Жасөспірімді тонап кеткен ұры ұсталды

302

Түркістан қаласының полицейлері қарақшылық пен әмиян ұрлығын «ізін суытпай» ашты. Түркістан ҚПБ-нің кезекші бөліміне Кентау қаласының тұрғыны белгісіз біреу оның кәмелетке толмаған ұлын тонап кеткені туралы арызданды.

Жәбірленуші әйелдің айтуынша, таңертеңгі сағат 9:00 мен 10.00 аралығында облыс орталығындағы көшелердің бірінде белгісіз біреу баласын және оның досын «Опель» маркалы көлігіне күшпен отырғызады. Содан, қорқытып, жасөспірімнің ұялы телефонын, сөмкесін, ақшасын, құжаттарын алып, қылмыс орнынан із-түзсіз жоғалып кеткен. Бұл жайт Түркістан ҚПБ-мен СДТТБТ-не ҚР ҚК 191-бабы «Тонау» бойынша тіркелді.

Жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі 50 мың теңгені құрады.
Күдіктіні іздеуге Түркістан ҚПБ-нің жеке құрамы толық бағытталды. Тәртіп сақшылары жақын маңдағы аумақтарды аралап, куәгерлерден жауап алып, оқиға болған жерді мұқият тексеріп, басқада қажетті шараларды жүргізді. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері күдікті анықтап, Түркістан қаласы тұрғынын ұстады. Айғақты заттар алынды, осы жайтқа байланысты ҚР ҚК 191-бабы «Тонау» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды. Полиция күдіктінің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысын анықтауда.

Сол күні, бір-екі сағаттан кейін, жергілікті тұрғын Түркістан ҚПБ-не хабарласып, ақша мен құжаттар салынған әмиянының ұрланғанын айтып, шағым түсірді. Әйел балабақшалардың бірінде әмиянын киім бөлмесінде қалдырып, 5 минуттан кейін қайтып келгенде оны таба алмағанын көрсетті. Әмиянның ішінде 150 мың теңгеден аса ақша, банк карталары мен жеке құжаттары болған. Аталған жайт СДТТБТ-не ҚР ҚК 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркелді.

Ұрлықты анықтау мақсатында Түркістан ҚПБ-нің қызметкерлері жедел тергеу тобы жұмыстарын бастап, шұғыл әрекет етті. Тәртіп сақшылары қылмыс орнын қарап, куәгерлермен тілдесіп, бейнебақылау камераларын тексеріп, жақын орналасқан аумақтарды аралап шықты. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері бірнеше сағатта күдіктіні анықтап, ұстады. Ол Түркістан қаласының тұрғыны болып шықты. Анықталғандай, ұсталған жас жігіт бұрын ұрлық және көлік ұрлығы үшін сотты болған. Күдікті балабақшаның киінетін бөлмесіне кіріп, адамдардың болмауын және ұқыпсыздығын пайдаланып, жәбірленушінің әмиянын оңай жолмен кететіні белгілі болды.

Қазіргі уақытта бөтеннің мүлкін ұрлау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Айғақты заттар алынды. Тергеу күдіктінің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы барын анықтауда.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға сақ болуды және мүліктерін қараусыз қалдырмау керектігін ескертеді. Қоғамдық және халық көп жиналатын жерлерде құнды заттарыңызды қараусыз қалдырмаңыздар. Ақша мен әмиянды қалтаңызға салып немесе қолыңызда ұстаған дұрыс. Сондай-ақ, тонау немесе ұрлық жағдайына тап болсаңыз, тез арада полицияға «102» телефонынахабарласыңыз. Бұл қылмысты ертерек ашуға және ұрыларды, қарақшыларды ұстауға көмектеседі.