Газетіміздің осы №15-16 санындағы (15 сәуір, 2020 жыл) «Тағдыр» айдарында «Қызым сөйлемей қойды. Қайтемін?» деген тақырыпта оқырман хатын жарияладық. Редакцияға хабарласқан ана 8 жасар қызының өте тұйық екенін, ашылып сөйлеспейтінін, кейде бірнеше күн сөйлемей қоятынын айтып, «Психолог бұрышы» айдарынан кеңес сұрады. Оқырманымыздың хатына Ораз Жандосов атындағы № 30 ЖББ мектеп педагог-психологы, «REFRAME» Тұлғалық дамыту орталығының маманы Қаракөз Қадырбекқызы Момбаева жауап берді. Психолог кеңесін қаз-қалпында жариялап отырмыз.
… Бала – біздің байлығымыз, өмір сүруіміздің мәні мен сәні, ертеңгі келешегіміздің жарқын болуының кепілі. Әкені шаңырақ егесі десек, әйел отбасының ұйытқысы, баланы тәрбиелеу – әйелдің тікелей міндеті.
Сондықтан да болар редакцияға жолданған хаттан әйел-ананың жан айқайын сезіндім. Жалпы қыз баланың отбасындағы тәрбиесіне ана жауапты, оны өмірге бейім, ізетті, өнегелі етіп тәрбиелеу ананың міндеті.
«Әкесі де бауырлары да мән беріп жүрген жоқ. Олар ол өзі сондай адам деп қабылдаған» деп қапаланбаңыз, әкелер мен ұл балалар эмоциясын ашық білдіре бермейді.
Десек те, қыз баласы әкесіне жақын болып өседі, әке де қызының жан дүниесіне үңіліп, мінез құлқындағы ерекшеліктерді жете біліп, түзетуге жанашырлықпен кіріссе нұр үстіне нұр болмақ. Көп жағдайда баласы үшін Анасы бармайтын құрбандық бар ма? Өз баласын бақытты етуде ол барлық күш жігерін жұмсайды.
… Сіздің алаңдауыңыз өте орынды, себебі сегіз жастағы балаңыздың «мектепте достарымен араласпауы, есте сақтау қабілеті төмендеп, жаттауды зорға жаттауы, қызығушылығының төмендеуі, мінезі тұйықталып, күннен-күнге сөйлеуі азайып, тіпті кейде сөйлемей қоюы» – үлкен мәселе.
Үндемей қалған бала – қауіпті.
Егер бала «үйден тыс отбасымен тамақтанудан қашып, жалғыз болғанды ұнатса, бірақ берілген тапсырманы бұлжытпай орындайтын болса», үндемей өз ойын ішінде сақтап, сыртқа шығармаса, онда ол балаға дер кезінде көңіл бөлінуі керек.
Бала ашуын білдірмегенмен, іштей арпалысады және сөйлемесе таным процестері (ойлау, сөйлеу, қиял …) дамымайды. Баланың сөйлеуі, оның психикалық қалыптасуында маңызы зор. Ойдың тілі – сөз. Сөз арқылы адам ойынан хабардар береді. Бала сөйлемесе тұйықтығы үдей түседі.
Балалардың тұйықтығы әр түрлі себептермен байланысты болып келеді. Адамның жанымен жұмыс жасайтын психолог маманы, қызыңызбен психологиялық жұмыс барысында тұйық мінез-құлықтың себептерін түрлі психологиялық әдістемелердің көмегімен диагностикалап анықтай алады.
Тәжірибеме сүйене (… белгілі бір себептермен, айлап сөйлемей қойған қызбен жүргізілген психологиялық түзету-дамыту жұмыстар оң нәтиже берді. Осы жағдайдан соң бір ауылдан үш отбасы балаларын қабылдауыма алып келді. Бала бойындағы тұйық мінезге жеңіл-желпі қарауға болмайды. Баланың жағдайы дұрыс болса, ол қатарластарымен араласуға ұмтылып тұру керек. Мүндай болмаса, оның айналасындағылармен қарым-қатынасында қандай да бір кінәрат, ауытқушылық бар) және сіздің хатыңызда берілген мағлұматтарды саралап айтатын болсам, тұйықталу – баланың психологиялық дамуының ерекшелігіне байланысты болады. Көбіне ата-анасы балаға билік жүргізіп, жиі, орынсыз дауыс көтеріп сөйлесе, шыдамсыз болса, мектепте мұғалімдер оқушының жеке тұлғалық ерекшеліктеріне назар аудармай қарым-қатынасты реттемей, бұйрықшыл болса балада тұйық мінез қалыптасады.
… Тұйық болу – адамға туабітті қасиет емес. Одан арылуға болады. Ол үшін, барлық отбасы мүшелері психолог маманның қадамдық нұсқаулары немесе ұсыныстарын, ережелерді мүлтіксіз орындаулары шарт.
Бала тәрбиесі – бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер. Баланы дұрыс тәрбиелеу үшін әркімнің өз тәжірибесі жетпейді. Басқа адамдардың тәжірибесімен танысу керек» деп қазақтың ұлы ақыны, ағартушы Мағжан Жұмабаев дәл тауып айтқан. Әлемде қанша адам болса да, бір-біріне ұқсайтын адам болмайды. Сондықтан да маманның зерттеуінен соң, жеке түзету-дамыту жоспары құрастырылады. Оны орындау үшін сіздің тарапыңыздан үлкен шыдамдылық пен өте көп күш салу керек. Ендеше қызыңыздың тұйықтықтан арылту үшін төмендегі ережелерді орындаңыз:
1 Қыз баланы мақтауда сараң болмаңыз! Әкесінің, анасының, ағаларының себеппен, себепсіз мақтауы қыз балаға жақсы талпыныс береді. Қандай жағдай болмасын балаға мейіріммен қарап, жылы мақтау сөздеріңізді аямаңыздар. Жанға жағымды сөздер баланың өзіндік орнын байқатады, өз-өзіне деген сенімін жоғарылатады. Мақтау сөздері баланы тым еркелетіп жібереді деп уайымдамаңыздар. Жас ерекшелігіне қарай, бұл жаста мұндай байланыс оған өте қажет. Осы сәттен бастап бала, әкесінің анасына, анасының әкесіне құрметін көрсе, жылы сөз, мақтауларын естісе – жанына жылулық ұялайды.
2 Қыз баласы ата-анасының сүйіктісі болуы керек! Ол өзін шексіз жақсы көретін, барлық кезде қолдаушы, ақылды әкесінің бар екенін, мейірімді анасының және өте бауырмал ағаларының бар екенін сезінуі тиіс. Әсіресе отбасында қыз бала жалғыз болғанда ата-анасының көп көңіл бөлуі, жанұялық махаббат қолдаушылық көрсеткені өте маңызды. Отбасында сыйластық, сүйіспеншілік, мейрімділік, өзара түсінушілік болған жағдайда ғана баланың мінезі осы бақытты жанұяда өзгереді, ашылады, толықтай жетіледі.
3 Қызыңызға шамасы келетін жұмыстарды тапсырыңыз! Шектен тыс қамқор болып, ол орындайтын тірліктерді шыдамсыздық танытып, өзіңіз орындамаңыз. Балаңыздың алдына түсіп, оның қолынан келетін нәрсені өзіңіз орындасаңыз, бала жалқау болып өседі. Балаға сенім білдірсеңіз, ол батылданады, мақтанады. Егер бала қолынан келмейтін істе қиналса, көмектесіп жіберіңіз, талабы үшін мақтаңыз. Бала да сізге құрметпен қарап, жақындайды (Өзіңізбен бірдей етіп, асханаға әдемі алжапқыш тігіңіз). Жасы сегіздегі қыз баласы анасына көп қолқабыс көрсете алады.
4 Отбасында қыздары көп туысыңыздың, танысыңыздың отбасына қонаққа барыңыз. Оларды да қонаққа жиі шақырыңыз, мерекелі сәттерді ұйымдастырыңыз. Бала таза және әдемі өз бөлмесін, ерекше ойыншықтарын мақтанышпен көрсете алса өзіне сенімділігі арта бастайды. Өз үйінде бала еркін жүреді, еркін тілдеседі. Бұл арқылы бала қонақ күту мен қонаққа бару әдебін меңгереді.
5 Көршілеріңіздің балаларымен жақсы қарым-қатынаста болыңыз, олардың балаңызбен түрлі ойындар ойнауына мүмкіндік жасаңыз. Өзіңіз де ойынға қатысып, балаңыздың олармен достық қарым-қатынас жасауына көмектесіңіз. Күнделікті жаңа ойындар ұйымдастырып, қызықты өтуіне дайындалып, әрекет жасаңыз. Басты кейіпкер балаңыз және оның достары болатын рольдік ойындарды бірлесіп ойластырыңыздар. Ойын біткен соң қатысушыларды марапаттап, сыйлықтар дайындаңыз. Ойынның қалай өткендігі туралы кері байланыс жасаңыз. Балаларға өз ойларын, пікірлерін айтуға уақыт беріңіз. Састырмаңыз, үстемелемеңіз, бол-болдың астына алмаңыз. Дәл осы сәтте жауап бере алмаса, келесі сәтке қалдырыңыз.
6 Мектепте оқушы балалармен қарым-қатынасты дұрыс жолға қою керек. Мектеп балалардың мінез-құлықтың ерік механизмдерінің дамуына жағдай жасайды, саналылықты арттырады, белгілі бір ережеге бағынуды үйретеді. Сынып жетекші мен мектеп психологымен тығыз байланыста болыңыз, балаңыздың «ерекше» мінез-құлқын реттеуде олар нағыз көмекші бола алады. Мектепте балаңыз сыныптастарымен достасып, тіл табысып кететіндей мүмкіндік жасаңыз. Ата-аналар жиналысына, мерекелік жиындарға белсене қатысыңыз. Ата-аналар жиналып, мерекелік дастарханға тәттілер, сусындар, балмұздақ қойып шәй ұйымдастырсаңыздар болады. Оқушылар ата-анасының мектепке жиі келгенін ұнатады. Балалар бірге ән салып, би билеп, тақпақ айтса сыныптың ынтымағы да артады.
Жетістікке жету үшін, алға мақсат қойып, оны жүзеге асырудың жоспарын түзіңіз. Жоғарыда берілген ережелерді 21 күн бұлжытпай орындасаңыз, 22 күні бұл дағдылар балаңыздың бойында қалыптасады, автоматизмге жетеді. Махаббатсыз бақытты, мінезі ақ көңіл бала тәрбиелеу мүмкін емес. Қызыңызбен дос болуыңыз керек, оны сыйлап, құрбыңыздай ашық сырласыңыз, сонда ғана ол ашық мінезді, адамдармен тіл табысып өседі.
Соңында қызғалдақ-қызыңызға жаңа әлем сыйлайтыныңыз анық.
Жанерке Хумар
«Оңтүстік Рабат», №15-16, 15 сәуір 2020 ж