Мемлекеттік мекемелер тендерде тауар бағасын не үшін жоғары етіп көрсеткен?

196

Шымкент қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті мемлекеттік мекемелердің тендер арқылы сатып алынатын заттардың бағасын асыра көрсеткенін анықтады. Мысалы, қашықтан оқытуға қажет деп мектептер екі миллиард теңгеге жуық қаржыға 7 мыңнан астам компьютер сатып алмақ болған. Сараптай келе, әр тениканың құны орта есеппен 50 мың теңгеге асыра көрсетілгені анықталды. Яғни қашықтан оқытудың сылтауымен бюджеттің 362 миллион теңгесі ысырап бола жаздаған. Бұл тізімде қаладағы өзге де басқармалар мен департаменттер де бар.

Шымкент қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы зәру болмаса да, 6 млн 300 мың теңгеге «Apple» және «іPad» танымал сауда белгісімен шыққан 10 смартфон мен 4 планшет сатып алуды жоспарлаған. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаменті принтерге арналған картридждерді нарықтағыдан 7 есе жоғары бағамен сатып алуға дайын екенін хабарлаған.

Талғар Серікбаев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаменті  бастығының бірінші орынбасары: «Біздің ұсыныстарымыздың нәтижесінде 35 мың теңгеден (1 бірлік үшін) бағаланатын 10 картридж және 13 мың теңгеден (1 бірлік үшін) бағаланатын 65 бірлік картридж 4,6 мың теңгеден сатып алынды».

Коррупцияға қарсы департамент мемлекеттік сатып алуды қадағалау кезінде қала мектептері жариялаған тендерде тауар бағасын асырып көрсету фактілерін де анықтаған. Білім ұялары қашықтан оқытуды желеу етіп, екі миллиард теңгеге жуық қаржыға 7 мыңнан астам компьютер сатып алмақ болған. Онда әр техниканың құны орта есеппен 50 мың теңгеге асыра көрсетіліпті.

 

Талғар Серікбаев

«Веб-порталдың нақты деректері сатып алу бағасын көтеру тәуекелдері бөлігінде стандартты бағадан 15-20 пайыздан астам ауытқуларды, ал жекелеген жағдайларда 100 пайызға және одан да жоғары көрсеткіштерді көрсетті. Осыған байланысты Департаментпен әкімдікке қаланың орта мектептері үшін сатып алуды қайта қарауды және техниканың бірыңғай құнын бекіту туралы хаттар жолданды. Біздің ұсыныстарымыздан кейін 1 дана компьютер құны 250 мыңнан 184 мың теңгеге дейін (яғни 50-70 мың теңгеге) төмендетілді. Осы мемлекеттік сатып алулар бойынша үнемделген бюджеттік қаражат 361,2 млн. (361 155 751) теңгені құрады», – дейді Талғар Әбдінәбиұлы.

Абай аудандық әкімдігі Жеңіс күніне арналған мерекелік іс-шараларға 1 млн 300 мың теңге бөлген. Қаржыны үнемдеу туралы ұсыныс-ескертпеден кейін әкімдік жоспарлаған шараны өткізуден бас тартыпты. Сондай-ақ, Асқаров атындағы Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағында мемлекеттік сатып алу тоқтатылып, 58 миллион теңгеге жуық қаржы қазынаға кері қайтарылған.

Талғар Серікбаев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаменті  бастығының бірінші орынбасары:»Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына бағынысты ұйым аумағында орналастырылғанына қарамастан, 57,2 млн. теңге сомасына жиналмалы металл дәретханалар (7 бірлік) және туннельді жылыжайлар (1 бірлік) сатып алуды жоспарлаған. Біздің сатып алу бағасын бір бірлігіне 5,3 млн.теңгеден 850 мың теңгеге дейін төмендету туралы ұсыныстарымыздың нәтижесінде дендропарк сатып алудан мүлдем бас тартып, ал бөлінген қаржы толық көлемде қалалық бюджетке қайтарылды».

Шымкенттегі медициналық ұйымдарына 68 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Темірхан Варзилов бөлінген қаржының қалай жұмсалғанын айтып өтті.

«Бүгінде бұл қаржыға қажеттіліктер алынып, толығымен игерілді. Жұқпалы аурулар ауруханасында да 2 айлық қор 13 миллион теңгеден астам қаржыға жасақталып қойды. 19 блок-бекеттегі ақ халаттылар да арнайы қорғаныш-киімдерді киіп, барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етілуде. Бұған қосымша жергілікті әкімдік жұқпалы аурулар ауруханасына 15 төсек-орын жасақтап, ондағы техникалық база, медициналық қондырғылар үшін 770 миллион теңге ақша бөлді», – деді Темірхан Варзилов.

Мемлекеттік сатып алу мониторингі бойынша жүргізілген жұмыстар барысында Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментімен барлығы 427 миллион теңгеден астам бюджет қаражаты үнемделіп отыр. Құзырлылар алдағы уақытта қазына қаржысын жымқырған немесе қалтасына басуды көздеп жүргендермен күресуді өзге де тың тәсілдермен жалғастыратынын жеткізді.

Мөлдір Бекеева