Мақтаарал ауданында 4 азаматтан коронавирус індеті анықталды

163
фото inform.kz

 

Соңғы ақпаратқа сәйкес, Түркістан облысында коронавирус індетін жұқтырған тағы 7 адам тіркелді. Жалпы саны өңірде 23 адамда коронавирус індеті расталды. Жетісай ауданының 1956 жылғы тұрғыны коронавирус инфекциясынан 4 сәуір күні қайтыс болды.

Қазіргі таңда Жетісай ауданында — 11, Мақтаарал ауданында — 4, Кентау қаласында — 2, Сайрам ауданында — 2, Арыс қаласында — 1, Ордабасы ауданында — 1, Сарыағаш ауданында — 1 адамнан вирус анықталды.

Мақтаарал ауданындағы вирус жұқтырған 4 азамат та Жетісай ауданындағы науқастармен байланыста болған. Дертке шалдыққандар қазіргі уақытта оқшауланып, ем қабылдауда.Аталған азаматтармен байланыста болғандарды анықтап, оқшаулау жұмыстары қатаң түрде жүргізілуде.

Жалпы Мақтаарал ауданында коронавирусқа шалдыққан 4 азамат та Атакент кентінің тұрғындары екенін айта кету керек. Осыған орай, кенттегі бірнеше көше карантинге алынып, толықтай жабылды. Қазіргі таңда кентте дезинфекция жұмыстары жоғары деңгейде жүріп жатыр. Сондай-ақ, басқа да сақтану шаралары қолға алынуда.

«Құрметті атакенттіктер! Атакент кентінен коронавирус індетіне шалдыққан тұрғындардың анықталуына байланысты кенттегі Н.Төреқұлов пен Пушкин көшелері карантинге жабылғанын хабарлаймыз. Сондықтан, көшеге шықпаңыздар! Отбасының әрбір мүшесінің, соның ішінде кәмелетке толмаған балалардың үйде болуын, көшеге шықпауын қадағалаңыздар! Карантин режимін бұзғандар қолданыстағы заңдар аясында жауапқа тартылатынын ескертеміз!» — деді Атакент кентінің әкімі Сламхан Азимов.