Баланы қабылдамау – психологиялық зорлық

305

Газетіміздің №7 санындағы (12 ақпан, 2020 жыл) «Тағдыр» айдарында «Күйеуім ұлымды қабылдамады» деген тақырыппен хикая жарық көрді. Редакциямызға хабарласқан оқырман студент кезінде көңіл қосқан жігіті өмірден озып, іште жүкті перзенті қалғанын айтады. Ұл бала туып, кейін екінші рет тұрмысқа шыққанда кейінгі күйеуі тұңғышын қабыл алмайды. Алдын еш өгейсітпеуге уәде етіп, бірақ қабылдай алмаған күйеуінен ажырасуды ойлап, не істерін білмей дал болған әйел газетіміз арқылы «Психолог бұрышы» айдарынан кеңес сұрайды. Оқырманымыздың хикаясын оқыған «REFRAME» Тұлғалық дамыту орталығының маманы Қаракөз Қадырбекқызы Момбаева пікір берді. Соны қаз қалпында жариялап отырмыз.

… Адамның бақыты, негізінен отбасына байланысты. Адамның соры да көбіне сол отбасылық өмірдің оңды болмауынан туындап жатады. Отбасын айрандай ұйытатын ең жақсы адамдық сипат бар, ол сенім. Шынайы сенім – ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген сүйіспеншілігін арттырып, өмірдің дүлей толқындары мен бұрқасындарынан аман алып өтеді. Олардың бір-біріне сенімі, өз болашақтарына деген сенімі! Ал сенім қашан да тәуекелден тұрады. «Тәуекел деген – жел қайық, өтесің де шығасың»,-дегендей, « … Ішімде бір қорқыныш болса да ол адамға сендім, алайда бәрі мен ойлағандай болмады, күйеуімнің мінезі қатты өзгерді. Өз баласына жанын беруге дайын. Бірақ менің баламды әлі күнге қабылдай алмады … » деп редакцияға жазған хатыңызды оқып, жан-дүниеңіздің күйзеліске түскенін, уайым, түрлі сауалдар мазалап, қандай шешім қабылдарыңызды білмей, екіұдай күйге түсіп, тыныштықтан айырғанын байқадым және психологтың көмегіне жүгінгеніңізді дұрыс деп таптым. Тіпті ажырасуға да шешіміңіз дайын тұр екен.
Соңғы кезде, ажырасу бойынша психологиялық кеңес алуға келетіндердің саны артты. Бір-біріне деген сезімінің, сенімінің әлсірегенін сөз етеді, ал сол бастапқы ғашықтық сезімді аялау, сыйлау, сертке беріктік, балалардың алдындағы жауапкершілік үшін қандай іс-әрекетке барды, қандай құрбандыққа барды? Жауап жоқ. Әйел қаншама шыдамды, төзімді болғанымен, отбасында сүйеуші, қуаттаушы адамы болуына мұқтаж. Ерінен өзін қорғауды күтеді. Өмірде ешқашан өзіңді алдамау керек, өзіңді алдап өмір сүргеннен артық бақытсыздық жоқ. Өзіңді алдап ешқашан жаныңа тыныштық таба алмайсың, алға қадам баса алмайсың … Сондықтан ақты – ақ, қараны – қара, — деп айтып үйрену қажет. «Үйлену – оңай, үй болу – қиын». Отбасы мәселелерін шешу терең білім мен біліктілікпен қатар, тәжірибені талап етеді, себебі мұнда балалардың тағдыры шешілмек.
Психологиялық қызметімді ерлі-зайыптыларды ажырастырмай, оларды қайта қосуға бағыттаймын. Отбасында бала болса, қандай жағдайлар орын алса да (берген серттен тайқу, жауапкершілікті сезінбеу, жұмыссыздық, араққа, нашаға, құмар ойындарға тәуелділік, көзге шөп салу және т.б.), қайткенде де отбасын сақтап қалуға тырысамын. Ал енді, отбасында бала болмаса, кейде ажырасуға тура келетін жағдайлар да болады.
Хат егесіне нақты айтарым, Серігіңіз сізді қанша жерден ерекше сыйлап, құрметтесе де, балаңызды қабылдамауы – психологиялық зорлық-зомбылыққа жатады. Ананың бақыты – перзентімен тікелей байланысты. Әйелдің бұл үмітінің ақталмауы, ерлі-зайыптылар арасындағы байланысты шиеленістіреді. Отбасының берекесі қашып, іргесі шайқалады.
Бұл мәселені, тілек пен талапты эмоцияға берілмей (дауыс көтеріп, дау-дамай туғызбай), сабырмен «дұрыс» түсіндіру арқылы шешуге болады:
– Оған қарсы баға берудің орнына өз сезімдеріңізді айтыңыз. Мысалы, «Сен мені алдадың» дегеннің орнына «Мен өзімді алданғандай сезініп тұрмын» деңіз.
– Күйеуіңізге сыйластық сезіміңізді білдіре отырып, оның балаңызды қабылдамайтынын сезінуден, қатты қиналатындығыңызды айтыңыз.
– Бұл жағдайда менің орнымда болсаң, қандай шешім қабылдар едің?-деп сұраңыз, жауабын сабырмен тыңдаңыз.
Егер арадағы қарым-қатынасты дұрыс сақтасаңыз, мәселе оң шешімін табады.
– Мәселе шешілген соң, қуанышты сезіміңізді білдіріңіз.
Егер балаларыңыздың бір-біріне деген ағалы-інілі махаббатын көргіңіз келсе, уақытты өткізбей, қалаған өміріңізді өз қолыңызбен жасаңыз.

АЖЫРАСУ ТУРАЛЫ ТІПТЕН ОЙЛАМАҢЫЗ!

Ажырасу арқылы, балаларыңыздың басына орны толмас ауыртпалық түсіресіз. Оларға бұл терең психологиялық күйзеліс, психикасына да теріс әсер етеді. Шын мәнінде балалар ана мен әкеге мұқтаж.

Болашаққа қадам басып, алға жылжудан ешқашан қорықпаңыз. Белгілі бір жетістікке қол жеткізгіңіз келсе, алдыңызға мақсат, міндет, талап қоя біліңіз, артқа қарайламаңыз, жалтақтамаңыз. Әрбір қиындық болған жерде жеңілдік те қатар жүреді.
Өмірде өзгермейтін, бұлжымайтын бір қалыптылық деген жоқ. Өйткені бақыттылық сезімі жанға барлық уақытта берілетін күй емес. Бақыт баста тұрғанда байқалмайды. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ, қолдан шығып кеткен соң, өкіндім-ай!» деп кейде күйініп жатамыз.
МӘСЕЛЕ – ТҮБІН ОЙЛАУДА, АЗ ҚИЫНДЫҚҚА АСЫЛ МҰРАТЫҢДЫ АЙЫРБАСТАМАУДА.
(… Хат егесінің ата-анасынан ерте айырылуы, жүкті кезінде болашақ жарынан айрылуы, асыраушысы әжесінен айрылуы, баласының денсаулығына алаңдауы, оны ұзақ емдетуі … екінші рет тұрмысқа шығып, сенімінің ақталмауы және т.б. тағдыр тауқыметін басынан кешіргені – жанына түскен үлкен психологиялық жарақат. Ол психологтың жеке қабылдауына жазылғаны абзал, онда әлеуметтік-психологиялық қолдау мен психикалық саулығын орнына келтіру бойынша қызмет көрсетіледі)

Жанерке Хумар

«Оңтүстік Рабат», №13-14, 1 сәуір 2020 ж