«Қайтпас-1» шағынауданында бір апта бойы жарық болмаған. Бұл мәселе жұртты екі жылдан бері мезі етіп келеді. Ақбаев көшесіндегілер әлі де үнсіз отыра берер ма еді, егер онлайн оқу болмаса.
Әлсіз жарықтың кесірінен осыған дейін теледидар мен тоңазытқышынан айырылған ел енді балалары білімнен қағыла ма деп қорқады. Мұны айтып әкімдікке арызданғанымен ондағылар жарытып жауап бермепті.
«Қайтпас-1» шағынауданындағы Ақбаев көшесінің тұрғындары онлайн оқу басталғалы осылай қамданып жүреді. Себебі мұндағы тұрғындар екі күннің бірінде жарықсыз отырады. Ал, соңғы аптадағы ауа-райының құбылуы оларды тіпті түнекте қалдырған. Салдарынан онлайн оқып жүрген балалары сабақтан қалып, мұғалімдер жарық іздеп жан-жаққа кеткен.
Тұрғындардың алды бұл көшеге 20 жыл бұрын көшіп келген. Кейін көршілерімен бірлесіп, бағана қондырып, сым тартқан. Өз қалталарынан жарық қондырғысын орнатқан олар барлығын жауапты мекемеге тапсырдық дейді. Бірақ, оның кімнің қарамағында қалғанын өздері білмей жүр. Әйтеуір ақысын ай сайын төлейміз деген жұрт әкімдіктің де табалдырығын тоздырғанын айтады.
Тұрғындар тұрмақ көшедегі жарыққа кім қарайтынын әкімдік те білмейді. Коммуналдық жүйе басқармасы мен «Оңтүстік жарық транзит» ЖШС-і аумаққа жауаптыларды іздеуге кіріскен. Ал, білім басқармасының басшысы жарықтың сөнуі оқушыларға еш кесірін тигізбегеніне сенімді.
Жанат Тәжиева тіпті соңғы аптада шымкенттік оқушылардың онлайн білім алуда топ жарғанын айтады. Оны «Білім ландтың» статистикасы көрсеткен. Белгілі болғандай қаладағы жарықтың сөнуінен өткен аптада теледидардан сабақ оқу 72 пайызға азайып, 93 пайыз оқушы интернет арқылы оқуды таңдаған.
Назерке Үкібасова