Түрмеде де медициналық маска тігіп жатыр

344
167/4 түзету мекемесі

Коронавирустан қорғану үшін қолға алынған жобаға сотталғандар да жұмылдырылды. Түзету мекемелеріндегі жазасын өтеушілер 24 сағат бойы екі ауысыммен күніне мыңдаған медициналық маска тігіп жатыр. Абақтының арғы жағындағы жандардың бетперделерді тігудегі жұмыс процесі, өнімнің сапасы және бұл үшін оларға төленетін жалақы мөлшері туралы толығырақ…

ИЧ 167/2

ИЧ 167/2 түзету мекемесінде әдетте ағаш пен темірден бұйым жасайтын жазасын өтеушілер бұл жолы тігін мәшинесінің алдында отыр. Олар күніне жүздеген медицинадық бетперде тігеді. Бұл жұмысқа осыдан 13 жыл бұрын 15 жылға сотталған Шерназ Егембердиев те атсалысып жүр. 32 жастағы азамат медициналық бетпердені талапқай сай тігу құпиясын да меңгеріп алыпты.

Шерназ Егембердиев, жазасын өтеуші: «Бізге медициналық маска тігуді осындағы

Шерназ Егембердиев

шеберлер үйретті. Арнайы колледжде де білім алдық. Диплом алдық. Енді сол білімізді пайдаланып, бетперде тігіп, адамдарға көмектесейік деген ниет қой. Бұл Үкіметке де көмек».

Қауіпсіздігі барынша жоғары түзету мекемесіндегі медициналық бетперде тігу жұмысына 20 сотталған жұмылдырылған. Олар екі ауысыммен күніне 8 сағаттан тігін тігіп, оған жалақы алады. Түзеу мекемесі басшылығының айтуынша, қоғамды қауіпті індеттен қорғау жобасына үлес қосуға сотталғандың өздері ынта білдіріпті.

Нұржан Мейірманқұлов

Нұржан Мейірманқұлов, 167/2 түзету мекемесі бастығының міндетін атқарушы: «Бір күнде 700-ге жуық маска тігіліп жатыр. 22-наурыздан бері 5000-ға жуық маска тігіліп, өткізілді. Шикізатпен қамтамасыз ету «Еңбек-Шымкент» мемлекеттік мекемесімен жүзеге асырылуда. Және мемлекеттік тапсырыс негізінде халыққа ары қарай таратылып жатыр».

Қазіргі кезде республика бойынша әйелдерге арналған Шымкенттегі қатаң режимдегі жалғыз абақтыдағылар да медициналық бетперде тігуге кіріскен. Бірақ мұндағы жазасын өтеуші әйелдердің саны ерлер түрмесіне қарағанда екі есеге көп. 45 әйел екі ауыссыммен кезектесе жұмыс жасап, күніне кемінде 5000 дана бетперде дайындап жатыр екен.
Айнұр Әділблекова, ИЧ 167/4 түзету мекемесінің бастығы: «Масканың сапасы өте жақсы, оны ұзақ уақыт пайдалануға болады. Яғни жуып, үтіктеп, оны әрі қарай тағып жүруге мүмкіндік бар. Қазіргі таңда сотталған азаматшаларға 1 дана маска үшін — 17 теңге төленеді». Айта кетейік, бүгінде Шымкентте барлығы 3 түзету мекемесінде медициналық маска тігіледі. Ал «COVID-19» пандемиясының таралуына байланысты маска тапшылығын болдырмау мақсатындағы бұл жобаны Ішкі істер Министрлігі 22-наурыздан бастап қолға алды. Тәулігіне 50 мың тұмылдырық шығару көзделген.Алдағы күндері түрмеде бетперде тігіп жатқан жазасын өтеушілер жалақыдан бөлек, арнайы сыйақы алатын болады. Ол ақшаға туыс-жақындарына маска жіберу құқы да беріледі.

Мөлдір  Бекеева