КАРАНТИН. ҮЙДЕМІЗ. НЕ ЕГЕМІЗ?

97

Биылғы көктем бәрімізді үйден шығармай, төрт қабырға, бар аулаға қамап қойды. «Коронавирус жұғып кетпесін» деп сақтанып, үйімізде отырмыз. Осындайда көпқабатты үй тұрғындарына қиын тиері анық. Жер үйде тұратын отбасылар ауласында қарекет жасап, бел жазып, қимылдап-ақ жатады. Әсіресе, бау-бақша қамын күйттеген жанға тыным жоқ. Ендеше бау-бақшаңыз жайқалып, мол өнім берсін десеңіз, төмендегі кеңестерге құлақ түріңіз…

ДАЙЫНДЫҚ ТАЗАЛЫҚТАН БАСТАЛАДЫ!

Бау-бақша қамына кіріссеңіз, жемісті болсын дейміз! Көпжылдық тәжірибесі бар бағбан Әбсаттар Мұхамеджан сәуір айы күшіне енбейінше, жер толығымен кеппейтінін айтады. Ол жердің кепкенін күтіп, қол қусырып отырмай, бау-бақшаның тазалығымен айналысуға кеңес береді. Былтырдан қалған шіріген жапырақтар, шашылған сабанды, сынған ағаш, артық қоқысты жинастырыңыз. Жас арамшөптер тамыр жайып үлгермегенше жұлып тастау керек.
– Бұл мезгіл — көпжылдық жеміс ағаштардың, тал-дарақтардың түбін түптеуге, топырағын жаңалауға және тыңайтуға қолайлы кез. Қыста үсік шалған бұтақтардың ұшын және ескі шыбықтарды қырқып тастау керек. Мәселен, қарлығаның (крыжовник) жас өскіндері қырқылады. Олар бұтаның ортасынан өседі. Ал жан-жағынан өсетін өркендерді қалдырған жөн. Қызыл және ақ қарақатқа келетін болсақ, олардың бұтасының жоғарғы тұсын кесуге болмайды. Ескі шыбықтары мен жапырақтарын алып тастаса жеткілікті,- дейді Әбсаттар Мұхамеджан.

ЖЕРДІ ДАЙЫНДАУ!

Сонымен, бау-бақшаңызды қоқыстан тазалап, көп жылдық ағаш-дарақтарыңызды қырқып болсаңыз, енді жас жеміс ағаштары мен көкөністерді егетін жердің дайындығына кірісуге де болады.
Агроном Гүлнар Абишева жерді аударуға ең қолайлы кез күннің екінші жартысы екенін айтады.
— Негізінде жерді күзде дайындап, аударып қою керек. Ал көктемде топырақ қайта қызылады. Өсіп шыққан жас арамшөптерден тазартылып, жүйектеледі немесе атыз жасалады. Бірақ, көп жағдайда жұрттар жерді көктемде аударады. Мұндайда жерді күннің екінші жартысында аударған жөн. Себебі, оған дейін жердің беткі қабаты қызып үлгереді. Ал аудару арқылы топырақтың астыңғы қабаты да жыли түседі.
Жүйек егу алдын 3-5 күн бұрын дайындайды. Ал егу күні топырақ тырмамен бір қопсытылады.

ТОПЫРАҚТЫ ТЫҢАЙТУ КЕРЕК!

Өсімдіктерді түрлі әдістермен егуге болатыны баршаға аян. Бірақ бағбандар үшін ең бастысы – өнімділік. Еткен еңбегі еш кетпей мол өнім жинағысы келеді. Алайда мұндайға тыңайтқышсыз қол жетпейтіні анық. Әсіресе, біздің өңір де солай. Себебі, оңтүстік өңіріндегі топырағының құнары төмен. Құрамында нәрлі заттар аз. Көбіне саз топырақты болып келеді. Ал егістік үшін қолайлысы – ылғал жер. Сондықтан да, Гүлнар Абишева мынадай кеңес ұсынады:
Жасынды тыңайтқыш. Бұл өнімділікті арттырудың ең тиімді жолы. Ол топырақтың астындағы ылғалдылықты сақтап, тамырды қоректендіреді.
Көң. Бұл да жасанды тыңайтқыш секілді ылғал сақтайды. Тамырды азотпен қоректендіреді, тыныстауына жағдай жасайды.
Құм. Сазды топырақтың дренажды қасиетін жақсартады, судың борсып кетуін болдырмайды.
Әк, бор, ағаш күлі. Жүйекті дайындау кезінде осы аталған заттардың бірін қолдансаңыз, топырақтағы қышқыл мөлшері азаяды.
Ағаш жоңқасы. Дренаждық қасиетке ие, тамырға ауаның жетуін қамтамасыз етеді.

СӘУІРДЕ НЕ ЕГУГЕ БОЛАДЫ?

Айдың соңында жердің беті әбден қызады. Бірақ, түн әлі де суық болуы мүмкін. Бұл кезде түнгі суықтан қорықпайтын көкөністерді егуге әбден болады. Олардың қатарында: сәбіз, шалғам (редис), салат жапырақтары, пияз, аскөк (укроп), балдыркөк (сельдерей), сарымсақ бар. Мамыр айына дейін екпелерді үлдірмен (пленка) жапқан жөн.
Гүлдерді алғашқы өскіндер шықпайынша алмау керек. Тек су құйғанда ғана уақытша ашуға болады. Топырақ 8-10 градусқа қызғанда қызылша, қырыққабат, болгар бұрышы, баялды (баклажан), картопты егуге болады екен. Егу алдында картоптың түйнегі болуы шарт.
Бау-бақша жиналды, тал-дарақ кесілді, жер аударылып, атыздар тыңайтылды. тіпті, алғашқы көкөністер де егілді. Бұл істің басы ғана. Енді соның барлығына күтім жасау керек. Уақытында суғарып, түтерін қопсыту қажет. Арамшөптерден тазартып, зиянкестерден қорғау үшін түрлі препараттармен өңдеуді ұмытпаған жөн.
Жалқаулықпен дос болмай, мамандардың кеңесін орындасаңыз, жақсы өнім жинап өзіңізді де жақындарыңызды да қуантасыз. Еңбегіңіз жемісті болсын, оқырман!

Дайындаған -Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №13-14, 1 сәуір 2020 ж