Түлкібаста өз-өзіне қол салмақ болып, құдыққа түскен қыз көз жұмды

1252

Түркістан облысы Түлкібас ауданында құдыққа түскен 29 жастағы қыз көз жұмды. Оқиға Майтөбе ауылының маңында болған.

Құтқарушыларға бүгін сағат 09.18-де 1994 жылы дүниеге келген азаматшаның ашық алаңда орналасқан дренаждық құдыққа құлағаны туралы ақпарат түскен. Құдықтың тереңдігі шамамен 40 метр болған.

Облыстық ТЖД мәліметінше, азаматша өз-өзіне қол жұмсау мақсатында құдыққа түскен және алкогольді мас күйде болған. Бұл туралы құтқарушыларға қыздың қасында болған куәгер жігіт айтқан.

Сағат 12.06-да жергілікті тұрғын құдыққа түсіріліп, 12.14-те қызды құдықтан ес-түссіз күйде шығарып алды.

Құтқару жұмыстарына ТЖД, жедел жәрдемнің, полицияның 31 адамы және 5 техникасы жұмылдырылды.

Алайда жедел жәрдем қызметінің бригадасы сағат 12.15-те қыздың қайтыс болғанын анықтады.

Қазіргі таңда оқиғаның мән-жайы анықталуда.

(Фото: ТО ТЖД)