызметкерлері әкімшілік құқық бұзушылық жасағандарға хаттама толтырғанда кездесетін келелі мәселелерді айтып, ақталды.Бұл уәжді ешкім қабылдаған жоқ. Полиция қызметкерлерінің сауатсыздығынан шаршаған судьялар енді жолданған шала істер бойынша жекеше қаулыны сол құжатты әзірлеген қызметкер мен оның басшысының атына шығарамыз деген ортақ шешімге келді.Шымкенттегі мамандандырылған әкімшілік сотының мәліметіне сай, 2019 жылы 122 әкімшілік іс бойынша құзырлы органдар тарапынан кеткен қателіктері үшін жеке қаулы шығарылған. Оның 90 пайызы – полиция департаментінің қызметкерлеріне қатысты екен.

Мөлдір Бекеева