Медициналық мекемелерде маска режимі қайта оралды

 

Елімізде медициналық маска режимі қайта оралды. Қазақстанның бас санитары тиісті қаулыға қол қойды. Құжатқа сәйкес денсаулық сақтау ұйымдарында, адам көп жиналатын орындарда және қоғамдық көліктерде бетперде киген жөн. Бұл COVID-19, қызылша және тұмау секілді вирустық инфекциялардың таралуын шектеу мақсатында қолға алынып отыр.

Қазақстанның медициналық мекемелерінде маска режимі қайта оралды. Азаматтарға халық көп жиналатын орындарда да бетперде кию ұсынылып отыр.

Қазақстанның бас санитары Айжан Есмағамбетова «Ауа-тамшы жолы арқылы берілетін инфекциялық аурулардың таралуының алдын алу жөніндегі профилактикалық шараларды күшейту туралы» қаулыға қол қойды. Құжатқа сәйкес, денсаулық сақтау ұйымдарында бетперде кию режимі енгізіледі.

Қаулыда «Жергілікті денсаулық сақтау басқармалары, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық департаменттері, медициналық ұйымдарда персонал мен келушілердің медициналық маскаларды пайдалануын, антисептиктердің болуын;
халық арасында COVID-19 коронавирус инфекциясының, тұмаудың және ЖРВИ профилактика шаралары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізуді қамтамасыз етсін.
Облыстардың, Алматы, Астана, Шымкент қалаларының жергілікті атқарушы органдарына, Орталық мемлекеттік органдарға, меншік нысанына қарамастан жеке және заңды тұлғаларға:
халықтың көп жиналатын жерлерінде, көліктің барлық түрлерінде медициналық немесе матадан тігілген маскаларды пайдалануға ұсыным берілсін.
Осы қаулы қол қойылған күннен бастап күшіне енеді», – делінген.

Қазіргі кезде республикадағы барлық облыстар жасыл аймаққа кіреді. Жұқпалы аурудың асқыну жағдайлары тіркелмеген.

Айгүл Тұрымбетова, Шымкент қаласы СЭБД басшысының орынбасары:
ЖРВИ 1 есеге көтеріліп отырса, тұмау 1,3 есеге өскен. Керісінше қызылша 1,3 есеге төмендеген. Коронавирустық инфекциясы жиілеп тұр, бірақ топтық жағдайлар тіркелмеген. 30 пайыздан асқан жағдай тіркелмеген, біірақ оқушылар арасында бірен-саран тіркеліп жатқан жағдайлар бар”.

Шымкентте қаңтар айында 10 адам коронавирустық инфекциямен ауырса, ақпан айының басынан 12 адам тіркелген. Ал қызылшамен ауырғандар саны 1,3 есеге төмендеген.

Нұрлыбек Асылбеков, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
Медициналық ұйымдарда маскамен жүру керек. Ол тек қызметкерлерге ғана қатысты емес, пациенттер де сақтау қажет. Стационар болсын, емхана болсын бәріне бірдей”.

Бұған дейін ҚР Парламенті Мәжілісінде коронавируспен қолайсыз жағдайға байланысты бетперде режимі енгізілген еді. Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлағандай, мәжілістер мен басқа да бұқаралық іс-шараларды өткізу онлайн-форматқа ауыстырылады немесе бетперде режимі мен санитарлық нормаларды қатаң сақтай отырып өткізіледі.

Айта кетейік, мамандар егер өзін мазасыз сезінген жағдайда үйге жедел-жәрдем шақырып, емін алып, тек жақсарған соң ғана қоғамдық орындарға шыққан жөн екенін ескертеді.