«Ініміз әйелінен ажырасып, сүйгеніне қосылды»

220

«Махаббат ұлтқа, жасқа қарамайды». Шынайы сезім, шынайы махаббат бәрін жеңеді. Ондай сәтке куә болсаңыз тек қолдау көрсетіңіз, деген келесі кейіпкеріміз інісінің басынан өткен оқиғасын айтып, хат жолдапты. Оқып, қажетін көкейіңізге түйіп аларсыз.

Сәлеметсіздер ме? Інімнің басынан өткен тағдырын баяндаймын.
Отбасымызда әкемізден кейін қара шаңырақ иесі саналатын жалғыз ұл болды. Әпкем екеуіміздің жалғыз ініміз. Әкеміз інімізге «Ұрпақ жалғастырушым» деп өте жақсы қарайтын. Анам да ұлы десе ішкен асын жерге қоюшы еді. Біздің де ол дегенде шығар жанымыз басқа тұғын.
Әлпештеп өсірдік. Әке-шешем ол не айтса соны орындауға тырысатын. Киімнің жақсысын ініміз киді, астың дәмдісін де соның алдына қойдық. Бұл үшін біз — екі қыз ешқашан ренжімедік. Солай болу керек деп түсіндік. Өйткені ол – жалғыз ұл. Ер азамат. Шаңырақтың иесі. Ұрпақ жалғастырушы.
Анам ол мектеп қабырғасында жүрген кезінен жақсы келін іздестіретін. Інімізбен тетелес қызы бар отбасының барлығын білетін. Ауылдағы әрине. «Пәленшенің қызы бізге келін болуға әбден лайық екен, Түгеншенің қызы керісінше болмайды» деген сиқты әңгімесін айтатын. Біз таңдауды ініміздің өз еркіне салу керек екенін айтып, күліп отыра беретінбіз.
Уақыты келіп, әпкем екеуіміз де бой жетіп, құтты орнымызға қондық. Ата-анамыз бізді ешкімнен кем келмай ұзатты. Ендігі бар арманы – ұлдарын үйлендіріп, жақсы келінді болып, немере сүю еді.
Алайда үлкен үміт күткен бір түйіріміз студент кезінде басқа ұлттың қызымен көңіл жарастырып, сол қызды жар етіп алу мақсатында жүргенін әпкем екеуімізге айтты. Ата-анамызды көндіріп, бізден өз шешімін қолдауымызды өтінді. Бұл жағдайды екеуі де дұрыс қабылдамайтынын айтып, ойынан бас тартуын сұрадық. Ақылмен түсіндіріп айттық, ұрыстық, бәрібір ол тыңдамады.
Өзі айтатынын айтты. Оның мінезі дүңк еді. Бірден аспаннан жай түскендей қойып қалады. Ондай жағдайда анамыздың жүрегі ұстап қалуы мүмкін.
Ақыры айтқанынан қайтпайтынына көзіміз жеткен соң, бұл жаңалықты ата-анамызға біз екі қыз жеткізбекші болып келістік.
Бәрі біз күткенен бетер болды. Бұл жаңалық анамызға, әсіресе әкемізге қатты ауыр тиді. Мүлдем қарсы екенін айтты.
«Егер ол қызды алып келетін болса, бізді ата-анамыз деп танымасын» деді. Ел-жұрттан ұят болатынын, олардың бетіне қарай алмай қалатындарын айтты. Ең бастысы «ұрпағымыздың қаны таза болмайды» деп шырылдады. Анамның қан қысымы көтеріліп, ауруханаға жатып қалды. Осылайша үйдегі тыныш өмірлерінің астан-кестеңі шықты.
Әкеміз бен шешеміз бұл некеге ешқандай разылығын бермейтіндерін кесіп айтты. Ініміз «оның қазақшасы тап-таза, мен үшін ислам дінін де қабылдаған, сендерге өте жақсы келін болады, тым болмаса бір рет танысып көріңдер» деген сөзін құлақтарына да ілген жоқ.
Анам төсек тартып жатып қалды да әкеміз ұлының бетіне қарамай қойды.
Осы жағдайдан кейін ініміз: «сендер қалаған қызды аламын, бірақ одан кейін менің жеке өміріме араласушы болмаңдар» деп ол да соңғы шешімін айтты.
Үлкендер жағы «махаббат» деген ештеңе шешпейтінін, махаббат деген отбасын құрып, балалы болған соң ғана пайда болатынын алға тартты. Ініміздің бұл шешіміне әкеміз де анамыз да разы болды.
Дүркіретіп беташарын да, той да жасадық. Бірақ бауырым бақытсыз еді. Оның көзінен бәрі көрініп тұратын. Жар етіп алған қызы, кімнің қызы, не істейді, неше жаста екеніне еш қызықпады. Әпкем екеуміз анамызға айтқанда басында осылай болып, соңында бәрі түзеліп кететініне сенімді болды.
Неге екенін қайдам, мен сенбедім. Бұл некенің соңы жақсылықпен аяқталмайтынын ішім сезді. Той, құдалық бәрі болды. Бірақ ініміз үйге қонбайтынды шығарды. Әйелімен де көп сөйлеспейді. Күн санап, көз алдымызда шөгіп бара жатқандай әсер болды. Әйелі де бақытсыз. Ол қайтсін? Ол да әке-шешесі «кімге ти» десе, соған тиген бір бейбақ.
Ата-ананың жасаған шешімі екі жасты бақытсыз қылды. Анама бәрі кеш болмай тұрғанда екеуіне еркіндік беріңіз деген сөзімізді тыңдамады. Уақыт өте келе бәрі жақсы болатынына сенімді еді. Дегенмен сеніміне селкеу түсті.
Ініміздің отбасы ата-анам ойлағандай бақытты болған жоқ. Әйеліне қол жұмсамады. Тек қана елемей қойды. «Немере сүйгім келеді» деп қақсай бергендіктен болар аяғы да ауырлады. Бірақ ол да адам баласы ғой. Қашанғы шыдасын?!
Бір күні заттарын жинап кетті де қалды. Оны алып келуге барған анамды да кері қайтарған. Баласының өзін мүлдем жақсы көрмейтінін, оның да, өзінің де бақытсыз екендігін айтқан. Бұл бақытсыздық жалғаса берсе, түбі жақсы болмайтынын, екеудің біреуі бұл шешімді қабылдамаса соңы жақсылыққа апармайтынын айтыпты. Біз де келіннің сөзін қолдадық. Әкеміз бен анамызды сабырға шақырдық. Ініміздің сүйгеніне қосылуына осы жолы да кедергі келтірмеулерін сұрап, жалындық.
Анам «ортада бала қалып барады, оған не болады» деген сөзіне, інім: «өзім қараймын, менің сүйгенім оған да анасындай қарайды» деп сенімді айтты. Бірақ бәрі ініміз ойлағандай да оңай бола салмады. Баланың анасы әрине одан бас тартпайтынын, бере салмайтынын, бала өзінің жанында анасының қолында өсетінін жеткізді.
Осылайша, арадан тағы 6 айдай уақыт өткен соң, біз тағы да тойға дайындалдық. Бұл жолы үлкен той емес, кішігірім ғана той жасадық. Оған ренжіген жастар жоқ. Інімнің сүйгені ол үйленген соң, мүлдем араласпай, кезікпей қойған екен. Енді отбасылы адам екенін айтып, өзіне тыныштық беруін сұраған. Бірақ ініміз ажырасқан соң, қазақи дәстүрге салып, оны алып қашқан. Алғашында ашуланғанымен соңынан ол да разы болды.
Құдай-ау басқа ұлт деуге келмейді. Қазақшасы бізден де жақсы ма дерсің?! Алдымызда иіліп тұрады. Інімді жақсы көргені соншалық, ұлтымыздың әдет-ғұрып және салт-дәстүрін бәрін біліп алған. Үлкеннің алдынан кесе-көлденең өтпейді. Басынан орамалын тастамайды.
Анам біраз уақыт бойы оған қырың қарап жүрді. Жылы қабақ танытпады. Уақыт өте келе оның да көңілін тауып алды. Інімнің тұңғышы үйге келіп тұрады. Оған да өз баласындай қарайды. Өз балаларынан айырған емес. Біздің бар ойымыз – тұңғыш немеренің анасы бақытты болып кетсе екен деген тілек еді. Шүкір ол да 2 жылдан кейін өз бақытын тапты.
Айтайын дегенім – шынайы махаббатқа сенейік, адамдардың таңдауына құрметпен қарайық.
Бір кездері жасаған ағат шешімдері үшін ата-анамыз да өкінеді. Дегенмен, соңы жақсы аяқталды.
Сезімге, таңдауға, махаббатқа құрмет көрсетіңіздер. Ең бастысы жақыныңызға сіздің қолдауыңыз керек.

Жанерке Хумар

«Оңтүстік Рабат», №13-14, 1 сәуір 2020