Шымкентте көп қабатты тұрғын үйлер жаппай дезинфекцияланып жатыр. Залалсыздандыру жұмыстары бүгін Әл Фараби ауданында жалғасты. Мамандар жертөлелерден бастап аулаларға дейін дәрілеп, қауіпті індеттің таралуын алдын алды.

Тәуке хан көшесі бойындағы көпқабатты тұрғын үйлер түгелдей залалсыздандырылды. Дерт індеткен сайын аулада адам аяғы да сиреген. Мобильді топ аптасына бір рет мұнда аулалардан бастап жертөлелерге дейін дәрілеп отырады. Зиянкестерге қарсы залалсыздандыру жұмыстары да қатар жүргізіліп келеді.

Әл Фараби ауданында 700-ге жуық көпқабатты тұрғын үй мен 15 мыңнан астам жеке баспана бар. Мамандар оларды кезегімен дезинфекциялап отырады. Билік өкілдері залалсыздандыру шараларының сапалы әрі ұдайы жүргізілуі қауіпті індеттің дендеп кетпеуін алдын алуға сеп болады дейді.

Айта кетейік, бүгінде 200-ге жуық әскери қызметкер мен 100-ден астам жұмысшы қоғамдық орындар мен саябақтарды, аялдамаларды, аяқжолдарды залалсыздандыруға​ жұмылдырылған. Химиялық өңдеу шаралары карантин аяқталғанша жалғасады.

Мақпал Рысбаева