Облыстық төтенше жағдайлар департаменті су жаңа техникамен толықты. Төтенше жағдай қызметкерлеріне облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев 20 өрт сөндіру автокөліктерінің кілтін табыстады. Ресейлік зауыттан арнайы тапсырыспен алдырылған техника заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтылған.

«Сіздердің еңбектеріңіз адал. Қауіптің бел ортасында жүріп төтенше жағдайлармен тиімді күрес жүргізіп келесіздер. Осы уақытқа дейін көптеген жетістіктерге қол жеткіздіңіздер. Апатпен күресте жоғарғы кәсібилік және жанқиярлық еңбектеріңізге алғыс айтамыз», — деді құттықтау сөзінде облыс басшысы.

Бүгінгі таңда, өңірде өрт сөндіру қызметінде 167 өрт сөндіру техникасы бар. Оның басым көпшілігі өрт сөндіру автокөліктері де, қалғаны көмекші автокөліктер. Соңғы үш жылда Төтенше жағдайлар департаментінің материалдық базасын нығайтуға облыстық бюджеттен 66 бірлік техника алынды.