Бірде-бір адам 42 500 теңге алғаны, қателескені үшін қылмыстық жазаға тартылмайды.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингіде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты. «Оған негіз жоқ. Осыған нүкте қояйық. Ешкім жауапкершілікке тартылмайды. Оны талқылап жатқан заңгерлер де біледі. Біз ешкімді тексермейміз. Себебі бұл — әлеуметтік төлем. Бұл — әлеуметке бағытталған төлем»,- деді министр.
Біржан Нұрымбетов халықтың басым бөлігінің табысы аз, жалақы мөлшері төмен, зейнетақы, жәрдемақы көп емес екендігін баса айтты.
Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі: «Көпшілік осы төлемді алғысы келеді. Өткен брифингтте де айтқанмын, біз ешкімді жаппай тексеріп жатпаймыз. Жеке тұлғаларды, ресми не бейресми болсын жұмыс істеп жүргендерді үйлерді аралап, тексермейміз. Ештеңеге уайымдамаңыздар. Сіздерге төленді ме? Алыңыздар, жаратыңыздар. Тексеру болса да бізді тексереді».
Министрдің айтуынша, жеке тұлғаларға әлеуметтік төлемді қайтарудың қажеті жоқ. «Сондықтан, ешқайсыңыз қайтармаңыздар, уайымдамаңыздар. Тексеру де болмайды. Тексеру болған күннің өзінде ешкім сіздердің жұмысыңыздың болғанын, не болмағанын дәлелдей алмайды. Сондықтан оны қайтарудың қажеті жоқ», — деді министр.
Мақпал Рысбаева